Балаларының аш қалып, бүргеге таланғанына шағымданған ата-аналар таяқ жеді (видео)
Ақтөбедегі бала бақшада жанжал. Ақтөбе қаласы Заречный елді-мекеніндегі «Құлыным» мемлекеттік-жеке бақшасында жағдай мәз емес. Балалар жерде ұйықтап, ашқұрсақ жүреді. Оған қоса, бүлдіршіндер бүргеге таланып жүр. Ал бұның бәрін ата-аналарға айтқан тәрбиешілерді мектепке дейінгі мекеме басшылары ұрып тастаған. Шағымданған ата-аналар да таяқ жеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Құлыным» бақшасында бүлдіршіндер жерге ұйықтап, бүргеге таланып жүр. Соның салдарынан ішек ауруларымен ауыратын балалар көбейген. Таңғы, түскі астың көлемі белгіленген нормадан кем. Сұйық тамақтардың ішінде сүйек қалдықтары болса, күріш, қарақұмықтар мүлдем тазартылмайды. Бұл Заречный елді-мекені «Мағалджан» тұрғын алабындағы «Құлыным» бала бақшасындағы жағдай. Бұған бала бақша тәрбиешілерінің ата-аналарға жіберген суреттері дәлел. Ата-аналар бүгін шу шығарды. Олардың айтуынша, балалары үйіне аш келеді. Оған қоса үстінен дым жоқ. Бүргеге таланған бүлдіршіндер қазір бақшаға келмей жүр.
«Балаларымыз жерде жатады екен. Төсек жетпейді. Бала аз келген уақытта ғана бір-бірінің төсектеріне жатады. Төсек-орын жуылмайды. Қазір тек тәрбиешілер ғана жұмыс жасайды. Бала күтуші мүлдем жоқ. Күзетші, аспазшы барлығы басшының туысы. Ас мәзірі дұрыс құрылмаған. Балам үнемі аш келеді. Мемлекеттен ақша бөлінген соң жоғарыдан да бақылау болуы керек қой. Баламызды апаратын бақша болмаған соңә келіп жүрміз. Жиі ауырып қалады. Ішек ауруларымен ауыратын бүлдіршіндер көбейді», - дейді Әйкерім Шағанбаева.
«Талапқа сай аулада балалар ойнайтын алаң да жоқ болды. Шу шығарамыз деген соң бүгін түнде әкеліп қойыпты. Бір жылдан бері осында қызымды әкеліп жүрмін. Тәрбиеленушілеріне еш өкпем жоқ. Басшылығы дұрыс емес. Санитарлық талаптарға да сай келмейді ғимарат. Себебі, балаларымыз бүргеге таланып қалды. Қабырғада құрт-құмырсқалар жүреді. Суреттерді бізге тәрбиешілер жіберді», - дейді Гауһар Есжанова.
Тілшілер мен шағымданған ата-аналарға бақша басшылығы есік ашпады. Есесіне,іштегілер сырттағыларды терезеден бақылап отырды. Журналистер оқиға орнынан кеткеннен кейін шу шыққан. Іштегі тәрбиешілердің жылағанын көрген ата-аналар есікті бұзып кіріпті. Сол мезетте Елена Саванявичус есімді анаға ғимарат ішіндегі белгісіз ер адам қол көтерген. Ал, жүкті тәрбиешіге де бақша басшысы Римма Алдоңғарова қысым жасапты.
«Құлыным» жеке бақшасы былтыр қазанда мемлекеттік тапсырыс алып, мемлекеттік жеке бала бақша қатарына енген. 100 орындық. Мектепке дейінгі мекемеде үш топ бар. Төрт тәрбиеші жұмыс жасайды. Ақтөбе қалалық білім бөлімі болған жағдайдан хабардар. Мамандар жеке бақшаның ішкі ісіне негізсіз араласа алмайды. Дегенмен, құзырлы органдарға хат жазып, комиссия құру мәселесін бүгіннен бастап қолдарына алды. Алайда, мән-жайды прокуратураға хабарлау үшін ата-аналар жазбаша шағым түсіруі қажет.
«Бүгінгі болған жағдайға байланысты «Құлыным» жеке бала бақшасына ата-аналаршағымданып жатыр. Бұл бақша 2016 жылдың қазанында мемлекеттік тапсырыс негізінде ашылды. 100 орындық бақша мемлекеттік жеке бала бақша ретінде тіркелді. Ата-аналар қалалық білім бөлімі басшысының қабылдауында болды. Мәселені бейжай қалдырмаймыз. Жауапты мекемелер мен құзырлы органдарға хабарласып, шұғыл түрде хат жіберіп, комиссия құрылады. Тиісті зерттеулер жасалынып, құзырлы мекемелердің ықпалымен мәселе шешіледі. Бақылауға аламыз», - деді Ақтөбе қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Гүлжанат Сейсенбина.
Жағдай жауапты мамандардың бақылауына алынды. Ал, бақша басшыларынан жәбір көрген тәрбиешілермен ата-аналар тәртіп сақшыларына шағымданды.