Бүгінгі «квартиранттар» кімдер?
Сұм дүние тонап жатыр, ісің бар ма?
Баяғы күш, баяғы түсің бар ма?
Алды үміт, арты өкініш алдамшы өмір.
Желікпен жерге тықпас кісің бар ма?!- деп тағы да біздің заманымыздан бір жарым ғасыр бұрын өмір сүріп кеткен данышпан Абайға жүгініп отырмыз. Бұған түрткі болған Астанадағы құрылыс компанияларында жұмыс істейтін қазақ бауырымның пікірі. Өзінің жеті жылдан бері қалада пәтер жалдап тұратынын, әйелі баламен үйде болса да, айлығымыз пәтер ақысын төлеуге жетпеген соң, күнделікті шай-пұлын базардан табатынын айтты. Біраз әңгіменің басын шалған, тепсе темір үзетін жігіт халқаралық саясаттан да сауатты екен.
-Мен білетін бір де бір мемлекетте сол ұлттың өздері өз елдерінде пәтер жалдап жүрген жоқ. Жалдап жүргендердің пәтер ақылары табатын табыстарына сай, заңмен шектелген. Оларда өз ұлттарының қажеттілігін бірінші шешеді. Бізде керісінше өзіміз өмір бойы босағада келеміз. Үш баламның үшеуі де мектеп қабырғасында. Мен тұратын пәтердің айлық ақысы табатын табысымнан екі есе жоғары. Ол жалақының өзін үзіп-жұлып береді. Отбасымды емес, біреуді асырап отырмын. Қайда барсаң да сол, қымбатшылық… Елімізді қорғаймыз деп жүрген азаматтармыз ғой, отбасымыздың жағдайын жасай алмай жүріп Отанымызды қалай қорғаймыз?! Егер маған басқа мемлекеттен «үйіңді беріп, жалақыңды уақытылы төлейміз десе» мен еш қарсылықсыз кете берер едім… – дейді налып.
Қатты ойландым. Тұрмыс тауқыметін тартып, жігері жасып қалған жігітті сөгуге дәтім бармады. Шынында да Астанадағы жалдамалы пәтер құнының жүз мыңнан төмені жоқ. Көп қабатты пәтерлердің айлық жалдауы 200- 250 мыңға дейін. Оның үстіне пәтердің коммуналдық ақысын бөлек қосылады. Қанша баға сұраса да өздері біледі, оның төлем қағаздарын сұрауға жақ ашқызбайды. Жер үйлердің есік алдындағы 9-15 шаршы метр бір бөлмелі үйлерді паналаудың өзі 50 мың теңге. Бір байғұс мұғалімнің табанынан тозып көрінгеннен сөз естіп, ұйқыдан айырылып жүріп табатын табысы. Ал, 200-300 мың табатын сабаздар пәтер жалдамайды. Сонда қарапайым халақты теспей сорып жатқандарды кім тексереді?!
Біздің дәуіріміздегі мектеп оқулықтарының тарихында «қанаушылар мен қаналушы топ» деп мысал келтіруші еді. Осы екен ғой…
Бізде пәтер беруші қожайындар мен пәтер жалдаушылардың құқығы қорғалмаған. Еріксіз пәтер жалдаушыларға пәтер берушілер айлық төлемді аспаннан алып қоя салатынына ешқандай бөгет жоқ. Әрбір босағаны паналап, көрінген пәтер иелерінен, «қайыршы, төлей алмасаң неменеге пәтер жалдайсың, шық үйден!» -деген сөздерді отбасының, балаларының алдында естіп жігері құм болып жүрген жан амал жоқ, бәріне бас шұлғи береді.
Дамыған елдерде жеке пәтер деген болмайды, көбі жалдамалы. Оларда жеке өз үйің болғанынан гөрі пәтер жалдап тұрған ыңғайлы. Өйткені пәтер жалдау құны табатын табыстың 15-20 пайызы. Жалдаған пәтер құнының ішіне айлық коммуналдық төлем мен таңертеңгілік асыңыз қоса қамтылады. Арзандау пәтерге тұрамын десеңіз өзіңіздің таңдауыңыз біледі. Жалдап тұрған пәтердің тұрмыстық құралдарының бірі істен шықса, қайта қалпына келтіріп беру- жалға берушінің міндеті. Пәтер иелері пәтер жалдаушылардың ақшасын алып отырған соң, барлық жағдайын жасауға дайын. Өйткені жалдап тұрған пәтердің барлық мүлкі ай сайын төленетін пәтерақының құнына кіреді.
Бізде керісінше, қорлық. Жалдамалы пәтердің құны табатын табыстан үш-төрт есе жоғары. Пәтер ақының құнына табатын табыстың жетпейтіні ешкімнің басын ауыртпайды. Жалдап тұрған пәтеріңе қонақ шақыра алмайсың. Балаларың болмау керек. Пайдаланып отырған тұрмыстық құралдардың біреуі істен шықса, төлейсің. Сөйтіп, жалдаушылардан көзін жұмып қойып сыпырып алған ақшасына әлгі адам тағы да бірнеше пәтер сатып алып, жалдамалы пәтер ретінде бизнесін жасайды. Пәтердің жалақысын зорға төлеп отырған отбасы тапқан – таянғанын қанаушыларға беріп отырғандықтан ешқашан пәтер иесі бола алмайды. Жеке пәтер иелерінің бұл тірлігін реттеп отырған ешкім жоқ. Егер осы мәселе бір шешімге келмесе қарапайым халықтың пәтер алуға деген сұранысы арта береді.
Күн сайын сыланып-сыйпанатын Астанада ай сайын 20-25 қабаттан кем емес көп қабатты үйлер салынып, пайдалануға беріледі. Қалада тұратын миллионға жетпейтін халықтың пәтерге деген сұранысы күн сайын өспесе кеміген емес. Пәтер құнының қарапайым халықтың ақылына сыймайтын қымбатшылығын, ретке келтіру қажет екендігін Елбасы Н.Назарбаев та айтқан. Басқа қала емес, бас қаланың негізгі тұрғындары пәтер жалдаушылар екенін көлденең кездескен көк атты «квартирада тұрасың ба?» деген алғашқы сауалымен-ақ дәлелдеп береді.
Ертең әлемнің түпкір-түпкірінен келетін ЭКСПО -17-нің қадірлі қонақтары қазақтың тұрмысын Астанадан тануы керек. Әлгі әйелдер мен балаларды көшеде шырылдатып, машинаға кресло қойыңдар деп жүрген «мықтылар» мен халық қалаулылары осындайды білетін шығар?!
Қарапайым халық пәтер кезегіне тұру үшін Қазақстан бойынша басында жеке баспанасы болмау керек. Болған жағдайда Қазақстанның бір түкпіріндегі баспанасын сатса, бес жылға дейін пәтер кезегінде тұруға құқы жоқ. Сонда бір басында бірнеше үйлері бар, тіпті қала сайын үй сатып алатындарға мұндай заң неге жүрмейді?! Қандай асып-тасқан бай болса да, оларға да осындай жер мен үй мәселесіне шектеу болса, баспана мәселесі бүгінгідей тығырыққа тірелмес еді.
Қандай да бір оқиғаның басы қасында жүретін, игілікті істі қолдайтын, мемлекетті құрайтын қарапайым халық. Халық — құдайдан бір жас кіші деп халықты бәрінен биік қоямыз. Жаратушының бір есімі – халық. Халықтың тұрмысы жақсармай, халықтың көңілі өспей жақсы ниет пен бірлік, елдікті айтатын патриоттар болмайды. Онсыз да аз халықтың басым көпшілігі осы жағдайды басынан кешіріп жүрсе, енді біреулер тәуелділіктен қашып құтылғысы келіп, бұдан да сорақы банктердің шырмауына оралып тұтылып жатыр. Рухы басылып, жігері жасып жүрген елден қандай қайраткер күтіп жүрміз?! Кез келген пендені тұрмыс билейді. Осындай олқылықтың салдарынан басқа дінге еліктеп, басқа елді көксеп жүргендер алаңдатады. Жоғарыдағы осы ойға түрткі болған жігіттің әңгімесі осының төркіні. Абайдың, «Бай сейілді, Бір пейілді Елде жақсы қалмады. Елдегі еркек, Босқа селтек, Қағып, елін қармады. …Қолына алып, Пәле салып, Аңдығаны өз елі». Немесе, «Бас-басына би болған өңкей қиқым, Мінеки бұзған жоқ па елдің сиқын? Өздеріңді түзелер дей алмаймын, Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың» — деп отырғаны осы.
Астанада тұратын қарапайым халықтың негізгі құрамы пәтер жалдаушылар. Оның ішінде көпшілігі зиялы қауым өкілдері. Өйткені мектеп мұғалімдері мен оқытушылар, ақпарат құралдарының өкілдері, көп балалы аналар, ақын-жазушылар, дәрігерлерге арналған пәтер беру жеңілдіктері қарастырылмаған. Уақытша тұратын жатақхана да жоқ. «Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын» дегенді айтқан қазақ, кешегі ел басына күн туған аштық заманда да, Ұлы Отан соғысы жылдарында да, тіпті қай заманда да дәл бүгінгідей көрінгеннің босағасын жалдап, біреуге кіріптар болмаған. Шекпен тоқып, байдың жалшысы болған күнде де өзінің жыртық лашығы болған.
Қазақтың ауылдағысының да, қаладағысының да басты мәселесі – пәтер мен ұлтарақтай жер. Кешегі бабаларымыздың жарғақ құлағы жастыққа тимей, күншығыстан –күнбатысқа дейінгі сайын даламызды бүгінгі ұрпағының болашағы үшін қорғаған шығар?!
…Бірақ, менің бұл айтқанымды кім тыңдап, кім оқып жатыр?! Абай айтпақшы «кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі».
(Тақырыбы қысқартылған)
ult.kz