Алматының сәні жалаңаштанған бикештер ме?

Алматының сәні жалаңаштанған бикештер ме?

Айналаңызға байқап қарасаңыз, қазіргі таңда Алматы жартылай жалаңаш арулардың құшағында тұншығып тұрған тәрізді. Қала көшелерінің көрінісіне көңіл бөлсеңіз, әр бұрышындағы билбордтарда күлім қаққан, жартылай жалаңаш денесін жарқыратқан сұлу қыздар құшақ жая қарсы алады. Төңіректегілерге тәнін тамашалатып тұрған арулар кейде күтпеген жерде алдыңыздан күлімдеп шыға келгенде айналаңыздағы адамдардан ұялғаннан, тіпті, қайда қарайтыныңызды да білмей қаласыз. Сырттай қарағанда, сымбатты жандар тауарды емес, өзінің тәнін жұртқа жарнамалап тұрған тәрізді…

Қазақтың қасиетті жерінде бүгінде ақша үшін ардан аттаған арулар бейнеленген жартылай жалаңаш жар­намалар көбейіп кетті. Халқымыздың ар-ұятқа қайшы жарна­малардағы кейбір ұят көріністер ұлағатты ұлтымыздың жанын жабырқатады. Тұтынушы назарын ау­дарудың, тауар сатудың арам ама­лына айналған әйелдердің жартылай жалаңаш бейнелеріне қоғамның көзі үйренді. Көшедегі билбордтарға бикештердің сүйкімсіз суреттерін салып қою сәнге айналып, бойымызға жаман әдет болып жабысты. Батыстың бой­жеткендері кез-келген тауарды ақша үшін жарыса жалаңаштанып жар­намалауды жаман әдетке айнал­дырды. Қаламыздағы ірі сауда ойын-сауық орталықтары қабырғаларын иіссулар мен киім-кешектердің жар­намасындағы ашық-шашық тұр­ған 24бойжеткендердің бейнелерімен бе­зендіріп қоюды ешқандай әбестік санамайды. Жалаңаштануды жаны жақсы көретін жарнамадағы қыздар көшеде асығып бара жатқан адамды да өздеріне бір қаратпай қоймайды. Алғашқы кездері көзімізге ерсі көрінген билбордтардағы бойжет­кендер қазір қаламыздың қақ ортасындағы көшелерде баршаға бойындағы бар байлығын көрсетіп емін-еркін тұра беретін болды. Бүгінгі кезде баршаның назарын өздеріне аударған жарнамалардағы қыздардың құйтырқы қылығы қазір ешкімді де таңқалдырмайды.

1924 жылы жарнама бизнесінің негізін салған американдық Джордж Баттен: «Жарнаманың қандай бол­ғаны маңызды емес, ең бастысы, тұтынушы оған назар аударып, тауарды алғысы немесе көрсетілген қызметті пайдаланғысы келетіні маңызды» деп жазған екен. Бір қызығы, қазіргі кезде бұл жарнама атаулының басты қағидасына айнал­ған іспетті. Сатылатын затты қалай жарнамаласаңыз да өз еркіңізде. Әйтеуір, тауарыңыз өтсе, саудаңыз жүрсе болғаны. Бұл – бүгінгі нарық заманының заңы. Айта кетерлігі, ұятты жерлерін көпшілікке көрсетуді ұнататын көрікті келіншектер сауданы қыздырудың, адам шақырудың тиімді тәсілі болды. Ашық-шашық киінген сыланған сұлулардың тәні сауданың сәні болды. Әйелдер әшекейін, иіссуын, көлік майын, қарапайым сыраны, тіпті, шайнайтын сағызды жарнамаласақ та әйелдерді жартылай жалаңаштап, қыз бен жігітті құшақтастырып, сүйістіріп қоюды теріс тірлік деп санамайтын күнге жеттік. Теледидардан жиі көрсетілетін Эклипс сағызы мен әртүрлі әтірлердің жарнамалары жастарымыздың жандүниесін улағаны соншалық, олар күндіздің өзінде қоғамдық орындарда құшақтасып, сүйісіп тұрудан еш қымсынбайтын әдепсіз әдет шығарды. Жақсылыққа жатпайтын жат қылықтарды жастар, міне, осындай жағымсыз жарнамалар арқылы жұқтыруда. Біле білсек, қазіргі қоғамда әйел зорлаудың, жетімдердің көбеюінің, жезөкшелердің саны артуының, қыздар арасында түсік жасату көрсеткішінің көбейгеніне көшелердегі рухани кеселге айналған жарнамалар себеп болып жүргені сөзсіз.

Р.S. Жақында Мұхамеджан Тазабековтің «Инстаграмдағы» парақшасынан «Бір ұлтты жою үшін оның әйелдерін бұзу керек. Сонда олар нағыз батырларды тәрбиелей алмайды» деген қанатты сөзін оқыдым. Парасатты пікір. Міне, осы бір оймақтай ой ұлтымыздың ұрпағын жалғайтын болашақ аналарымыздың жадында мәңгі жүрсе екен. Айдай аруларымызды арамдыққа жетелеген жарнамалардағы жалаңаштардан аяулы Алматыны құтқаруымыз қажет.

 

ТАҚЫРЫПҚА ОРАЙ

Исраил САПАРБАЙ,

ақын, сазгер, драматург:

Жиіркенішті жарнамалар – тасада тұрып тас атқандардың тірлігі

– Алматы көшелеріндегі ұлттық болмысымызға, қанымызға және жанымызға жат жағымсыз жарнамаларды күнде көріп жүрмін. Көрмейін десең, амал жоқ. Қазіргі таңда бұған көпшіліктің көзі үйреніп, еті өліп кетті. Көшелерде күннен-күнге жиіркенішті жарнамалар көбейіп бара жатыр. Көрікті көшелердегі жүректі айнытатын әдепсіз жарнамаларды жыртып тастауға қолым жетпейді.

Қазақтың әдемі қызы бейнеленген «Золотой базар» жарнамасын қаламыздың орталығындағы көшелерден күнде кездестіреміз. Сонда қазақтың қызы қара базарға түсіп жатқаны ма? Осы бір ғана суретте қазақтың қызын саудаға салып жатырмыз, алыңыздар деп айтылғанын ешкім аңғармайды. Өкініштісі, сол жарнаманың астарына көпшілік үңілмейді, мағынасын түсінбейді. Тіпті, жарнамада бейнеленген бойжет­кеннің өзі оның тереңде жатқан түпкі мағынасын аңғармауы мүмкін, қақпанға түсіп қалғанын сезбеуі мүмкін. Көкірек көзімен қарасақ, құдды бір қара базарда қазақтың қызын күң сияқты сатып жатқан тәрізді. Қалтасы қалыңдарға ерік беріп қоймай, олардың тексіз тірліктерін тыйып тастау қажет. Осыдан біраз уақыт бұрын Жандосов көшесінің бойындағы стоматологиялардың біріне астыңғы жағына «Процедура принимается лежа» деп жазылған, ал, үстіңгі жағына «Жатқызып қойып жасаймыз» деп жазып қойған екен. Көшедегі бұл масқара жазуды әрең алғызып тастадым.

Келеңсіз көріністер бейнеленген билбордтардың көбеюі – тасада тұрып тас атқандардың тірлігі, сүттей ұйып отырған елді ірітудің арам амалы. Олардың көздеген пиғылы – өз жерімізде тұқымымызды тұздай құрту. Бұл – ақпараттық соғыс, мылтықсыз майдан. Өзімізді-өзіміз қорғамасақ, қор боламыз. Осы уақытқа дейін бұл мәселе туралы талай жаздық, талай айттық. Бірақ, бұған құлақ асқан тірі жан болмады. Бұдан ешқандай нәтиже шықпады. Айтқан сөзіміздің бәрі далада қалды. Батыстың батпағы мен быламығы қашанғы қазаққа таңсық бола береді? Бұл мәселемен Мәдениет министрлігі, Тіл басқармасы мен «Алматыжарнама» күресуі керек. Бұл тұрғыда БАҚ қоғамда жағымсыз жарнамаларға қарсы ашық түрде күрес жариялауы қажет. Өз бетімен кеткен жөнсіз жарнама иелерін сотқа беру керек.

 

Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы:

Біз мұсылман елі екенімізді ешқашан ұмытпауымыз керек

– Жалпы, жарнама атаулының бір олқылығы – қазақ тіліне әрдайым нашар аударылуы. Бұл барлық жарнамаға тән нәрсе. Қазақшасы ақсаған жарнамалар арқылы мемлекеттік тілімізді тәлкек қылып тұрғандай болып көрінеді. Сондықтан, жарнамаларға мемлекеттік тіл – қазақ тілінің нормативтік-грамматикалық талаптарын қатаң қою керек. Егер оларды орындамаған жағдайда жазалау қажет. Тіл арқылы ұлттың намысына тиюге болмайды. Жарнамалардағы қыз-келіншектердің денесін жартылай жалаңаш көрсетіп қоюы – Батыстан келген порнографияға жасалған бір қадам деп білемін. Бұдан біз өте сақ болуымыз керек. Біз мұсылман елі екенімізді ешқашан ұмытпауымыз қажет. Біле білсек, жөнсіз жарнамалардың жастарға кері тәрбиелік әсері көп. Жарнамаларға жалаңаш қыздарды жабыстырып қою жақсылыққа алып бармайды. Сан ғасырлардан бері сақталып келе жатқан салт-дәстүрімізде әйелдің жалаңаш денесін жұртқа жарқыратып көрсету былай тұрсын, тіпті, үйленген адамдардың өзі әйелінің жалаңаш денесін көрмейтін. Олар қараңғыда ғана елес сияқты көруі мүмкін. Ұлттық дәстүрімізде жарықта әйел денесіне қарау ұят саналады. Міне, осы нәрсе есімізде жүргені жөн. Біздің ұлттық қасиетіміз бүкіл қаланың көшелерінде, ондағы жарнамалардан да көрініп тұруы тиіс. Шынын айтқанда, жалаңаштанған арулардан гөрі киініп тұрған қыз сүйкімді.

 

Асылы ОСМАН,

Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

Адамның жанын ауыртады, жүрегін сыздатады

– Қасиетті қаламыздың көшелеріндегі жарнамалардың адам үлгі-өнеге алатындай, өмірге пайдаланатындай жағымды жақтары өте аз. Жағымсыз жағы басым. Тіпті, кейбір жарнамаларға қарап кейде қайда жүргеніңді білмей қаласың. Жарнамадағы қазақ тіліндегі қаптаған қателер, жартылай жалаңаш қыздар, кейіпкерлердің ашық-шашық киімдері, олардың тұрған тұрысы елін-жерін сүйетін әрбір адамның жанын ауыртады, жүрегін сыздатады. Ал «не болса о болсын» деген адам жарнамаға бір қарап, жанынан күліп өте береді. Жарнамалар жастарды жамандыққа жетелемей, жақсылыққа тәрбиелеуі тиіс. Көшеде жар салған жарнамалардағы әдепсіз көріністер ақ-қараны ажырата алмайтын, танымын да таразылай алмайтын жастардың жанарында сақталып қалады. Сондықтан, жарнамалардағы әрбір сөз бен сурет жағымды жағымен жас ұрпақтың жанында да, жанарында да қалатындай болуы керек. Тәуелсіз еліміздің жас ұрпағын ұлттық рухта тәрбиелеуіміз қажет. Ұлттық құндылықтарымызды ескеруіміз керек. Ұлттың ең құнды дүниесі – жері, тілі, діні, әдебиеті, мәдениеті, салт-дәстүрі мен өнері. Сондықтан, көшедегі жөнсіз жарнамаларды бір жүйеге келтіріп, бар рухани құндылықтарымызды насихаттауымыз керек.

 

Маралтай РАЙЫМБЕК,

Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, ақын:

Ұлт санасын улайды, ұрпақ сезімін лайлайды

– Бұл мәселенің тамыры тереңде жатыр. Қазіргі қоғам әдепсіз әрекеттерді насихаттайтын жарнамаларды қалыпты құбылыс ретінде қабылдай беретін күнге жетті. Кез-келген мемлекеттің осал тұсын осындай жағымсыз дүниелер жаулап алады. Бұл кез-келген қоғамда бар нәрсе. Әрбір қоғам дер кезінде ота жасаған тәрізді өзінің ағзасын, тұла-бойын тазалап тұрғаны абзал. Өркениетті мемлекеттерде мұндай келеңсіз көріністердің көбеюіне жол бермейді. Ата-бабамыздан қалған қасиетті тегіміз бен рухымызды таза сақтап қалуға кері әсер ететін мұндай жарнамаларды қаламыздың көшелеріне ілдірмеу керек. Мұндай келеңсіздіктермен күресу үшін әр елдің ұлттық иммунитеті мықты болуы қажет. Өз ұлтына жаны ашитын, оның болашағын ойлайтын әрбір азамат ұлт санасын улайтын мағынасыз жарнамаларды жоюға үлес қосуы тиіс. Мұндай жағдай қайталанбау үшін заң жүзінде бұл жарнамалардың тамырын қиып отырған жөн. Сонда ғана бұл болашақта баршаға сабақ болады. Олардың орнына ұлттық киімдегі Алпамыс пен Қобыланды батырларымыздың, Қыз Жібек пен Құртқа атты аяулы аруларымыздың бейнелері бар билбордтарды іліп, жанына жырлардағы өлең шумақтарын неге жазып қоймасқа? Оны қоғам жақсы қабылдайтыны күмәнсіз. «Алматы ақшамы» газеті – мың жылдық тарихы бар Алматының айнасы, киелі қаламыздың жанашыры. Егер алып шаһардың бір жерінде кірбің болса, маған «Алматы ақшамы» газетінің бетіне түскен дақ сияқты болып елестейді. Сондықтан, шырайлы шаһарымыздың басты басылымының беті әрқашан тап-таза болып тұру керек.

 

Амантай қажы АСЫЛБЕК:

Адамның иманын әлсіретеді

– Жалпы жарнамаларды қазақ тіліне тікелей мағынасында емес, мазмұнына қарап аударған жөн. Бірақ, өкініштісі, көбінесе бұл ескеріле бермейді. Жарнамаларды қазақ тілінде беру керек. Жарнамалардан әрбір ұлттың бет-бейнесі көрініп тұруы тиіс. Жартылай жалаңаш қыздарды насихаттаған жаман әрі ұят нәрсе. Бұл – асыл дінімізге қарсы мысықтілеулілердің және шайтан ниеттілердің іс-әрекеттері. Көшедегі жалаңаш әйелдер бейнеленген жарнамалар ұлтымыздың намысына тиіп тұр. Жаман жолды насихаттайтын, адамның иманын әлсірететін мұндай жаман нәрселерді заң жүзінде жою керек. Себебі, имансыз мемлекет құлайды.

 

Әлібек БАЙБОЛ,

Халықаралық «Дарабоз» сыйлығының лауреаты, Халықаралық Махмұт Қашқари атындағы сыйлықтың иегері, жас жазушы:

Қазақ жанын үңгіп бара жатқан рухани кесел

– Әлемге әйгілі маркетолог Николай Шустов: «Жарнама – оқығанда немесе көргенде жаныңды жадырататын күшке ие болуы қажет!» – деген болатын. Рас сөз! Яғни, жарнама адамның ішінде төңкеріс, рухани өзгеріс тудыру керек-ті. Егер ондай үдеден шықпаса, онда ол «жарнама» атанбауға тиіс. Тәнін жалаңаштаған аруларды көрсету біздің ел ретінде өскендігімізді емес, керісінше өшкендігімізді айқындай түседі. Билборд, стенд, плакаттарда тәнін жалаңаштағандарды көрсету ұлт намысын жалаңаштаумен тең. Үлкен ұлт болуды жоспарлаған қазақ үшін мұндай кері құбылыс қол емес екендігі ақиқат. Одан бұрын айтылуға болмайтын, құпияда ұстайтын дүниелер сүт бетіне шыққан қаймақтай қоғамның бетіне қалқыды. Әйел затының қажетіне жарайтын, арсыздың әжетіне арналған заттарды жарнамалауға жол беру – елдігімізге сын, мемлекеттік мақсат-мұратымызға зиянын тигізетін дерт. Ұлтымыздың бай мәдени мұрасын келешек ұрпаққа насихаттаудың орнына, коммерциялық сипат алған нәрселерді жарнамалау қазақ жанын үңгіп бара жатқан рухани кесел… Сол кесел асқынған сайын өскелең ұрпақ – өзіне ғана тән қоңыр мінезінен, болмысынан, тектілігінен, өзегінен айырылып бара жатыр. Бұл батысшылдыққа көзсіз бой ұрғандығының алғышарты, белгісі. Сондықтан, ұлт боламыз десек, жарнамаға бей-жай қарамайық!..

Балнұр АХМЕТ

almaty-akshamy.kz

Суреттерді түсірген – Самат

 

(Түпнұсқадағы тақырыбы: ЖАЛАҢАШТАНҒАН АРУДАН ГӨРІ, КИІНІП ТҰРҒАН ҚЫЗ СҮЙКІМДІ  немесе Алматының сәні жалаңаштанған бикештер ме?)

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста