Ана неге әзірейіл болды?

Ана неге әзірейіл болды?

«Қоқыс жәшіктерінен полиэтилен пакетке салынған нәрестелерді тауып алды», «баласын айуандықпен өлтіріп, денесін бөлшектеп, лақтырып кеткен», «анасын ұрып өлтірген», «әкесіне пышақ салып алған», «бауырлар бір-бірін мерт қылды…» секілді қатыгездіктің қатыгездігі болып отырған қылмыстар бізді таңғалдырмайтын болды.
Әсіресе, өзінің ішінен шыққан туған баласын өз қолымен өлтірген аналар мен әкелер туралы хабарлар екі күннің бірінде айтылатын жағдайға жеттік.
Перзентханадан жөргекке емес, кебінге оранып шығатын, бесікке емес, қоқыс жәшігіне «бөленетін» бөпелер неге көбейді? Әлди түгілі жоқтау естімей, өмірден өтетін сәбилер саны неге артып кетті? Мұндай патологиялық қатыгездік қазақ қоғамына қайдан келді?.. Әйел неге өз қағынан өзі жеріді?
Жақында Ақмола облысында Көкшетау қаласындағы қоқыс жәшіктерінің бірінен сол қолы жоқ сәбидің өлі денесі табылды. Бұл сәби анасының «жоспарынан тыс» өмірге келгендіктен, жарық дүниеге келе сала о дүниеге аттаныпты…
Мұндай оқиғаларды тізе беруге болады. Былтыр жазда Ақтөбенің Абай даңғылы бойындағы қоқыс жәшіктерінің бірінен пакеттегі жаңа туған сәби табылды. Кіндігі де түспеген нәрестені 23 жастағы әйел туып, тастап кеткен болып шықты.
Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Ардагер Уайда биыл наурыз айында тағы да осындай оқиғаның болғанын айтады:
— 27 наурыз күні Темір аудандық ішкі істер бөліміне Шұбарқұдық ауылының тұрғыны хабарласты. Өз үйінің ауласындағы дәретханадан жаңа туған баланы тауып алғандығын айтқан. Оқиға болған жерге дереу жедел тергеу тобы барып, төсек жаймаға оралған нәрестені алып шықты. Абырой болғанда сәби аман екен, оны дәрігерлерге табыстадық. Бір тәуліктен кейін сәбидің анасы табылды. 23 жастағы күйеуге тимеген әйел түнде толғағы келіп, далаға шыққанын, жеті айлық баланы мерзімінен бұрын босанып, сол түні оны төсек жаймаға орап, дәретханаға лақтырып тастағанын айтқан, — дейді.
Жаның түршігеді. Бейресми деректерге қарағанда, соңғы екі-үш жылда оннан астам бала өз анасының қолынан ажал құшқан.

Өз балаңды өлтірме!..

Осы тектес қылмыстардың көбейіп кеткендігі соншалықты, соңғы жылдары Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексіне «Жаңа туған сәбиді анасының өлтіруі» деген арнайы, 97-ші бап енгізілген болатын. Бұл бап бойынша, «анасының өзінің жаңа туған сәбиін туып жатқан кезінде, сол сияқты одан кейінгі кезеңде психикасын бұзатын жағдайда немесе есінің дұрыстығын жоққа шығармайтын психикасы бұзылуы жағдайында өлтіруі — төрт жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады».
Көріп отырғанымыздай, жаңа туған баласын өлтірген әйел бар болғаны төрт жылға бас бостандығынан айырылады екен… Ал салыстырмалы түрде, осы кодекстің 175 «Ұрлық» бабын қарасақ, онда ұрлықтың қалай жасалуына байланысты, күдіктінің айыппұл төлеуден бастап, үш жылға дейін бас бостандығы шектелуі, он жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екен. Сонда нәрестенің мүлік құрлы құны жоқ па деп ойлайсың…
— 98-бап бойынша, кенет пайда болған жан күйзелісі (аффекті) жағдайында адам өлтіргенге үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге немесе алты айға дейінгі мерзімге қамауға немесе үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын айыруға жазаланады. Ал баласын қоқыс жәшігіне тастай салатын аналарға қатысты Қылмыстық кодекстің 119-ыншы бабы қолданылады. Яғни өз-өзін күтуге дәрмені жоқ адамдарды, мысалы, сәбилерді, қарттарды, науқастарға көмек көрсетуге мүмкіндігі бар және міндетті болып табылатын адам оларды көпе-көрінеу көмексіз қалдырған болса, ол адамға айыппұл салынады немесе қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бір жылға дейінгі мерзімге түзеу жұмыстарына, не үш айға дейінгі мерзімге қамауға алынады. Ал көмексіз қалған адам, мысалы, қоқысқа лақтырылған бала қайтыс болса, оны лақтырып тастаған анасына не айыппұл салынады, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады. Міне, осындай қылмыс жасағандарға қатысты жаза осындай. Менің пікірімше, қазір қылмыстық кодекс ізгіленіп кетті, — дейді заңгер Серік Жолдыбай.
Жаңа туған баласын өлтірген аналар туралы ақпараттарды оқып отырсаңыз, мұндай қадамға барғандардың ішінде оң жақта отырып аяғы ауырлаған әйелдердің баршылық екендігін байқайсыз. Болары болып, бояуы сіңгеннен кейін, бойына «жоспарсыз» біткен жазықсыз сәбиді «адамның сөзінен», «ұяттан», «анасынан қорыққаннан» ана дүниеге аттандырып жатқан әйелдің күнәні күнәмен жууынан басқа жол жоқ па?..
… Орта ғасырлардағы Еуропада некесіз туған балаларды «шайтаннан» деп, отқа өртеген. Ресейде он тоғызыншы ғасырда өз баласын өлтірген әйелдерге олардың отбасылық құқықтық статусына байланысты жаза тағайындаған — әйелдің отбасы бар болса, оны ауыр жазаға, отбасы жоқ, оң жақта отырып босанған адам болса, жеңіл жазаға тартқан. Яғни күйеуге тимей сәби сүйген әйелдердің өз баласын өлтіруі отбасы бар әйелдердің осындай қылмысына қарағанда жеңілдеу болған екен…
Бірақ қазақ ешқашан қандай бала болса да, оны өлтіруге жол бермеген. Тәуке ханның заманында мұндай безбүйрек аналарды… өлім жазасына кескен. Жеті жарғыда: «… Некесіз туған баласын ұяттан (қасақана) өлтірген әйел өлім жазасына кесіледі» делінген. Қазақтың аналары «О, құдайым, бала бер, бала берсең, сана бер, сана бермесең, ала бер» деп кері кеткен баласын адамның емес, Алланың үкіміне тапсырған.
Әрине, бұл некесіз туған балалар көбейсін деген емес, керісінше, қыз баланың «болары болғанға» дейінгі тәрбиесіне мән беру қажет деген сөз. Ал бойға бала бітті екен, оны өлтіру арқылы арыңды тыныштандыра алмайсың. Бұл басқа әңгіменің өзегі.

Бар бақытсыздыққа… бала кінәлі ме?

Зерттеулерге қарағанда, жаңа туған балаларын өлтірген аналардың көпшілігінің психикасында ауытқушылық бар екендігі байқалған. Елімізде дәл мұндай ресми статистика жүргізілді деген ақпаратты таба алмадық. Амалсыздан шетелдің мысалдарына жүгінуге тура келді: АҚШ-тың Мичиган штатында жүргізілген зерттеулерге сүйенсек, өз баласын туа сала өлтірген әйелдердің 52 пайызының бойынан психикалық ауытқушылық байқалған. Үш жасқа дейінгі балаларын өлтірген әйелдер психоактивті заттар пайдаланғаны, бұрын сексуалды немесе физикалық күш көрсетудің құрбаны болғанын анықтаған. Тағы бір тобының осындай қадамға барғанына әлеуметтік жағдайының нашарлығы себеп болған.
Жалпы әйелдердің баласын өлтіруі кезіндегі психикалық жағдайына мән беру мәселесі тек он тоғызыншы ғасырдың орта тұсынан басталған. 1845 жылы Ресей заңдарында әлемде тұңғыш рет жаңа туған баласының жанын алған әзірейіл аналардың психикалық жағдайын зерттеу, күдіктіге жаза тағайындау кезінде оның психикалық жағдайына байланысты жеңілдіктер жасау қарастырылған. 1988 жылдары Еуропаның көптеген елдерінде психикалық ауытқушылығы салдарынан баласын өлтіріп алған аналардың жазасын жеңілдеткен.
Психолог, педагогика ғылымдарының кандидаты Мейрамгүл Есенғұлованың айтуынша, босанған аналардың қылмысқа баруы уақытша психикалық ауытқушылықтың әсері екендігі белгілі. Қылмысқа барған аналар сол сәтте аффектілік күйде болады, яғни өздерінің іс-әрекеттеріне есеп бере алмайды. Бұл жағдайда аналар өздерінің не істеп, не қойғандарын білмей қалуы әбден мүмкін. Яғни әйелдердің босанғаннан кейін осындай қылмысқа баруы оның аффектілік жағдайда болғандығының салдары болуы кәдік. Аффектілік жағдайда адам өз-өзін басқара алмайды, өзіне-өзі иелік ете алмайды.
— Кез келген жүкті әйелдің бойында көңіл күй өзгерісінің болуы қалыпты жағдай. Ал кейбір әйелдер бала туғаннан кейін жан күйзелісін бастан кешуі мүмкін. Оның себебі болашақ анаға босанғанға дейінгі әсер еткен ішкі және сыртқы факторлардың қаншалықты деңгейде ықпал етуіне байланысты. Ықпал еткен факторларды дұрыс түсініп, оң шешімін таба білуге тұлғаның психологиялық ерекшелігі мен дайындығы негіз болады. Жалпы, жоғарыда айтып кеткенімдей, жүкті әйелдердің көңіл күйінің құбылмалы болуы заңдылық. Әрбір жүкті әйел психоэмоционалды күйін үнемі бақылауда ұстап және дер кезінде қажетті маманнан кеңес алып отырса, бұндай жағдайлардың алдын алған болар едік. Сонымен қатар жүкті әйелдің психологиялық жағдайындағы өзгерістерге дәрігерлер мен айналасындағы микро ортасы назар аударуы қажет. Белгілері: түсініксіз, баяу сөйлеп, бала туралы кеңестерді жүрдім-бардым тыңдауы, не болса соған жылай беруі, өзін әлденеге кінәлі сезінуі.
Рас, біздің қоғамда психологқа баруды ұят санайтын, оның қабылдауына жіберсең, кеміту, қорлау деп ұғатындар да баршылық. Алайда тәніміз ауырғанда қаншалықты дәрігердің көмегіне жүгінсек, жанымыз ауырғанда да соншалықты маманның көмегіне зәруміз. Шын мәнінде ит жанды, сірі болғанымен де, адамның психикалық жағдайы өте әлсіз келеді, ол өте ауыр жағдайларды көтере алмай қалуы мүмкін. Сондықтан тәнді ғана емес, жанды да сауықтыру қажеттігін ұмытпау керек, — дейді психолог.
Психологтың пікірінше, анасының өсіп қалған баласына қол салуы әлеуметтік жағдайларға байланысты болуы мүмкін. Жалпы психологияда ананың баласын жек көруінің төрт себебі қарастырылады. Біріншісі — әйелдің күйеуін жек көруі. Бұл жағдайда әйел өшін баласынан алады.
— Мұндай жағдай аяғы ауыр болып қалып, жақсы көрмейтін адамына амалсыздан күйеуге шығатын әйелдердің бойынан жиі байқалады. Ол күйеуге тиюге мәжбүр болғанын құндақтағы баладан көреді. Бірте-бірте барлық бақытсыздығына осы бала кінәлі деп, соған біржола өшігіп алуы мүмкін, — дейді.
Екінші себеп — ішімдікке жақын болу. Ішкен әйелдің жайы белгілі, ал егер күйеуі ішімдікке жақын болса, бала байғұс тағы да соған кінәлі болып шыға келеді. Әйелдің күйеуіне деген ашу-ызасы, өкпе-реніші күннен-күнге ұлғайып, әбден көңілі қалып, оның ішіп келетініне ғана емес, тұрмыстың ауырлығына, жағдайдың жоқтығына, тіпті көршілердің нашарлығына, шкафтың есігінің сықырлап, жүйкеге тигеніне дейін бейшара балалар кінәлі болып, ақыры оны шешесі ұрып-соғып, қансыратып, аяқ-қолын сындырып, күндердің күнінде өлтіруге дейін баруы мүмкін.
Психологтың айтуынша, баланы жек көретіндердің қатарында әлі жастық буы басылмаған, желігі тарқамаған тым жас аналардың, сонымен қатар өзін қатты жақсы көретін, жер дүние өзіне ғана қызмет етуге тиіс деп ойлайтын өзімшіл әйелдердің болуы мүмкін.

Бізге де «бэби-бокс» керек пе?

Әлеуметтік жағдайдың төмендігі, үнемі жолыңды байлайтын жоқшылық, баланың болашағына деген сенімсіздік, қиналғанда жанында ешкімнің жоқтығы да аналарды тығырыққа тірейтіні рас. Қазіргі қоғамда жалғызбасты аналарға үкімет тарапынан қаржылай көмек көрсетілгенімен, оның жанына демеу болатын кім бар? Бауыры? Ата-анасы? Аяғын шалыс басып, тұрмысқа шықпай бала сүйіп қалған қыздар былай тұрсын, ерінен айырылған, не ажырасқан аналардың арасында да ешкімнің көмегіне ие бола алмай, балаларын қалай бағарын, қай жаққа жарыларын білмей дал болып жүргендер бар. Қазіргі қоғамда тіпті туған немерелерін ақылы бағатын әжелер де бар екен, тоба…
Аналардың осынша агрессияға бой алдыруына тек аталған нәрселер себеп болып отыр деуге де болмайды. Тас бауыр қоғамнан іздеу керек мәселенің төркінін. Әйел бойындағы аналық сезімнің әлсіреуіне себеп болған нәрселерді міне мынау деп түстеп айтып беру оңай емес. Қазір бір-екі баланың еркелігін көтере алмайтын аналар мен бұрын он шақты баланы баққан аналардың төзімі неге екі түрлі?
— Барлығы құндылықтардың өзгеруінен. Адамгершілік, ұят, ар, ынсап, намыс екінші кезекке ысырылып, бақ, дәулет, билік, ақша деген нәрселер бірінші орынға шықты. Бала алдындағы әкенің жауапкершілігі азайды. Әкелерге батыстың көкек жігіттері үлгі болды. Ұлттық құндылықтардың орнын сырттан келген кірме мәдениеттер ысырып жатыр. Ішімдік, азаматтық неке, ажырасу, зинақорлық, кәмелетке толмаған жігіттер мен қыздардың жыныстық жолға ерте түсуі, үлкенді сыйламау, баланы тәрбиелеуге уақыт таппау, ақпараттық, мәдени экспансия… осылардың барлығы отбасы дағдарысына әкеліп, ақыры аналардың өз баласын, өз анасын өлтіруіне дейін әкеліп соқтырды.
Психологтардың пікірінше, кейбір елдерде аналар балалар үйінде өскен жеткіншектері үшін мемлекетке ақша төлеуден қашу мақсатында оны өз қолымен өлтіріп тастайтынын айтады. Ресей, Белоруссия психологтары Германия, Австрия, Бельгия Швейцария секілді мемлекеттерде жұмыс жасайтын бэби-бокстар ашу жөнінде ұсыныстар көтерді. Бэби-бокс дегеніміз — ауруханалардағы арнайы терезелер, ол жерлерге баласынан бас тартқысы келетін әйелдер анонимді түрде тастап кете алады. Алайда мәселені бұлай шешуге болмайды. Себебі баласын бір рет тастап кеткен әйел екінші рет, оныншы рет тастап кете беруі мүмкін ғой, — дейді М.Есенғұлова.

P.S. Анасының баласын өлтіргені жөніндегі қылмыстық оқиғаларды саралап қарасаңыз, «психикасының ауытқушылығы салдарынан…», «ішімдік ішіп отырғанда…», «некесіз бала туғандығынан…», «күйеуінен ажырасқан соң…», «жүктілік жоспарына кірмеген…» деген секілді себептерді ғана көруге болады. Ал оның не үшін ішімдікке салынғаны, не үшін ажырасқаны… секілді түпкі мәселеге мән бермейміз. Ағаштың бұтағын сындырып, жапырағын кескеннен тамыры қиылмайтынын ұмытпауымыз керек.

aktobegazeti.kz

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста