«Ауыл әжетхана суын ішіп отыр» демеске амал жоқ
Табиғаты тамаша Төле би ауданында Тоғыс деген ауыл бар. Бастауын таудан алатын Бадам өзенін жағалай жайғасқан. Бұл ауылда шамамен 3000-ға жуық халық мекендейді. Осы Тоғыспен қанаттас мұнай барлаушылар қалашығы орналасқан. Мұнда да шамамен бір жарым мыңға жуық тұрғын бар. Көршілес екі ауылдың арасын Бадам өзені ғана бөліп тұр. Бір қарағанда, екі ауылдың бір-біріне ешқандай зияны жоқ секілді көрінгенімен, тоғыстықтарды бірнеше жылдан бері мазалап келе жатқан бір мәселе бар.
Аты айтып тұрғандай, мұнай барлаушылар үшін тұрғызылған бұл қалашықта 27 көпқабатты үй бар. Ондағы 450 пәтердің біразы бос тұрғанымен, бас-аяғы 900-ге жуық халық тұрады. Оларға келіп-кететін қонақтарының қатары қанша екенін бір Құдайым білсін. Міне, осы тұрғындардың пайдаланған шайынды сасық суы арнайы жиналатын орын болмағандықтан, Бадам өзеніне құйылып жатыр.
– Біреудің әжетханасынан шыққан сасық суды иіскеп отырғанымызға бес жылдай уақыт болды. Жел үнемі біз жаққа қарай соғады. Дастарқанда отырып, тәбетің ашылып тамақ та іше алмайсың. Әсіресе, кешкі мезгілде сасық иіс қатты мүңкіп кетеді. Шайынды судың өзеннен басқа құйылатын жері жоқ. Міне, күн де жылынып келеді. Ертең балалар суға шомылады, қиналғанның көкесі сонда болады. Шомылып жүріп, су ішіп қоятыны сөзсіз. Миллиондаған микробы бар суды жұтқан баланың денсаулығына әсері болмайды деп кім айта алады? Өткен жылдың өзінде ауылдағы екі баланың денесін жаман жара басып кетіп, қатты қиналды. Жергілікті әкімдерге неше мәрте айттық, нәтиже жоқ. «Шешеміз, қарастырып жатырмыз» деп шығарып салады.
Депутаттық мандатты иеленгенше «қатырамыз, тас қыламыз» деп уәдені үйіп-төккен жергілікті халық қалаулыларымыз да қол ұшын беруге жарамай отыр, – дейді Р.Бейсенова, Г.Төреханова, Р.Құдайбергенова, К.Бурсуковский және басқа бір топ ауыл адамдары ашына сөйлеп.
Екі ауылдың арасында, өзенге жақындау тұста шайынды су жиналатын арнайы шұңқыр бар. Сасық су сонда жиналып, арнайы насос арқылы тиісті орынға төгілу керек. Алайда насостың істен шыққанына біршама уақыт болып қалды. Жиналған су шұңқырдан асып, өзенге құйылып жатады. Жаңбыр жауған күндегі жағдайды тіпті айтып болмайды.
Тозығы жеткен канализация құбырлары бүгінде әр жерден жарылып, тесіліп, шайынды су өзенге құлайды. Жерге де сіңеді. Ұйыққа айналған шұңқырлар да бар. Оның ішінде не жоқ десеңізші. Сасық иіс мұрынды жарады. Кейбір тұстан сасық су жер астынан бұлақ болып та шығып жатады. Бұл суды малдың ішпеуі мүмкін емес. Ал ол малдың сүті, еті ішіп-жеуге қауіпті екенін дәлелдеудің қажеті жоқ. «Мәселеге тиісті азаматтардың мойын бұруы үшін иммун тапшылығы індеті секілді міндетті түрде адам өліп, үлкен дабыраға ұласуы керек пе? Ол кезде тым кеш болатынын неге түсінбейді басшылар? Олардың жаны ашымаса, бұл келеңсіздікпен күресуді біз де тоқтатпайтын боламыз. Керек болса, Астанаға да барамыз, депутаттардың назарына да ұсынамыз» деп белді бекем буып отыр жәбір көрген жергілікті тұрғындар. Иә, құс екеш құс та балапанын қауіптен қорғайды емес пе? Ал бұл жерде бүкіл ауыл азаматтарының тағдыры таразыға түсіп тұр.
Бір ауыл десек, шындыққа жанаспауы мүмкін. Өйткені Бадам өзені Шымкентті қақ ортадан кесіп өтетін Қошқарата өзеніне, Қошқарата Арысқа құяды. Ал мұның жағасында миллиондаған халық тұрады. Сонда әр ауылдан өзенге осыншама қоқыс, зиянды заттар тастала берсе, өзен ауру ошағына айналып шыға келмесіне кім кепіл?
Батырхан Әшетов, Тоғыс ауылының әкімі:
– Бұл канализация бұрын мұнай барлаушы мекеменің балансында болатын. Сонау 1958 жылы салынған. Соңғы жылдары қараусыз қалып қойғаны рас. Кейін ол «Мұнайшы» ауылдық тұтынушылар кооперативіне өткенімен, мардымды ештеңе істей алмай отыр. Насос істен шыққан, құбырлардың да әбден тозығы жетті. Бұл мәселе күн сайынғы бас ауруымызға айналды. Оны жөндеу қолымыздан келмейді. Өткен жылдың қараша айында аудан әкімінің шешімімен аудандық «Ленгір таза су» коммуналдық кәсіпорнының меншігіне өткен болатын. Насосты жөндеп, құбырларды қалпына келтіру үшін республикалық бюджеттен 15 миллион теңге шамасында қаржы қаралып жатыр екен. Сол қаражат аударылса, мәселе шешілуі тиіс.