"Әуелі асаба жалдайды": Белгілі дінтанушы қазада микрофон алып тілек айтатындарды сынға алды
Белгілі дінтанушы, философия ғылымдарының кандидаты Кеңшілік Тышқанұлы қазада қолына микрофон алып, марқұм туралы естелік айту үрдісін сынға алды. Дінтанушының айтуынша, қазақ қайғыда қолына микрофон алып, көпшіліктің ортасында тілек айтпаған, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі.
«Соңғы кездері қаза болған жерлерге барғанда микрофонды алып «көңіл айту» деген дүние белең алып келеді. Өзі қара жамылып отырған адамға қайтқан адамның өмірін айтып, одан бетер қайғысын жану емес пе?! Одан қалса қазақ баласы қайғыда қашан микрофонды алып тілек айтушы еді?! Бара-бара той мен қазаның айырмашылығы қалмайтын сияқты. Марқұмның жылы, асы сынды рәсімдер болса бір сәрі. Тойда тілек айтып үйреніп қалған қазақ «құтты болсын», «қайырлы болсын», «орынды қаза» деп шатасқанына бірнеше мәрте куә болдым! Бұл қандай масқара?! Сондықтан қаралы үйге жұбату айта барған қазақ қайғы сейілгенше, өткен-кеткен естеліктерін айтпас болар. Сіздер не дейсіздер?» - деген сауал тастады.
Аталған сауалға желіде пікір білдірушілердің баршасы да Тышқанұлының пікірімен толықтай келісетінін жеткізіп жатты. Философия ғылымдарының докторы, дінтанушы Досай Кенжетайұлы да мұны «шолақ үрдіс» деді.
«Өте орынды пікір... Расында топыраққа көме сала жаназасында жаныңды азаптайтын осындай шолақ үрдістер кіріп кетті» десе, Әділхан Жақсыбек есімді қолданушы жаназада арнайы асаба жалдайтындарды да көзбен көріп жүргенін алға тартты.
Мұның бәрін көріп жүрміз ғой, өкінішті. Сорақысын көрдім: Алыс танысымыз қайтыс болған күні қонақасы берілгенде (жер қойнауына тапсырылмаған, ертеңі жаназа) асаба тағайындалып, басынан-аяғына дейін тізіммен арнайы сөз беріп жүргізіп, соңында ұл-қыздарын шақырып сөз берді. Олар не сөйлесін, 5-10 минут жылап тұрды микрофонды ұстап... Әкелерін жер қойнауына тапсырмаған», - деп жазған.
Осы мәселеге байланысты біз елімізге белгілі басқа да дінтанушылардың пікірін білген едік.
«Қазақта «қайғыны бөліссең азаяды...» деген ғибратты сөз бар. Сол үшін бақилық болған адамның үйіне оның ағайын-туыстарын жұбату үшін барады. Құшақтасып көрісіп, қазаның арты қайырлы болуын тілейді. Яғни осындай ауыр күнде олардың жалғыз емес екенін, қасында қиындықты бірлесіп көтеретін ел бар екенін білдіреді.
Сонымен қатар, ел ағалары мен ақсақалдар қайтқан кісіні жерлеу рәсімдерін ақылдасып, қажетті жабдықтарды дайындау мәселелерін пысықтайды. Марқұмды жер қойнына тапсырып болған соң аруағына арнап Құран бағыштау үшін қазалы үйдің шаңырағында жиналады.
Осы жерде имам Құран бағыштап, ағайының ішіндегі құрметті ақсақалы бата жасап, көпшіліктің «әумин» деп бет сипауымен аяқталады. Кеңестік дәуірдің уақытында да осы дәстүр қатаң сақталатын еді. Жаппай сөз сөйлеу деген болмайтын. Қазіргі уақытта қайдан келгені белгісіз, қазаға келген жұрт марқұм туралы естеліктерін айтып қазалы жиынды ұзартып бір жағынан келген жұрттың уақытын да алып жатады. Бұл керек емес деп ойлаймын.
Себебі көңіл айтуға келген жұрт жетісі болсын немесе қырқы болсын, тіпті, жылына ас берген кезде марқұмның ең жақын туыстары есіктің алдында көрісу үшін қарсы алады. Айтатын көңілді сол жерде жеткізеді, оны қайталап жамағатқа арнап сөйлеу мақсат емес. Жиналғандағы мақсат, жамағатқа арнап берілген астың сауабы марқұмның аруағына тие берсін деп «әумин» деп дұға жасау. Жасыратыны жоқ, ел арасында: «Пәленше-түгеншелер келіп сөз сөйледі, абырой-беделі жоғары екен» деген әңгіме үшін немесе артында қалғандардың «пәлен баласының түген достары көрінбеді ғой» деген сөзге қалмау үшін ортаға шығып, қайғыға ортақ екенін көпшілік көрсін деген де ниетпен сөз сөйлеп жатады.
Ал негізінен сол жерге барғанның өзі ниеттес екендігіңді білдіреді емес пе?! Сондықтан қазалы жиында үші, жетісі немесе қырық күндігінде жиналғанда имам — Құран бағыштап, аузы дуалы ел ақсақалының бата беруі жеткілікті деп санаймын», - деді дінтанушы, ислам тарихы ғылымдарының докторы Балғабек Әбдіқайымұлы.
Мұнымен қатар, ҚМДБ-ның Уағыз-насихат және ғаламтормен жұмыс бөлімінің меңгерушісі қазада асаба емес, имам сөйлеуі керегін алға тартты.
«Осындай құдайы астарда дүниелік әңгімелер емес, діни насихат айтылуы тиіс. Сол үшін имамға сөз беріп, уағыз айтқызу керек. Өйткені мұндағы басты мақсат – Алла Тағаланың разылығына жету, марқұмның өмірде істеген күнәлары үшін жарылқау сұрап, атынан беріліп жатқан садақаның Құдай Тағаланың құзырында қабыл болуын жалбарына тілеу. Әрі өмір бар жерде өлім бар екендігін басқаларға сабақ етіп, қамшыдай қысқа ғұмырды ғибадатпен ғибратты өткізудің қамын жасауға үндеу болмақ. Жалпы, өлілердің атынан жасалатын жақсылықтардың түпкі мәні осы», - деді ҚМДБ-ның Уағыз-насихат және ғаламтормен жұмыс бөлімінің меңгерушісі Ершат Оңғар.