Аштықтың артында ашылмаған әңгіме бар

Аштықтың артында ашылмаған әңгіме бар

Ақтөбеде 13-қазаннан бері аштық жариялаған ақтөбелік көлік жүргізушілері жергілікті билікпен бір мәмілеге келді. Тоғыз күннен соң олар ашығуларын доғарды.

Ақтөбелік алты көлік жүргізуші – Айкереков Айтқали, Бүркіталин Жеткербай, Өркінов Серік, Оразов Нұрболат, Сағынбазаров Қанат, Сапаров Мұқтар 13-қазан күні қаладағы бір пәтерді жалға алып, тамақ жеуден бас тартқан болатын. Олар Өзбекстанда қалған КамАЗ-дарын немесе өтемін қайтаруды, нан тауып жеп отырған еңбек құралдарынан айырылған соң, өтей алмай отырған несиелеріне қатысты, сондай-ақ өзбек полициясы қолынан қаза тапқан тағдырластары Иван Назаровтың өліміне қатысты істі тергеп-тексеруді қайта бастау сияқты мәселені шешуді талап етіп, ел Президенті Н.Назарбаевтың атына хат жолдады. Тоғыз күн бойы нәр сызбай, тек су ішіп отырғандықтан, араларындағы бұрыннан қант диабеті ауруы бар, Айтқали Айкерековтің жағдайы бесінші күні қатты нашарлап кетіп, жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген. Ал Мұқтар Сапаровтың асқазан жарасы ашылып, екі рет дәрігерлер көмегіне жүгінген. «Олар тек ауруды басатын Но-шпа-дан басқа ешнәрсе берген жоқ», – дейді жүргізуші. «Мұхтар Сапаров қолында жоқ көлігі үшін айына 115 мың теңге несие төлеуге мәжбүр. Бірнеше ай бойы төлей алмағандықтан, бүйтіп созыла берсе, таяу күндері баспанадан да айырылуым мүмкін, сондықтан аянар жерім қалмады» дейді.

Мұқтар САПАРОВ:
«Осы уақыт ішінде бірталай қысым көрдік. Тоғыз күннің ішінде үш рет пәтер алмастырып, жалдадық. Алғашында жалдаған екі пәтердің иелері сол қысымға шыдамай қорқып, бізді шығарып жіберді. 9-күн дегенде, қала әкімінің орынбасары Сәния Қалдығұлова келді. Нәтижесінде, қала әкімімен кездесуге біздің өкіліміз Айдос Садықов, менің жұбайым және қасымдағылардың туыстарынан құралған төрт адам барды. Сөйтіп, әйтеуір көмектесеміз деген ауызша уәделерін естіп, әзірге аштықты тоқтатып отырмыз».

Сөйтіп, бұл ауызша уәдеге сай, жергілікті билік оқиға орнынан қашып кеткен, қазір Өзбек жағының талабымен істері сотта қаралайын деп жатқан жеті жүргізушіге тегін адвокат берілді. Белгісіз жағайда қаза тапқан Иван Назаровтың өліміне қатысты тергеу-тексеру амалдары қайта жүргізілетін болған. Сондай-ақ, қала әкімі Архимед Мұқамбетов аштық жариялаған бесеуді қосқанда, 17 көлік жүргізушісіне қаладағы ірі компаниялардан жұмыс тауып беруге уәде берген. Бұдан басқа, банктен алған несиеге қатысты мәселені шешу үшін депутаттар мен бизнесмендерден арнайы комиссия құрылады.

Ұзақ келіссөздер нәтижесінде 27 азамат сот залында босатылды. Қарақалпақ Жоғарғы соты әр ақтөбелікке 10 мың АҚШ доллары мөлшерінде айыппұл төлеуді міндеттеген болатын. Бірақ Кишинев конвенциясына сай, Өзбекстан сотының бұл шешімі іске аспай қалды. Бірақ тұтқындалған 30 автөкөлік қылмыс қаруы ретінде тәркіленіп кетті. Елге оралғандардың көбі көліктерді пәтерлерін банктерге кепілдікке қою арқылы жалға алған екен.

Ахат Мырзалин, облыстық Ішкі саясат басқармасының бастығы:

– Өз азаматтарымыздың тағдырына ешқашан бейтарап қарай алмаймыз. Бірақ талап ақылға сыйымды болуы керек. Біз қазіргі уақытта «Өзбекстандағы техниканы алып береміз» деп уәде бере алмаймыз. Олай деу жауапсыздық болар еді. Бірақ қолдан келген мүмкіндіктерімізді жасайтындығымызды мәлімдейміз, – деді.

Өзбекстанда сот процесі басталғаннан кейін ақтөбелік көлік жүргізушілерін сотта қорғау үшін біліктілігі жоғары адвокаттар іске тартылды. Сонымен бірге зардап шеккендердің тума-туыстарының Нүкіске барып-қайтуына 1 миллион 200 мың теңге көлемінде материалдық жәрдем берілді.

«Облыс әкімі Елеусін Сағындықов қамауда отырған адамдардың туыстарымен бірнеше мәрте кездесіп, өте мұқтаж отбасыларына ақшалай көмек көрсеткен болатын», – деп атап көрсетті Ахат Мырзалин.

Ендігі мәселе жоғарыда айтылғандай, тәркіленген техникаға қатысты.

Облыс прокурорының көмекшісі Мейрамбек Дәулетовтің айтуына қарағанда, қазіргі уақытта қылмыс жасау кезінде кейін қашып шыққан жеті азаматтың үстінен іс қозғалған. Техникаға қатысты да анықтайтын, күмәнді жайттар баршылық. Аштық жариялаған адамдардың бірсыпырасы көліктің нағыз қожайыны емес болып шықты. Жүк машиналарын қайтарудың бір ғана заңды жолы бар. Ол – Өзбекстанның Жоғарғы сотына апелляция беру. Алайда автомобильдердің иелері болып табылатын Нұрпейісова, Досниязов және басқалар әліптің артын баққандай, үнсіз. Нені күтетіні белгісіз. Сондай-ақ олардың «сегіз көлікке бөтен нөмірлер салып жолға шыққандығы күмән туғызады» дейді құқық қорғау органының өкілі. 26 ақпандағы сәтсіз сапарды «ұйымдастырды» деген күдікпен қамауға алынған Жәнібек Байтанаев пен оның қасындағы серігіне қатысты тергеу ісі аяқталғанымен, іс сотта әлі қаралмай жатыр.

Еске салсақ:

26 ақпанда 27 ақтөбелік Шалқар ауданы Бозой елді мекені маңынан адасып кетіп, Қарақалпақ Республикасының Қоңырат ауданындағы елсіз жерде қолға түскен еді. Жеті жүргізуші қашып үлгереді. Ал 27-сі қамауға алынады. Бұрынғы газ құбырынан қалған, пайдаланусыз жатқан трубаларды кесіп алып, жүк машиналарына тиеп жатқан кезде 22-релейлі стансы маңынан ұсталған оларға Өзбек құқық қорғау органдары «ұрлық жасады, шекараны заңсыз кесіп өтіп, кеден заңдарын бұзды» деген айып тақты. Оларға 15 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылу қаупі төнді.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста