Бір демде 19 қымызхана ашылды
Талдықорғанда бір демде 19 қымызхана ашылып, пайдалануға берілді. Оған облыс әкімдігінің өзі ұйытқы болып отыр. Биыл қатарынан төртінші жыл жетісулықтар мен олардың қонақтарына ақ шаңқан үйлерде қазақтың бар байлығын осылайша паш етіп отыр. Талдықорғандықтар қонағына шөлдерін басуға сары қымыз бен бұйра шұбат ұсыну арқылы ұлттық үрдісімізді жаңғыртуға өзіндік үлес қосып жатыр.
Былтыр осы қымызханалар арқылы 140,4 мың литр қымыз, 121,1 литр шұбат сатылып, халыққа 139,8 млн теңгенің қызметі көрсетілген.
Жетісудың кіндік қаласынан бастау алған осынау игілікті істің тағы бір қыры – елді алкоголь өнімдерінен алыс жүруіне септігін тигізетіні болып отыр.
Серік ҮМБЕТОВ, Алматы облысының әкімі:
– Ата-бабаларымыз үш мың жылдан бері сусынына айналдырған қымыз тек сусын ретінде ғана емес, емдік қасиетімен де ерекшеленетіні медицинада дәлелденген. Екіншіден, қымызханалар ашу арқылы төменгі есеппен алғанда жүздеген адам жұмыспен қамтылады.