Ажырасқалы жатқан отбасыға барған ақсақалдың әңгімесі һәм қазіргі шалдар хикаясы
Көп айтылып жүрген әңгіме. Аузы дуалы ақсақалы, қазыналы қариясы аз, шау тартқан шалдары көп қоғамда өмір кешіп жатырмыз. Бірде қызылордалық достармен дастархан басында отырғанымызда осы жәй сөз бола қалып, мынадай үш оқиға айтылып еді.
«Готовый қамыр»
Осы жақынғы жылдар, ауылдың шалдары үйде отыра беруден жалығып көшеге шығады. Жиналып отырып карта соғады, өсек-аяң міндетті түрде. Сөзге үйір бала үлкендерді жағалайды ғой, бір күні ақын досым үйлерінің көше жақ бетіндегі ұзын орындықта «келелі кеңес» айтып отырған төрт-бес қарияға сәлем беріп, қастарына отырыпты. Ассалаулатқан азаматқа бірі «саламатсың» десе, бірі «оу, қалайсың ей, мынау әлгі…» деп, бір-екеуі ғана «уағалайкумассалам» деп сәлем алып жатыр дейді. Содан қастарына отырған жігітке бір-бір қарап қойып айтылып жатқан әңгімелерін ары жалғайды. Сондағы кеңес мынау екен: «Осы күнде готовый қамыр деген шығыпты ғой, әшейін сала салады екен», деді бірі. «Келіндерге рахат болды деші онда», «Ой, анау өткенде, мына кімнің құдайы асында содан салмады ма, готовый қамырдан…».
«Келін қай жылғы екен?»
Көршіміздің үйінде той болып жатқан. Ет тартып, қай дастарханға қай табақ бару керектігі айтылған соң, тойды бейнекамераға түсіріп жүрген оператор жігіт батаны түсіру үшін бірден ақсақалдар отырған бөлмеге келіп аппаратының көзін туралай қоймай ма, сонда төрде отырған бір шал бір шалдан сұрап жатыр екен дейді: «келін қай жылдікі екен?» – деп. Тура сол сәті камераға түсіп қалыпты. «Алдарына бас тартып, бата сұраймыз деген қарияларының әңгімесін естіп бір түрлі болып қалдым» дейді жалбыр шаш оператор жігіттің өзі. «Тым болмаса «қай жақтікі екен?» деп сұраса бір жөн, «қай жылғы екенін қайтпек?» -дейміз-ау…
«Қалай келсең солай кетесің!»
Бұл ертеректегі оқиға. Қызылорда облысындағы Ақжарма дейтін ауылда болған. Бір күні көршінің үйінен келген апамыз үйге күрсіне кіріп, атамызға: «Бекіп алыпты, кеткелі жатыр!» – деді. Атам біраз отырды да асықпай қозғалды. Көрші үйге тартты. Апам үн-түнсіз қала берді. Біз баламыз, атамның ізінше әлгі үйге ентігіп кірдім.
Көршінің әйелі жылап жүр. Киімдерін жинап жүр. Екі баласын киіндіріп қойыпты. Атам кіріп барғанда «сіздерге ризамын, көрші болдық, мен енді төзе алмаймын. Болды, қанша шыдадым. Өздеріңіз көріп-біліп отырсыздар, қанша таяқ жедім, енді мені тоспаңыздар! Кетем дедім, кетем!» – деп сумкасын сыдырып жатыр. Сонда атам: «Е, е, е қарағым, жөн, жөн…» деп біраз отырды да келіншекке: «Қарағым, Жайна! Осы сен осы үйге келгенде нешеу едің?» – деп сауал қойды. Келіншек жауап бергісі келмесе де, атамнан именіп: «Бір өзім, жалғыз…» – деді. «Ендеше, қалай келсең, солай кетесің. Андағы екеуін шешіндір, руы бөлек өзге әулетке жәутеңдетпе! Мұнда да ел бар, өз елінің ішінде өссін. Аштан өлмейді, көштен қалмайды!» – деп сөзін салмақтап аяқтады. Сонда не болды дейсіздер ғой, келіншек өкіріп жылап екі баласын бас салды. «Мен бұларды тастап қайда кетем, ата! Бұлар менің қолқа-жүрегім ғой!..» – деп киімдерін киіп томпиып тұрған екі баласын құшақтап ал жыласын. Жылап отырып шешіндіре бастады. Атам «Алла разы болсын айналайын, Алла жарылқайды сені» – деп бетін сыйпады да, шығып жүре берді…
Кейіннен бір отырыста Жайна апамыздың есіне сол оқиғаны түсірдім. Әлдеқашан дүниеден өтіп кеткен атама ризалықшылық айтып, «Сол екі баланы құшақтап отырған жерімде қалдым ғой, міне содан әлі отырмын» деп басын шайқап-шайқап қойып күледі. Қайда, екі баладан кейін тағы төрт бала тауып, отбасы ордаға айналып, үлкен әулет болды.
Ұларбек Нұрғалымұлы,
namys.kz