Ақтөбе облысының тұрғыны келінінің дәрігерлер қолынан қаза тапқанын айтады
Ақтөбеде дəрігерлердің қолынан тағы бір адам қайтыс болды. Ауыр халде жатқан науқасты бес күн бойына ешқандай аурухана қабылдамаған деп жазады NUR.KZ тілшісі.
Шынтаевтар отбасындағы қаза Ақтөбелік дəрігерлердің жауапсыздығының тағы бір дəлелі.
“Келінімнің дені сау болатын. Ауруханаға тек босанатын кезінде ғана жатқан. 19 желтоқсанда тұмауратып ауырды. Үстіне қышыма секілді бірдеңелер шығып кетті. Балаға жұқпасын деп Ырғызда аудандық аурухана дəрігеріне қаралды. Олар "бойыңда салқын бар" деп 4 бірдей укол салды. Балаға инені топырлатып 4 рет салғанда құлап қалған. Үйге келген дене қызуы 39-40 градусқа дейін көтерілді. Тұмауымыз не болып кетті деп шошыдық. Ырғыз ауданының ауруханасына жолдасын ертіп, ертеңіне қайта кетті. Түнімен жағдайының болмағанын айтып, ыссы дəріні бермеуін сұраған. Дəрігерлер бұл дəрі осындай реакция береді деп қайтадан 4 рет укол жасайды. Келінім ине салып жатқан кезде де құсқан”, – дейді енесі Ажар Шынтаева.
Жаңа жыл алдында отбасындағы жағдай жалғыз келіннің тілеуін тілеу ғана болған. Келіні дəрі алғаннан кейін 1 жастан енді асқан қызын да емізе алмаған.
“Ауылда үш күн алған дəріден бала жатып қалды. Олар онда екіқабат шығарсың деп тағы бір күн тексеріп, əуреге салды”, – дейді енесі ауылдағы дəрігерлердің балгерлерден кем емес екенін айтып.
Уақыт өткен сайын Жанардың халі нашарлай береді. Қызуы түспей қойған науқасты 30 желтоқсан күні ғана жедел жəрлемге салып, қаладағы ауруханаға жібереді.
“Ол кезде келіннің халі мүлде нашарлап кетті. Аяғымен жүрген бала дəрігерлердің сүйретпе арбасынсыз орнынан қозғала алмай қалды. Ырғыздан түскі сағат 12-де шыққаннан кешкі сағат 8-де онкологиялық ауруханаға жеттік. Олар 2 сағат тексергеннен кейін қабылдамаймыз деп жұқпалы аурулар ауруханасына жіберді. Ондағылар бірден кейін қайтарып, облыстық ауруханаға жіберді”, – дейді Жанардың енесі азапты күндерді еске алып.
Ақтөбедегі ауруханалардың арасында допша домаланған науқас облыстық ауруханаға да жата алмайды. Ол жерде науқасты 2 сағат тексеріп, жұқпалы аурулар ауруханасына қайта жібереді.
“Келінім қатты қиналып кетті. Мама, ешкім алмаса ауылға қайтайықшы, қатты шаршап кеттім. Үйдегілерге барайықшы”, – деп жатты. 30 желтоқсан күні түңгі сағат 12:30 да Жанарды жұқпалы аурулар ауруханасына əрең жатқыздық,”- дейді енесі Ажар.
Оның айтуынша, əр аурухана әртүрлі диагноз қойған.
“Балама ертеңіне барғанымда сөйлеп жатты: “Мама, ауруханаға алғандарына қуанып тұрмын, жақсаратын шығармын”, – деп үміттеніп сөйледі. Бірақ, бұл жақта да ұзақ болған жоқ. 2 қаңтарда дəрігерлер хабарласты. “Балаңызды облыстық ауруханаға ауыстырамыз.Таңертеңнен ішім деп жылап жатыр. Соқырішек сияқты” дегесін шауып отырып қайта бардым”,- дейді Ажар Шынтаева.
Келінінің өлімі дəрігерлердің жауапсыздығы мен сенделтуінен болғанын айтқан ана тентіреудің мұнымен бітпегенін айтады.
“Соқырішек" деп жіберген облыстық ауруханада 7 сағат тексергеннен кейін жұқпалы аурулар ауруханасына қайта жіберді. Жедел жəрдем машинасында балам халатпен жатты. Іші қара суық. Үстіне тек жұқа жайма жапқан. Дірілдеп жатқасын пальтомды шешіп, үстіне жаптым. Машина ішінде тележканың астындағы домалақтары зырылдап, басы қайта-қайта машинаға соқты. Арбаларын өзім əрең ұстап отырдым. Қасымда медицина қызметкерлерінен ешкім жоқ. Науқастың тарихы жазылған дəптерді қолымы ұстатты да, 103 көлігіне мінгізіп жіберді. Осы кезде мен шошыдым. Адам емес, құдды мал секілді қарады. Жедел жəрдем көлігінде отырып, барлық жазбаларды суретке түсірдім. Жылап, еңіреп отырып жан-жаққа шығып таныс іздедік”, – дейді ауырған кезде келінінің қасында басынан аяғына дейін болған енесі.
Допша тепкілеу мұнымен де доғармаған. 3 қаңтар күні Жанар облыстық жедел жəрдем ауруханасына жатқызылған. Сол жерде жан тапсырды.
“9 қаңтарда балама кіргенде шошып кеттім. Үрленіп тұрған үлкен шар сияқты. Дымы қалмай, ісініп кеткен. Қызын сұрады, жолдасын сұрады. Шамасы, қоштасқысы келген-ау. Жолдасы 11 қаңтарда ауылдан келгенде ол ес түссіз жатты Сол күні түнде қайтыс болды”, – дейді енесі.
Ал облыстық жедел дəрлем ауруханасының бас дəрігері бұл туралы қандай да бір ақпарат беруден бас тартып отыр.
nur.kz