Әр шаңырақта сәби күлкісінің естілуіне қалтқысыз қызмет етуге әзірміз!
Күнтізбеде қызылға боялмаса да, ел үшін маңызы өте зор мерекелер болады. Соның бірі – 18 сәуір. 1995 жылы дәл осы күні Қазақстанда қаншама жыл бойы бесік тербетуді аңсап, зарыға күткен жандарға ақсарбас айтқызып, өшкелі жатқан үміт отын үрлеп жаққан үлкен бір орталық ашылды. Ол – «Экомед» экстракорпоралды ұрықтандыру емханасы. Бүгін адамзат үшін, адамзаттың асыл мұраты үшін ауадай қажет осы бір орталықтың пайда болғанына 25 жыл!
«Тұңғышымыз» Лондонда оқып жатыр...
Әрине, «Мәскеу бір күнде пайда болмайды», ендеше бұл – кәсіби ұжымның жылдар бойы жинаған білімі мен жасаған тәжірибесінің нәтиже берген күні. Сондай-ақ Тәңірден талай жыл бала тілеген бір отбасы, бәлкім бір әулеттің өшуге сәл қалған себезгі сәулесінің лап етіп қайта тұтанған күні. Және де бұл күні Қазақстан медицинасының жаңа бір таңы атқан еді.
Осынау сәтті тәжірибеден көп ұзамай, елімізде тұңғыш рет түтікше арқылы ұрықтандырылған ананың құрсағына бала бітті. Ол нәресте 1996 жылдың 31 шілдесі күні дүниеге келді.
«Тек анасы ғана емес, күллі дәрігерлер, қала берді қазақ елі күткен тәп-тәтті сәби 2,8 келі болып туды. Он жасына дейін біз жыл сайын оның туған күнін әрі қазақ ғылымының айтулы мерекесін бірге тойлайтынбыз. Бүгінде 25 жасқа толған біздің сол бір үкілі үмітіміз айдай аруға айналып, Лондонда білім алып жатыр. Бастысы, денсаулығы керемет!» – дейді Қазақстандағы ЭКО-ның негізін қалаушы, елімізде бедеулікті емдеудің бұрын-соңды болмаған емін тауып, оны ғылыми айналымға енгізген эмбриолог-дәрігер Салтанат Байқошқарова.
3 қызметкері бар лабораториядан – 10-нан астам клиникасы бар үлкен желіге...
Алматының бір бұрышынан небары үш-ақ қызметкермен ашылған сол шағын ғана лаборатория бүгінде еліміздің барлық өңірлерінде, қала берді шетелдерде де бөлімшелері бар емханалар желісіне айналған. Кәсіби мықты репродуктологтары мен эмбриологтарының барлығының және емдеудің ең соңғы заманауи тәсілдерін енгізіп отырудың арқасында бұл емхананың нәтижелік көрсеткіштері де жыл санап артып келеді. Тіпті, бүгінде қажетті мамандар «Экомедтің» өз қабырғасында-ақ оқытылады. Сол мамандар бүгінде отанымыздың 20-дан астам клиникаларында қызмет етіп жүр.
«Менің о баста медицинаның осы бір саласына түсуіме алдыма күн сайын келіп, сәби сүйе алмағандықтан еңірегенде етегі жасқа толатын жұбайлар тікелей әсер етті. Өкінішке қарай, олардың қатары әлі күнге толастаған жоқ. Дегенмен, бір жақсысы, бүгінде біз олардың барлығына дерлік көмектесе аламыз. Ал, ол тұста біз жасы 32-ден асқан ерлі-зайыптыларды жай ғана жұбатқанымыз болмаса, қолдан келер қайран болмайтын. Міне, сондай жандардың үмітін үзбеу үшін шетелде ЭКО тәсілінің бар екенін, бірақ күндердің күні бізге де келуі мүмкін екенін айтып, шығарып салушы едік. Әрине, әйел, ана ретінде мен олардың бәріне көмектескім келетін. Солайша бір күні «қашанғы осылай қарап отыра бермекпіз?» деп, біз күйеуім екеуміз әрекетке көштік. Мен Ресейге барып оқып, тәжірибе жинауға аттандым. Содан не керек, қысқасы 1995 жылы Батыр Бекмұсаев екеуміз Қазақстанда, қала берді бүкіл Орталық Азияда алғашқы болып ЭКО лабораториясын аштық» – дейді «Экомед» емханалар желісінің негізін қалаушы, Қазақстанның тұңғыш эмбриологы, биология ғылымдарының докторы Салтанат Берденқызы.
Дәл қазір еліміздің Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау, Ақтау, Тараз, Шымкент, Қызылорда мен Өскемен секілді қалаларында «Экомедтің» 9 емханасы жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек, шекараның ар жағындағы Ташкент пен Бішкекте де екі бірдей емханасы бар.
«Біздің қайталанбас технологияларымыздың арқасында дүниеге келген талай сәбилер Қазақстан ғана емес, сонымен қатар АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Франция мен Германияда, БАӘ, Нидерландия, Ресей, Қытай, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан мен тағы да басқа көптеген елдерде өмір сүріп жатыр» – дейді «Экомед» желісінің Бас директоры Батыр Бекмұсаев.
25 жылда туған балаларымыздың басын қоссақ, кішігірім бір қалашық шығады...
«Экомед» емханалар желісінде бедеуліктің себебін тек медициналық жағынан ғана емес, ғылыми тұрғыдан да анықтап, емдеудің түрлі мүмкіндіктері бар. Бүгінде бұл клиника Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына Қазақстандағы тұңғыш ЭКО лаборатория ретінде енсе, емхана басшылары әлемдегі түтікше арқылы пайда болған екі миллионыншы баланың туу құрметіне Елизавета II Патшайымның қатысуымен өткен халықаралық конгреске шақырылды. Сондай-ақ әлемде ең бірінші түтікшедегі сәбидің тууына ықпал еткен майталман маман, Нобель сыйлығының лауреаты, төрткүл дүниеге танымал профессор Роберт Эдвардс, Қазақстандағы тұңғыш ЭКО лабораториясы мен оның басшыларын осынау мерейтойларымен құттықтады. Профессор Эдвардс өз сөзінде бедеулікті емдейтін емхананы ерлі-зайыптылардың ашуын ерекше құрметпен атады.
«Емханамыздың цифрлық көрсеткіштерінің өзі де біраз жайтты аңғартқандай. Бізде ынталандырылған циклдегі клиникалық жүктілік жиілігі – 51%, ал криоциклдегі клиникалық жүктілік жиілігі – 70%. 1 ынталандырылған цикл + 1 криоцикл = 90%. Бұл – керемет көрсеткіш! Яғни, күн сайын дерлік біздің лаборатория арқылы пайда болған нәрестелер жарық дүниеге келіп жатыр деуге болады. Әлі де талай жандарға қол ұшын созамыз. Жалпы, біз қашанда әр үйде, әр шаңырақта сәби күлкісінің естілуіне қызмет етуге әзірміз», – дейді Салтанат Байқошқарова сөзін түйіндей келе.
Түйін: Егер бүгінде сонау 1995 жылдан бергі 25 жыл ішінде осы бір орталықтың тікелей мұрындық болуымен дүниеге келген балалардың басын қосса, кішігірім бір қалашықты құрайтындай болып қалыпты. Жоғарыда айтқанымыздай, олар бір Қазақстанда ғана емес, әлемнің әр түкпірінде өмір сүріп жатыр. Яғни, бұл не деген сөз? Бұл – қазақ дәрігерлері тек өз отандастарымызға ғана емес, әлемге үміт сыйлап, әлемді «құтқаруға» өлшеусіз үлес қосты деген сөз. Ендеше, жер бетіндегі аққанат періштелер сынды ақхалатты абзал жандарға зор алғыс! Себебі бұл – қаншама жылдар бойы бір перзентке зар болып жылаған аналардың көз жасын құрғатқан ұлы жеңіс. Және де олар әлі талай отбасына қуаныш сыйлап, әлі талай сөнуге шақ қалған ошақтардың отын үрлеп жағатыны айдан анық.
Мереке құтты болсын, «ЭКОмед»!