АҚШ-та асырап алынған қазақ балалары ажал құшты
16 және 18 жастағы Тимур мен Дамирді өгей әкелері атып өлтірген. Қайғылы оқиға Вашингтон штатында болыпты. 51 жастағы Дэвид Кэмпбелл үйінде әйелі Лана Карлсонды Қазақстаннан асырап алған екі ұлымен қоса қырып салған . Сосын ол сыртқа шығып, өзіне де қол салған. Марқұм әйел әйел Тимур Көктиев пен Дамир Әбдірахмановты 14 жыл бұрын Ақмола облысы Щучье қаласындағы балалар үйінен алып кеткен екен. Ол кезде Көкшетауда туған Тимур 5 жаста, ал Дамир 3-те болыпты.
Тимур мен Дамир Вашингтон штатында қыршынынан қиылды. Белфэйр қаласында қазақтың қос ұлын өгей әке атып тастаған. 51 жастағы Дэвид Кэмпбелл мұнымен шектелмейді. АҚШ сақшылары оның үйінен әйелі мен тағы бір асырап алынған қыздың өлі денесін тапқан. Қаскөйдің қолынан он екі жастағы қыз ғана қашып құтылыпты. Өгей әке үйдегілерді қырып салған соң сыртқа шығып, өзіне қол салған.
Тимур аспаз болуды армандаған екен. Ол алдағы сәуірде 18 жасқа толар еді. Ал, 16-дағы Дамир әлі мектепте оқитын. Қаза тапқан жасөспірімдер Көкшетауда туған. Ата-анасы керек қылмай екеуін де Ақмола облысы Щучье қаласындағы мына балалар үйіне тапсырады. Бұл жерде Тимур 5 жасқа, ал Дамир 3 жасқа дейін тәрбиеленген. Тастанды балаларды 2002 жылы АҚШ-тан келген Лана Карлсон асырап алыпты. Сөйтіп, оларға Тори және Куин деп ат қойған.
Светлана Мухарямова, Шучье қаласындағы бөбектер үйі бас дәрігерінің міндетін атқарушы:
-Дамирдің анасы тура перзентханада бас тартты. Сондықтан ол бір айлығынан Щучьедегі балалар үйінде өсті. Дені сау болатын. Тимур болса, бізге 1 жарым жасында келді. Оның көзі нашар көретін.
Америкалық әйел асырап алған Тимур Көктиев пен Дамир Әбдірахманов туралы біздің Білім министрлігіне соңғы рет 2003 жылы ақпарат келген. Содан бері қазақ балалры туралы ешкім есеп бермепті. Өйткені АҚШ-та азаматтардың отбасы жайлы жеке мәлімет құпия боп саналады екен.
Забира Оразалиева, Балалардың құқығын қорғау комитетінің төрағасы:
-Жалпы АҚШ-ты айтатын болсақ, 6609 бала асырап алынған болатын. Бұл 1999 жылдан 2012 жылға дейінгі асырап алынған балалардың саны. Оның ішінде 687-не есептер түспеген болатын. Қазір СІМ бірлесіп жұмыс жасағанның арқасында 437 баланың есебі келіп түсті, енді 236 баланың есебін талап етіп, жұмыс істеп жатырмыз.
АҚШ-тағы асырап алынған қазақ балаларына қатысты бұған дейін де шу шыққан еді. Тағы бір америкалық отбасы қазақстандық екі бүлдіршінді бауырына басып, кейін оларды тәртібі қиын жасөспірімдер лагеріне өткізіп жіберген. Содан бері, яғни 2012 жылдан елімізде АҚШ азаматтарына бала беруге тыйым салынған.
Марианна Гурина, “Ұлағатты жанұя” қоғамдық қорының президенті:
-Америкада болған қайғылы оқиғаға жанымыз ауырып отыр. Бірақ, біз басқа балалардың болашағына балта шаппауымыз тиіс. Өйткені, заң бойынша шетелдік азаматтар тек жерлестеріміз керек қылмаған бүлдіршіндерді ғана асырап алады. Әсіресе, бұл ауру балаларға қатысты.
Жалпы, қазір 20 мыңға жуық қазақ баласы шетелдік отбасыларда тәрбиеленуде. Әсіресе біздің қаракөздерге АҚШ пен Испания азаматтары құмар екен. Ал,елімізде әлі тағы 9 мыңға жуық бала жетімдер үйінде тұрады.
Ал Вашингтон штатында қаза болған Тимур мен Дамир Қазақстанның азаматтары. Жасөспірімдер әлі кәмелеттік жасқа толмағандықтан азаматтықтарын өзгертпеген. Сондықтан олардың өліміне қатысты қылмысты тек америкалық полицейлер емес, біздің де құқық қорғау орындары да бақылауда ұстайтын болады. Ал Білім министрлігі осы оқиғадан кейін шетелге бала беру талабын тағы күшейтеміз деп отыр.