АЛЫП АЛМАТЫДА АЯДАЙ ҒАНА ЛАШЫҚТЫ ПАНАЛАЙТЫН АЛТЫ БАЛАЛЫ АНАНЫҢ АЯНЫШТЫ ТАҒДЫРЫ (ВИДЕО)

АЛЫП АЛМАТЫДА АЯДАЙ ҒАНА ЛАШЫҚТЫ ПАНАЛАЙТЫН АЛТЫ БАЛАЛЫ АНАНЫҢ АЯНЫШТЫ ТАҒДЫРЫ (ВИДЕО)
«Қамшы» порталы редакциясына ішкі сырын ақтарып, көз жастарын сүрте отырып, мұңын шағып, көмек-қолдау сұрап хабарласқан азаматтар көп. Олардың тұтқадағы көмескі дауыстарын естіп, шалғайдан жеткен хаттарын оқи отырып біз де көңіліміз жабырқап, аласапыран күй кештік. Басқа шаруаларды ысырып қойып солардың жағдайына ден қойдық. Халық бізге үміт артса, біз сенімді ақтауға тырысып бақтық. «Рақмет» деген бір ауыз сөзді естігенде көңіліміз жадырып, бір марқайып қалатын болдық. Сөйтіп жүргенде «Қамшының» қоржынына мынандай әсерлі хат келіп түсті. «Мен бес балалы анамын. Алтыншым бір айдан соң Алла қаласа дүниеге келеді. Алматыда біреудің бір бөлмелі үйшігінде төрт жылдан бері тұрамыз. Үй иесі біраз уақыттан бері үйді босатуымызды сұрап отыр. Ал менің барар жерім жоқ. Онсыз да бір бөлменің табалдырығына дейін әрең сыятынбыз. Алтыншым дүниеге келсе мүлдем сыймаймыз ба деп қорқамын. Түрме секілді қуықтай тар лашықта қор болған балалық шақтар-ай. Терезеге телміріп, кешке дейін ыс сасыған ауа жоқ қапаста өмірлері қызықсыз өтуде. Біздің ең басты арманымыз өз баспанамыз болса ғой. Ешкім кет демейтін, рахаттанып жуынып шайынатын. Балаларым кең тыныс алып, шапқылап ойнайтын. Мен ешқашан жұмыстан қашпаймын. Тек, тек өз баспанам болса ғой шіркін. Біз өлген соң қара жер мәңгі өзіңдікі болып бұйырады ғой. Оны не істейміз? Тірі кезімізде кең байтақ жерде тар қуыста бейнетпен өткен азапты күнді өткізіп алып. Неге? Біз де адам баласымыз ғой, ең бастысы қанымыз қазақ қой. Осылай әр күнімізді өз елімізде қайырымсыз басшыларға жылап барумен өткіземіз. Ойпырмай не деген жүрек? Орнында тас па дерсің. Бейбіт елміз десек те, ауырсаң да, аш қалсаң да ешкімнің шаруасы жоқ. Өле бер. Ендігі бар ең соңғы үмітіміз, жеті адамның тағдырын сізге аманат етсем бола ма? Егер сіз «жоқ, қолымнан келмейді» десеңіз, мен ешқашан жақсылық атаулыға сене алмайтын шығармын. Ең соңғы сөнгелі тұрған шырағым, үмітіміз сіз бен жомарт қара халықта. Ең болмаса бір теңгеден қиятын шығар» деп жазылған хатта. Көп балалы ананың үйін іздеп, жолға аттандық. Жолды табу шындығына келгенде оңай болмады. Үйдің үлкені Диас алдымыздан шығып, жол нұсқағаны жөн болды. «Үлкен ұлымның есі кіріп қалған. Камераға түскісі келмейді. Намыстанады» деген әйелдің сөздері жол бойы құлағымнан кетпеді. 14 жасар Диасқа қарап отырып анасының бір ауыз өтінішін аяқасты етпей, қысылса да, қызарып ұялса да бізді үйіне алып келгеніне іштей риза болдым. Машинадан түсіп жатып жан-жағыма зер салып қарадым. Орташа айлығы 143 650 теңге, гүлденген, дамыған, өркениетті Қазақстанда емес, Мексиканың кедей ауданында жүрген сияқтымын. «Мына жерге автобус келеді ме?», «жақын маңдағы аялдама қайда?», «сай басынан төменге қарай шанамен құлдилаған қара домалақ қазақ балалары неге жұқа киініп алған?», «олар ойнағандарына мәз-мейрам болғанымен үнсіздікте жүректері не деп сайрайды?», «Диас неліктен сонша қатты жөтелді?», «мынау расымен де мен күнде көріп жүрген сұлу Алматы ма?», «ендеше мен өзімді неге жат сезінудемін?» деген ойларға шомдым. Мені қалың ойдан шығарған жаңағы Диас болды. Оның үндеместен бізден алыстап, асығып кетіп бара жатқан бейнесі көп нәрсені аңғартты. Камерамен балалардың жүрегін мен де ауыртқым келмеді. Бірақ шешінген судан тайынбас дейді. Көпбалалы ананың жан айқайын қалың қазаққа жеткізу қажет болса, мақала жазу аздық ететінін мойындайық. Жетім-жесір, ауру-сырқау көбейген мына заманда өз көзімен көрмейінше ешкім ешкімнің дәлелсіз сөзіне сенбейтін болған. Қақпасы жоқ ескі үйшіктің есігін тоқылдаттық. Басына орамал таққан, тұрмыс тауқыметін аямай тартса да сұлулығына сызат түспеген келіншек ішке кіруімізді өтінді. Бізге жазылған хаттың авторы 1982 жылғы, Жамбыл облысының тумасы, 5 баланың анасы, алтыншысына аяғы ауыр Анар Тоқманбетова. Махаббатта жолы болмаған ол «Күйеуіңіз қайда? Сізді мұндай халде қалайша тастап кеткен? Балаларына неге көмектеспейді?» деген сұрағыма басында іркіліп қалды. Мен Анарға барынша сабырлы болуды, көз жасқа ерік бермеу керектігін, өмірге келетін сәбидің денсаулығын ойлауымыз қажет екендігін еске салумен болдым. «Жақсы әйел жаман еркекті адам қылады дейді. Мен жақсы әйел болуға тырыстым. Жолдасым балажан болғандықтан балаларды бірінен кейін бірін туа бердім. Маған деген ыстық махаббаты суып, бәрі баяғыдай болмаса да балалары үшін жанымызда қалып, бізді асырайды деп ойладым. Өкінішке қарай, оның есіл-дерті арақта. Қайдан тауып алатынын білмеймін. Нанға ақша таппаса да бір бөтелке ащы суға тиыны жетеді. Мені үнемі алдаумен келеді. Әне-міне түзелемін, адам боламын, ақша табамын дейді де жоғалып кетеді» дейді Анар. «Онымен ажырасқым келді. Сотқа келмегендіктен ажыраса да алмадық. Сіздер мені көп бала туа бердің, енді қайтадан жүктісің деп жазғыратын шығарсыздар. Бұл да Алланың берген сыйы ғой. Мен одан бас тарта алмаймын. Тағдырға көндім. Балаларым бақытты өмір сүрсе, пәтерлі болсақ болды. Жетеді. Бесеуін де өзім бағып-қағып адам қылдым. Алтыншысы да адам болады. Тек баспанамыз болса шіркін» деп ол іштегі сегіз айлық баласын жасырумен болды. Қазақтың мақтауға келгенде сараң, сынауға келгенде сөзшең екенін білеміз. Қазақты қазақ бола тұра жамандағым келмейді. Алайда Анар ертең мақала шығысымен оқырмандар тарапынан сан түрлі сұрақ туындарын біліп отыр. Мен оның көңіл-күйін түсіргім келмеді, тақырыпты ауыстырмақ ниетте балалармен таныстыруды өтіндім. «Үлкені Диас 14 жаста (үйде жоқ), Диана 10 жаста (ол да Диас сияқты журналистер келеді дегенге қашып кетті), Елдар 8-де, Дидар 6 жаста, кенже қызым Кәусар 5-те» деді мақтанып. Үш баланың да жөтеліп тұрғанын байқадым. «Ауырып қалған ба? Қандай дәрі-дәрмек бересіз? Үйге дәрігер шақырдыңыз ба?» дедім. Сөйтсем, балалардың тұмаумен ауырғандарына біраз болыпты. Әсіресе, Диас қатты ауырыпты. Анар өзі ине сала алады екен. Дәріханадан дәрі әкеп, соны егіпті. Бірақ онысы бітіп қалған екен. Қалған балаларға да салайын десе қазір қаражаты жоқтығынан қолы байланып отыр. Ағаш ойыншықты сөйлетіп, өз-өзімен тыныш ойнап отырған кішкентай Кәусарға қарап жаным одан бетер ашып кетті. Біз болсақ балаға ананы-мынаны әпереміз, ең соңында ойыншықтардың көбейіп кететіні соншалық, жинау үшін кәдімгідей уақыт кетіреміз. Ал, Кәусар болса үш ойыншықты қанағат етіп отыр. Дидар мен Елдар қолдарына қарындаш алып, ақ қағазға сурет салып жатыр. Үшеуі де еркеліктен ада. Қыста ауырып қалып далаға шыға алмайтын, жазда аулалары қоқыс алаңына айналып, кеміргіштер аяқ басқызбайтындықтан терезеге телміріп отыратын балаларға ет жүрегің езілмеу мүмкін емес. Ең сорақысы – мына үйшік Анардың мүлкі еместігі. Кез келген уақытта (ол ертең де болуы әбден мүмкін) інісі әйелімен келіп босатуды сұрауы ғажап емес. Анардың айтуынша, олар да пәтерсіз. Біреудің пәтерін жалдап тұрады. Өз жерлеріне келіп, үй салмақшы екен. «Армандарын өмірге айналдырайын десе мен кедергімін. 5 баламен үйді босата алмай отырмын. 5 баламен қайда бармақпын? Әрбір күнім қорқыныш» деп отыр көпбалалы ана. Ата-анасына да арқа сүйей алмайтын, інісіне де жаны ашып тұрған оған қарап қайсарлығы мен еңбекқорлығына тәнті болмау мүмкін емес. Жүктіліктің 34 аптасына қарамастан бірнеше жерде жұмыс істеп, балаларына нан тауып беріп жүрген ол бар арманы үй екендігін қайталаумен болды. «Өз-өзіме қол жұмсағым келген сәттер де болғанын жасырмаймын. Бірақ баланы дүниеге әкелген екенмін, орта жолдан тастап кетуге дәтім шыдамайды. Қақым жоқ. Баспананы да өзім үшін емес, осы қазақтың көздері жәутеңдеген 5 баласы үшін сұрап отырмын. Бұған дейін де сұрағанмын. Алайда мемлекеттен көмек болмайтынын ұғындым. Сіздерге ғана үміт арттым. Маған «Қамшы» деген сайт бар. Соларға хабарлас деген болатын. Осы уақытқа дейін телевидение шақыртқан емеспін. Балаларымның намысын ойладым. Қайыр-садақа тілегендей болмайын деп басымды тік ұстап жүрдім. «Қамшыны» шақырып, камера алдында сөйлеуім де алғашқы әрі соңғы рет болсын» деді Анар көз жасына ерік беріп. 30 минут бойы өзін-өзі ұстай білген Анарды ендігәрі қинағым келмеді. Сұхбат аяқталды деген соң оператор камерасын өшірді. Анар да «уф» деп мойнынан ауыр жүк түскендей жеңілдеп қалды. Біздің мақсат адамның эмоциясымен ойнау емес. Сондықтан балаларды камераға түсіріп, сөйлетуден аулақ болғанымызды оқырманға айта кетейін. Бүгін-ертең босанып қалатын әйелдің ескі жарасын тырнап, жылатқымыз келмеді. Керісінше жабырқаған көңілін көтергіміз келді. Кетерде бізге үміт арта алатынын, аянып қалмайтынымызды, қолдан келгенше тырысатындығымызды, көп түкірсе көл болатындығын айттық. Қазақстандық биліктен көңілі қалған, Елбасына хат жазса да жауап хат ала алмаған қазақ әйелі – Анар Тоқманбеттің тағдыры ендігі біздің қолымызда, құрметті оқырман! Facebook әлеуметтік желісінде Нұрдәулет Нұрәділ «1 теңге – 1 баспана» акциясын ұсынған болатын. «Ресми ақпарат бойынша, Қазақстанда 17 миллион 671 мың адам тұратыны мәлім. Біз соның 7 миллионын есепке алмадық дегеннің өзінде 10 миллион адам қалады. Меніңше 1 теңгені садақаға бере алатын 10 миллион адам бар. Ендеше, бізде 10 миллион теңге жиналады. Осылайша әр жұма сайын 1 теңгеден садақа беріп отырсақ, 1 жылда 52 отбасын бақытқа бөлеп мол сауапқа қалар едік. Егер күн сайын 1 теңгеден жиналса 1 жылда 365 адам баспаналы болады» деп жазған болатын идея авторы. Өкінішке қарай, бұл жаңалық елді шулатқанымен сөз жүзінде қалып қойды. «Қамшы» порталы атымтай жомарт, мұсылман Қазақ елі жұртшылығын 5 баланың анасы, Алматы қаласының тұрғыны Анар Тоқманбетоваға 1 теңгеден ақша аударып, көп созбай үй алып беруге үндеу тастайды. Анарға басқалай да көмек көрсете аламын дегендер «Қамшының» редакциясына хабарласып көмекке мұқтаж жанның мекенжайын, байланыс дерегін ала алады. Қамшыгер: Жазира Байдалы (Көмектескісі келетін қайырымды жандар үшін: Анар Тоқманбет. Халық банк KZ906010002008401651⁠⁠⁠⁠)
Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста