Буллинг қазақтілді ортада кең етек жайып келеді
Бұл туралы «Expo&Women» Халықаралық ұйымының басқарма төрағасы Ләззат Асқарова ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн-брифинг барысында айтты.
Қазақстандағы фактілер жантүршігерлік. Мысалы, жыл басында еліміздегі әрбір бесінші жасөспірім ай сайын буллинг құрбаны немесе қатысушысына айналады деген ақпарат болды. Бұл көрсеткіш көңілге қаяу түсіреді. Тағы бір назар аударарлық тенденция бұл – буллингтің қазақтілді ортада кең етек жайып келе жатқаны. Мысал ретінде айтайын, кішігірім ғана Арыс қаласында телеграмнан арна ашып, жасөспірімдерді суицидке итермелеген адам анықталып, уақытында тұтқындалды. Бұл арнада «Жұмаққа апарар 50 қадам» деген сияқты түрлі ойындар пайда болған. Мұндайлар балалардың үнемі интернетте отыратынын пайдаланады, - деді ол.
Ләззат Асқарова негізгі құндылық адам екенін ұмытпау керегін айтады.
Осы орайда айтарым, балаларға, ата-аналарға, педагог мамандарға құқықтық сауаттылыққа қатысты ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізу қажет. Балаларға зорлық-зомбылық көрсеткендерге қатысты заң қатаңдатылуы керек. Заң алдында бәрі бірдей. Негізгі құндылық адам екенін ұмытпау керек, - деді ол.
Бұған дейін халықаралық ұйым төрағасы бұрын буллинг деген түсініктің де болмағанын айтқан еді айтқан еді.
Айта кетейік, ОКҚ-дегі шара «Өзіңізді және жақындарыңызды буллинг және кибербуллингтен қалай қорғауға болады» тақырыбына арналды.