Анна Құдиярова: «5-6 немеремді бір көрпенің астына жатқыздым» дейтіндер олардың не істеп жатқанынан бейхабар

Анна Құдиярова: «5-6 немеремді бір көрпенің астына жатқыздым» дейтіндер олардың не істеп жатқанынан бейхабар

 Соңғы уақытта БАҚ-қа педофилдердің құрбанына айналған бүлдіршіндер туралы ақпараттар жиі шығатын болды. Өткен жылдың соңында Бас прокуратура арнайы мәлімдеме жасап, кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты сексуалдық қылмыстар Астана мен Алматыда, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарында көбейгенін айтып дабыл қаққан еді. Мәжіліс депутаты Зағипа Балиеваның мәліметінше, бүгінде Қазақстан түрмелерінде зорлық жасаған 1300-дей қылмыскер отыр. Олар темір тордан босаған соң мұндай сұмдықты қайталамасына ешкім кепілдік бере алмайды.

Айтпақшы, елімізде кәмелеттік жасқа толмағандарға сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық көрсеткендерге 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап химиялық кастрация жасалатын болды. Осы ретте біз белгілі психолог маман Анна Құдияровамен сұхбаттасып, мұндай қылмыстың салдарымен қалай күресу керектігі турасында ой бөліскен едік.

Балалар жыныстық зорлыққа тап болмауы үшін ата-аналар нені біліп, нені ескеру керек?

Ата-ана ең алдымен өз жаны мен баласының жаны арасына рухани көпір салу керек. Қиналған кезде, бірдеңені түсінбеген кезде, қолайсыздыққа тап болған кезде ол анашым, әкешім деп жүгіруі керек. Балалардың қазір құрбандыққа шалынып кетуіне әке-шешелерімен арасында рухани байланыстың жоқтығы себеп. Біздің балалар 5-те болсын, 15-те болсын әке-шешесінен қорқады, ұялады, сонда ол отбасында психологиялық мәдениет жоқ болып тұр ғой. Мен бүгін ғана әлеуметтік желіден оқып жатырмын, Америкада ата-аналар балаларын балабақшадан алып кетіп жатқан кезде «бүгін жағдайың қалай болды, өзіңді қалай сезіндің, жан-дүниең жақсы ма деп сұрайды. Ал бізде баласын алып кетер кезде «қарның тоқ па, бүгін не жедің, ешкім сені ұрмады ма» деп сұрайды» деп жазыпты. Бұл рас нәрсе. Бұл ретте үлкендер баланың тәні, денесіне қатысты емес, бірінші кезекте жанына қатысты дүниелерді алдыға шығаруы керек. Бала қуанышты болып тұр ма, әлде күйзеліп тұр ма, бір нәрсеге алаңдаушылық таныта ма, міне соған назар аударылуы қажет. Яғни, бұл жерде шығатын қорытынды – күніге ата-анасымен қуанышын да, қайғысын да бөлісіп тұрған бала педофилдің құрығына оңай түсіп кете салмайды. Ондай бала анашым бір кісі былай деп айтты, анау жігіт көшеде былай жасады деп ойын қысылмай ашық жеткізе алады. Бұл бірінші ретте өзінің қауіпсіздігі үшін. Балаға кішкентайынан «сенің жаның қалай, көңіл-күйің орнықты ма» деген сұрақтар қойылмағаннан кейін, бала есейе келе де өзінің ішкі жан-дүниесі туралы ой бөлісуге келгенде қорқақтап, ыңғайсызданып тұрады. Ол тіпті жыныстық зорлықты бастан кешіргеннен кейін де біразға дейін тіс жармауы мүмкін. Тіпті өмір бойы айтпай бұйығы болып қалатындар да бар. Психологиялық мәдениеті өте жоғары жас отбасылар да көбейіп келе жатыр. Бірақ, маған келетін клиенттердің арасында сан қилы тағдыры бар – ұлдар да, қыздар да жеткілікті. Көпшілігі 40-қа жетпегендер. Әңгімесіне қарап отырсам, көпшілігі отбасындағы педофилияның құрбаны болғандар. Жаны жараланып қалғандар. Араларында кезінде әкесінің өзі ішкиімдеріне қол тигізгендер де табылады. Бірақ ол өте сирек. Ал ағасы, көршісі, әпкесі сияқты мысалдар көп енді. Кейде қазақтар мақтанады ғой, «бір көрпенің астына 5-6 немеремді жатқыздым» деп. Ал сол бір көрпенің астында жатқан немерелерінің аяқ-қолы не істеп жатқанынан әжесі бейхабар, өкінішке қарай.
Педофилдер көбінесе балаларды кәмпит, балмұздақ беремін деп ертіп кетіп жатады ғой. Немесе басқалай бір жылулық танытқан болады. Демек, бала өз үйінде сондай жылулық сезінбегендіктен арам ниетті адамның соңынан оңай еріп кететін болғаны ма?

Иә, үлкендер тарапынан айтылатын айналайын, құлыным, алтыным-күмісім деген сөздер аз болып тұр ғой. Мен жасы 30-дан асқан бірақ әлі отбасын құрмаған бір қызды білемін. Әжесі оған алтыным, айналайын дегенді айтудай-ақ айтқан. Бірақ соның есесіне ашуланған кезде жұдырықпен ұрып отырған. Сонда айтқан жылы сөздерінің бәрі текке кетіп тұр. Ал біз бен сіз айтып отырған «айналайын» шынымен жүректен елжіреп, үлбіреп түсіп отырған жылы сөз. Құр айналып-толғана бермей, «ұлым, қызым мен сені осы аптада ренжітіп алдым ба?» деп аптасына ең болмаса бір рет сұрасыншы. Неге десеңіз, әке-шешесіне ренжіген бала сыртқа кетіп қалуға дайын. Әке-шешесіне ренжіген бала өзіне кәмпит берген адамның соңынан еріп кете салуға дайын тұрады.
Қазір әлеуметтік желі кең таралып жатыр. Осы ретте бүлдіршіндердің жартылай жалаңаш, шомылу киімімен түскен суреттерін жариялаудың қажеті шамалы дегенді естіп қаламыз. Бұл жағдайға қатысты не айтасыз?

Табатын адам өз құрбандығын әйтеуір табады ғой. Педофилдердің өзі әртүрлі, бірі қызға құмар болса, бірі ұлға құмар болып келеді. Кеңес заманында да түрлі эротикалық журналдар болатын. Ал қазір енді интернет дамып, неше түрлі сайттар қолжетімді болып тұр. Сол себепті кері тәрбиені сол жерден алып, балалардың суреттеріне де көз салатындар жетерлік. Әрине, баласының суретін жариялаған кезде ата-анасы белгілі бір деңгейде сақтық шараларын жасау керек. Бірақ, ең бастысы отбасында берілетін тәрбие.
Бала педофилге кездесіп қалған жағдайда не істеуі керек? Жалпы, баланы не деп сақтандырып қою керек?

Мен өз балаларыма кішкентай кезінде «Екеуің де өте ақылдысыңдар, сондай сұлусыңдар, өзгелер сендерді өздеріне балапан қылып алып кеткісі келеді. Бірақ, естеріңде сақтаңдар, біз сендерді өте қатты жақсы көреміз, сендер бізге ғана керексіңдер. Біреу келіп анау жерің әдемі, мына жерің жақсы екен десе, дереу үйге қарай жүгіріңдер» деп үйретіп қойдық. Одан кейін баланың жасы 3-ке келіп, тілі шыға бастағаннан міндетті түрде үйдің мекен-жайы мен телефонын жаттатып қою керек. Қандай жағдай болмасын, бала кез келген уақытта үйінің мекен-жайы мен өзінің аты-жөнін біліп тұруы керек қой. Одан кейін «бүгін саған ешкім кәмпит ұсынбады ма», «үйге келе жатқанда қасыңа машина тоқтаған жоқ па» деп сұрап қою да артықтық етпейді. Педофилдер де ә дегеннен бес минутта жүгіріп келе салмайды. Олар да асықпай, алыстан ұзақ уақыт бойы бақылап жүреді ғой.
Педофилдерді емдеуге, оны райынан қайтаруға бола ма? Ол үшін нендей шаралар қолға алыну керек?

Педофилия – бұл психикалық ауытқушылық. «Мен педофилмін, маған көмектесіңдер» деп келген адамға мемлекет ақша беріп, оның дұрыс жолға түсуіне көмектескені жөн. Олар ауру адамдар ғой, ал ауру адамды емдеуге болады. Оған медициналық екпе не болмаса басқа дәрі-дәрмектің көмегі тие қоймас, бірақ психологиялық көмек міндетті түрде өз пайдасын тигізеді. Жақында бір жігіт көмек сұрап келді. Жасы 30-35-терде. Оған кішкентай кезінде ағасы ана-мына жеріне қол тигізіп, жыныстық қысымға алған. Енді өсе келе сол есіне түсіп, ішкі жарасы қозып, жігіттермен араласа бастайды. Өз әйеліне деген қызығушылығы жоғалып кеткен. Мұндай жағдай көбіне еркектердің ұлы дүниеге келген сәтте қозып кетеді. «Не істерімді білмей кеттім, тыйылғым келеді» дейді. Көмек сұрайды. Біз барынша көмектесіп, кеңес беріп, дұрыс сүрлеуге салуға тырыстық. Қарап отырсаңыз, педофил болып ұсталып жатқандар отбасылы, балалы адамдар ғой. Демек, олар да кезінде сондай қорлықты бастан кешірген әртүрлі деңгейде. Мәселе айналып келіп адамның ішкі қуатына, отбасылық тәрбиеге тіреледі тағы да.
Осындай жағдайлар тек соңғы 5-6 жылдың көлемінде қатты өршіп кеткен секілді. Неге олай?

Менің ойымша соңғы уақыттарда жалпы бұқараның мәдениеті күрт төмендеп кетті. Жыныстық қатынасқа әуесі кеткендер кез келген жерде, кез келген жағдайда өз қалауын қанағаттандыра салатын жануарлық әрекеттерге бара бастады. Ал адамның мәдениеті жоғары болса, қанша жерден аңсары ауса да өзін тежеп ұстай алады. Көкейіндегі сол қалауды ретімен, ешкімге зиян келтірмейтіндей етіп қанағаттандырады. Бұл мәдениет.
Осындай жағдайға тап келген қыздардың кейінгі өмірі қалай болады? Олар уайымнан арылып, қоғамға сіңісіп кете ала ма?

Қыздардың біразы енді психикалық жағынан мықты болғандықтан және әке-шешесінен лайықты көмек көргендіктен бұл өмірден орнын табады. Маған қиналып жүргендер келеді. Олардың оқуы да, жұмысы да, табысы да, тіпті мықты бизнестері де бар, бірақ ішкі жарасы жазылмаған, сыздап тұрады. Ешкімге сене алмайды, еркектерге сенім арта алмайды, сөйтіп отбасын құра алмай жүр. Міне, соның кесірінен кәрі қыздардың да саны артып бара жатыр. Қазіргі кәрі қыздар – қайта құру дәуірі мен тәуелсіздік басында туғандар ғой. Ол дағдарыстан дағдарыс, экономикалық қиындықтар бүйірден қысып, әке-шешенің балаға қарауға шамасы келмей қалған кез. Енді қазір баламен ашық сөйлесудің еш әбестігі жоқ шығар. Жасы кіші балаларға қауіпсіздік, сақтық жағын үйретсе, ал жасөспірім балаларға жыныстық тәрбие беру керек. Себебі олар төсек қатынасы деген не, бала қалай пайда болады, бәрін біліп тұр. Содан кейін қазақ тілінде бар ма жоқ па білмедім, бірақ орыс және басқа шет тілдерінде осы тақырыпқа қатысты түрлі әдебиеттер толып жатыр. Соны жата-жастана оқымаса да, бір парақтап шығып, тәрбиенің түп-негіздеріне қатысты қағидаларды да меңгеріп қою артық болмас.

baq.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста