Ара терапиясының артықшылықтары қандай?

Ара терапиясының артықшылықтары қандай?

Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданы Шалабай ауылындағы мектепке ара терапиясының стационарын іздеп барғанбыз. Білім ошағының ауласынан медициналық мекемеге ұқсайтын ешбір ғимарат көре алмай аң-таңбыз. Аты дардай болғанымен заты қылдай жобалардың бірі емес пе екен деген күдік те қылаң бере бастаған. Осылайша аңтарылып тұрғанымызда, мектеп ғимаратынан бізге қарай жасы жер ортасына таяған ер адам жүгіре басып беттеді. Түрлі экологиялық бизнес-байқауларға қатысып, жүлдеден-жүлде қоймай жүрген мектеп биологы Серік Жұмаділов осы кісі болып шықты.

Уы да, уілі де шипа

Ал біз іздеп тұрған ара терапиясының стационары екі адам ғана сиятын ауыз үй екен. Қуықтай стационардың жанына үш-төрт омарта жәшігі жайғасыпты. Маңайында ерсілі-қарсылы ұшып аралар жүр.
- Араның уілін естіп тұрған шығарсыздар, осы дыбыстың өзі адам жанына таптырмас шипа, - деп бастады әңгімесін Серік Жұмәділов. Кезінде білдей бір кеңшардың басшысы болған кейіпкерімізді өмір ағысы мұғалімдік жолға түсіреді. Ара асырауды хоббидей көретін Серік Жұмаділов білім беру ісінің басшылары ұсыныс тастағанда өзіне жақын биология пәнін таңдапты. Содан бері шалабайлық балаларға табиғаттың тылсымын үйретумен келеді.
Араның балынан бөлек уы мен уілі де адам денсаулығына аса пайдалы екені ғылымда баяғыда-ақ дәлелденгенімен, медицинада ресми мойындалмаған. Сол себепті де ара терапиясы әзірге тек ілім ретінде насихатталып, Серік мұғалім сынды жекелеген жанкешті әуесқойлардың бастамаларынан аса алмай келеді.
Стационар шілде айында іске қосылады. Шағын бөлменің ішінде ара ұясы мен адам отырып демалатын орындық қойылыпты. Жаз ортасына дейін маңайы абаттандырылып, ауласында бірнеше адам тыныстап, демалатындай жағдай жасалмақ. Стационарға келушілер араның уілін естіп, бал қатқан шай ішіп, қымызбен қуаттанатын болады. Егер жүрегіңіз дауалап жатса, тегі карпаттық бейбітсүйгіш араларға өзіңізді шаққызғаныңыз абзал. Өйткені, араның уы адамның қанын сұйылтып, ұйыған тамырлардың қызметін жақсартады.
- Мен жасымнан ара асырадым. Күніне жоқ дегенде он рет ара шағады. Карпаттық аралар өте беймарал болғандықтан кей кезде әдейілеп шаққызам. Өйткені, оның денсаулыққа пайдалы екеніне баяғыда-ақ көз жеткізгенмін. Жасым алпысқа келгеніне қарамастан шашым жаңадан қырауланып келеді. Ал қимылым бозбаладай ширақ. Осының бәрі бал жеп, араның уын сіңіріп жүргенімнің арқасы, - дейді Серік аға.
Кәсіпқой омарташылармен сұхббаттаса жүріп, талай танымал биологтың құнды еңбектерін қаузаған ұстаз ара ұясының маңында 30 метрге дейінгі аумақта адам ағзасына зиянды бір де бір бактерия болмайтынын анықтаған. Яғни, ара ұясының маңында немесе арнайы омартада болу арқылы өз иммунитетіңізді көтеруге болады. Ондағы ауа балдың құрамдас бөліктері мен гүл тозаңдарына, жұпар иістерге бай. Мұндай ауамен тыныстаған адамның жүрек-қан тамырлары, ас қорыту және қан айналым жүйесі, тыныс алу жолдары жақсы жұмыс істейді.

Тіс қақсаса, прополис бар

Ал ара терапиясының кабинасында екі сағат көз шырымын алудың пайдасы сегіз сағаттық түнгі ұйқымен бірдей. Серік Жұмаділов басы ауырып, тісі қақсаса да, денесі қанап, жарақаттанса да аралардың көмегіне жүгінетінін айтады. Омарта ісінде прополис деген ұғым бар. Күнделікті жарнамаларда тіс пасталары жайында айтылғанда, осы прополис жиі тілге тиек етіледі. Прополис дегеніміз өсімдіктер зиянды бактериялардан қорғану үшін бөліп шығаратын қоймалжың сұйықтық. Осы сұйықтықты еңбекқор жәндіктер өз ағзаларынан бөлетін ферменттермен «байытады» да, «құрылыс материалы» ретінде пайдаланады. Мұқият өңделген прополистерден ара ұяшықтары түзіледі. Үнемі өзгеріп тұратын құрамына қарай прополистердің бір түрін бос кеңістіктерді толтыруға, екінші түрін ұяны зарарсыз етіп ұстау үшін қолданады. Уақыт өте келе ұяшықтар бітеліп, ара тұрмысына жарамсыз болып қалады. Кейіпкеріміз осы қалдықтарды ауруды сездірмейтін дәрі ретінде пайдаланады.
Ал бас ауырып, ағза шаршап тұрған жағдайда ара ұяшықтарын төбеге ұстау арқылы жүйкені қалыпқа келтіруге болады. Әсіресе, дернәсілдер жасырылған ұяшықтардың дәрілік әсері бірнеше есе артық болады екен. Ара терапиясының барлық құпияларын өз ағзасында сынап, пайдасын көрген ұстаз оқушыларын да осы іспен әуестендіріп жіберген.
Мектеп директоры Рысқали Нұралинов әсіресе, ұл балалар арасында бесінші сыныптан бастап сегізінші сыныпқа дейін омарташылықпен ауыратын дәстүр бар екенін айтады. Солардың кейбірі есейе келе, омарташылықты қосымша кәсібіне айналдырып үлгерген. Бүгінде Шалабайдағы екі үйдің бірінде ара ұстайды деуге болады. Мектеп дректорының ұлы мен қызы да омарташылар үйірмесіне қатысып, үйде ара ұстауды қолға алыпты.
-Үйірме аптасына үш күн жұмыс істейді. Бастауыш және жалғастырушы топқа бөлінген балалар арнайы бетперделер мен қолғаптарын киіп, ара бағудың қыр-сырына қанығады, - дейді директор.

Жыл сайын жеңімпаз атанып жүр

Кейіпкеріміз жүлдеден-жүлде қоймай жүр дедік қой. Оның шәкірттері төртінші жыл қатарынан оқушылар арасындағы бизнес-жобалар байқауында түрлі аталымдар бойынша жеңімпаз атанып отыр. 2012 жылы шалабайлық оқушылар ауыл туризмін дамыту грантын ұтып алған. Бөлінген грантқа қап-төсектер мен пластик ыдыстар, ет қақтағыш темірпеш, көпкісілік күркелер сатып алған. Ауыл тұрғындары демалысқа шыққан кезде осы құралдарды жалға алады. Одан түскен ақша мектептің керек-жарағына жұмсалады.
Мектеп директоры жыл сайын өзге білім ошақтарының оқушыларын қабылдап, көрікті жерлерге шығып, белсенді демалысқа қатысатынын айтады.
-Аудан мектептеріне туристік жабдықтарымызды тегін ұсынамыз. Табиғат аясына шығып, демалуға мүмкіндігі жоқ мектептердің біздің ауылда демалу кестесі бекітілген, -дейді Р.Нұралинов.
Ал бағанадан сөз еткен ара терапиясының стационарын құру жобасы өткен жылғы республикалық конкурста үздік деп танылып, оны қорғаған Айгүл Еренғайыпова жобаны жүзеге асыруға қажет ақшаны ұтып алған.
Серік Жұмаділовтың шәкірттері биыл да жеңіс тұғырынан көрініп отыр. Тоғызыншы сынып оқушысы Малика Төлеубекова қорғаған жоба жыл сайын Алматы қаласында Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен, «Шеврон» компаниясының демеушілігімен өтетін тоғызыншы балалар бизнес-жобасының республикалық конкурсында «Орнықты экологиялық жоба» аталымы бойынша үздік деп танылған. Жеңімпазға грамотамен қоса термос-жылыжай жобасын жүзеге асыруға 200 мың теңгенің гранты берілді. Серік Жұмаділов ол ақшаның әр тиыны қандай мақсатқа жұмсалатынын есептеп қойған.
- Қазір қолданып жүрген поликарбонат жылыжай жазға ғана жарамды. Күз түсе жемістің бәрі үсіп кеткен. Ал биыл жылу құбырының жанынан тереңдігі екі метр шұңқыр қазып, жылыжайды сонда орналастырамыз. Шұңқырдың қабырғаларын кәдімгі пенопластпен жылылаймыз. Ал жеміс салатын топырақтың астына әуелі көң төсейміз. Ол әрі жылытқыш, әрі тыңайтқыш болады. Шұңқырдың бетін поликарбонат күмбезбен жабамыз. Оның астынан қос қабаттап полиэтилен күмбез тағы жүргіземіз. Екі күмбездің арасындағы 10 сантиметрдей ашық кеңістік қыста суық өткізбейтін термостың қызметін атқарады, - дейді Серік Жұмәділов.
Алыс ауылда жатып, небір ұрымтал жобаларды жүзеге асырып жүрген тапқыр мұғалімге қызыға қарайтындар көп. Тіпті, Австралиядан арнайы зерттеушілер келіп, Серік Жұмаділовтың мектеп ауласындағы омартасына таңдай қағысып кеткен. Жасыл құрлықтан келген мамандар мұндағы балды зерттеп, өте сапалы екенін анықтаса керек. Тіпті тапсырыспен бал дайындап тұрсаңыздар деген ұсыныс берген екен. Алайда, мектептің арнайы сертификаттары мен ыдыстары болмағандықтан, тиімді ұсыныстан бас тартуға тура келген. Бұл кедергіден хабарсыз көрші мектептер қолқа салған кездер болыпты. Алайда, өзге мектепті қойып өз оқушыларына өз араларының балын бере алмай отырған жағдай бар. Оған бола қайғырып жүрген шалабайлықтар жоқ. Өйткені, Карпат арасының балын жегісі келсе, өз үйлерінде ара өсіруге толық мүмкіндік бар. Ол үшін баласын омарта үйірмесіне жазғызса болғаны. Шалғайдағы Шалабайдың балалары бал араларымен бір ауада тыныстап, олардың екбекқорлығын бойларына дарытып жүргенінің өзі қаншалық!

Есімжан Нақтыбайұлы, Жарма ауданы.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста