«Бейбітшілік мұражайы» – Семейдің символы
Семей атом полигоны ешкімнің басына тілемейтін қасірет ізі болып адамзат тарихында қалғаны мәлім. Елбасы Н.Назарбаевтың пәрменімен 1991 жылдан бері тынысы тоқтап, атомның аранына құм құйылса да оның ұрпақтар санасынан ұмытылуы мүмкін емес.
Сол себептен де бұл күнде бейбітшілікке бет бұрған Тәуелсіз Қазақстанның ұстанымы да дүниежүзіне біртіндеп айқындалып келеді: кезінде полигон ошағы болған Семей ендігі уақытта татулық пен тыныштықтың алтын бесігіне айналуы тиіс. Оның бірден-бір мысалын облыс әкімінің ұсынысы бойынша қала басшысы Айбек Кәрімовтің бастамасымен Полковничий аралынан бой көтеретін «Бейбітшілік мұражайы» мемориалды кешенінен көретін боламыз. Ашығын айтқан жөн, соның арқасында адам аяғы сирек баратын аралдың ажары еніп, біртіндеп бүкіл қаланың бірден бір беткеұстар нысаны болатыны көрініп тұр. Оған Семей қалалық құрылыс және сәулет басқармасының Полковничий аралында өткізген баспасөз мәслихатында тағы да көз жеткіздік.
Ауызекі сөзде «Түйемойнақ аралы» деген атаумен қалған бұл жердің кезінде Алаш қайраткерлерінің бас қосып, серуен құратын мәдениет ошағы болғанын да ешкім жоққа шығара алмасы анық. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ұлтымыздың бес арысының бірі Ж.Аймауытовтың ән атасы Әміре жайында жазған «Әнші» әңгімесіне арқау еткен Түйемойнақ аралының бүгінгі келбеті тіптен өзгеше. Ресми атауы «Полковничий аралы» болғанымен, Семейдің символы екендігін айқындайтын мекенде көзге түсер екі-ақ нысан бар десек, артық айтқандық емес. Бірі – Биологиялық орталық, екіншісі – «Өлімнен де күшті» монументі. Кейінгісі – тілімізге тиек еткен «Бейбітшілік мұражайы» мемориалды кешеніндегі басты нысан.
Баспасөз мәслихатында келешекте салынатын мемориалды кешен жайында әңгімелеген сәулетші Асхат Бәкіровтің айтуынша, қазіргі қолға алынған жұмыстар кезінде Шот-Аман Уәлихановтың Семей атом полигоны құрбандарына арнаған «Өлімнен де күшті» монументінің жалғасы болып табылады. «Бейбітшілік мұражайы» мемориалды кешені 20 қажетті нүктелерден тұрады. Оның қатарында автокөлік тұрағы, кіреберіс қақпа, демалыс алаңқайы, этноауыл, «Жайлау» қымызханасы тағы да басқа көпшілік демалысын қамтамасыз ететін қажеттіліктер бар. Ал бес қабаттан тұратын жер шары формасындағы «Бейбітшілік мұражайы» «Өлімнен де күшті» монументінің қарама-қарсысына орналасады. Мақсат – кешендегі жолдың сол жағындағы қара түсті «Өлімнен де күшті» монументі күні кешегі атом полигонының қайғылы кезеңін еске түсірсе, оң жақтан көз тартатын «Бейбітшілік мұражайы» бүгінгі Қазақстанның бүкіл әлемді тыныштық пен татулыққа шақыратын символы екендігін көрсету. Сондай-ақ жолдың турасындағы жеті қарлығаш дөңгелене бейнеленген «Бейбітшілік» стелласы кен сахнасы, Елбасы Н.Назарбаевтың Семей атом полигонын жабу жөніндегі Жарлығы бедерленген кітаптың түсінген жанға артар салмағы зор.
Ал жетекшісі қала әкімі Айбек Мүталапханұлы болып табылатын «Бейбітшілік мұражайы» – семейлік сәулетшілерден құралған шығармашылық топ мүшелері Қалдыбек Қоқиланов, сәулетшілер Еркін Мұхамадиев, Асхат Бәкіровтердің жемісті еңбегінің нәтижесі. Аралдың ажарын енгізетін бес қабатты «Бейбітшілік мұражайында» Семей полигоны тақырыбында салған суретшілер туындылары қойылған көрме, ескерткіш символдар сатылатын сауда нүктелері, шағын кинотеатр, қысқасы, келушілердің еркін демалуына мүмкіндік беретін жайлардың бәрі-бәрі қарастырылмақ. Мұражайдың ені – 24, биіктігі – 36 метр.
Асхат БӘКІРОВ, сәулетші:
– Астана дегенде, «Бәйтерек» қалай бірден ойға оралса, келешекте Семейді айтқанда арал, соның ішінде «Бейбітшілік мұражайы» да қызықтыра түсетін нысанға айналғаны жөн. Алдағы тамыз айында Семейде өтетін форум кезінде мұражай іргетасы қаланатын болады. Қаржы республикалық бюджеттен бөлінеді. Есесіне, сол арқылы қаланың да негізгі имиджі қалыптасады деуге толықтай негіз бар.