Астанада наразылыққа шыққан мұнайшылар мәлімдеме жасады
Астанада наразылыққа шыққан "БерАли" компаниясының жұмысшылары Жолмұрат Ұлықпанов пен Нұрсұлтан Нұрымов видеоүндеу түсіріп, бүгін санкцияланбаған митинг үшін ұсталған мұнайшылар Маңғыстауға қайтарылатынын жеткізді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Іnbusiness.kz-ке сілтеме жасап.
Сондай-ақ олар бұл мәселені Маңғыстауда "ҚазМұнайГаз" компаниясы өкілдерімен бірге комиссия құрып, шешетінін айтты.
"Қазір полиция бөлімінде жүрміз. Мұнайшылардың бір бөлігін пойызбен, бір бөлігін ұшақпен елге қайтарамыз", - дейді видеода Жолмұрат Ұлықпанов.
Мұнайшылардың көшбасшылары Жаңаөзендегі қолдаушыларын заңсыз әрекетке бармауға және үйлеріне қайтуға шақырды.
Еске сала кетсек, бүгін, 11 сәуір күні Астанада жиналған Жаңаөзендік жұмысшылар санкцияланбаған митинг өткізгені үшін полицияға жеткізілгені белгілі болды.
Сондай-ақ, Астанада қамауға алынған мұнайшыларды босатуды талап етіп Жаңаөзен, Жетібай, Ақтау тұрғындары наразылыққа шыққанын жазған болатынбыз.