Бурабай тұншығып, туризм тұралап тұр
Қазақстан Еуразияның қақ ортасында, Шығыс пен Батыс дәстүрін жалғастырып, күретамырдың бойында жатыр. Кең-байтақ даламыздан шөлді аймақты, орманды да, сулы-нулы өлкені де табуға болады. Осыған сай елімізде танымдық, сауықтық, этникалық, экологиялық, шипажай-сауықтыру, аңшылық секілді түрлі туризм түрлерін ұйымдастыруға болады. Алайда Жаратқанның берген сол мүмкіншілігін пайдалана алмай отырғанымыз рас.
Еліміздегі емдік су көздері бар аймақ шипажай салуға сұранып тұрса, өткен ғасырлардағы қала орындары археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу арқылы ашық аспан астындағы мұражайға айналдыруға, табиғаты ғажайып аймақтар қорықтар тұрғызуға дайын тұр. Тіпті көне замандардан басталған мәдениетіміз бен әдебиетімізді әлемге паш етуге тұрарлықтай тарихи мекендер де жетерлік. Шетелдік сарапшылар «Қазақстандағы ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісім туристік саланың дамуына оң әсерін тигізеді» деп баға беруде. Алайда отандық туризмнің дамуы жөнінен Қырғызстанмен де терезе теңестіре алмай келеміз. Мысалы, отандастарымыз жаз шықса Бурабайға емес, Ыстықкөлге қарай ағылады. Бұл – отандық туризмді дамыта алмай отырғанымыздың анық көрінісі.
Жер көлемі жөнінен әлем елдері бойынша 9-орында тұрсақ та, биыл туризм саласы бойынша 68-орыннан 71-орынға төмендеп кеттік. Ал сырттан келетін туристердің саны 2000 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда өспеген. Өспек түгілі, соңғы жылдары еліміздің әсем табиғаты мен демалыс орындарына келетін туристер саны күрт азайған. Мамандардың айтуынша, бұған басты себеп елімізде туризм саласындағы дұрыс жарнаманың жоқтығынан көрінеді. Тіпті аталмыш жерлерді туристік орындарға айналдырудың орнына табиғатын ластауға жол беріп отырғанымыз салғырттығымыздан болса керек. Мысал ретінде, Астананың іргесіндегі кез келген елдің табиғатымен тайталаса алар Бурабай көлінің қазір ластанып, курортты аймақтың қоқысқа тұншығып жатқанын айтсақ та жеткілікті шығар.
«Қолда барда алтынның кадірі жоқ» десек те, бүгінгідей қаржылық дағдарыс кезеңінде барымызды бағалаудан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Біріншіден, жыл сайын Қазақстан аумағынан шығып, шетелге барып демалатындар ақшамызды шекара асырмай, теңгеміздің қалтамызға түсуіне жол ашылар еді. Әйтпесе әлі күнге жат жұрттың экономикасының дамуына үлес қосып келе жатқанымыз – ащы да болса шындық. Екіншіден, туған жеріміздің әсем табиғатын шет мемлекеттердің азаматтарына танытуға мүмкіндік туады. Үшіншіден, күтімсіз жатқан жерлер адамдардың назары ауған соң, қамқорлыққа алынуына себепші болса, төртіншіден, бюджетке де түсер пайдасы аз болмаса керек. Қазақстанның табиғи, тарихи, геосаяси орны туристiк нысандарды ұтымды пайдалануға мүмкiншiлiк бередi, сонымен қатар экономиканың басты тармақтарының бiрi ретiнде дамытуды қажет етедi.
Осы орайда саяхатшыларға қызмет көрсетудің ең озық әдістерін игеру, ұлттық болмысымызды таныту мақсатында қолда барды пайдалану – дәл қазір ақсап тұрған жұмыстардың бастысы.
Қайткен күнде де қазақстандық және шетелдік азаматтардың сұраныстарын қанағаттандыратын, кең мүмкіндікті қамтамасыз ететін заманауи, тиімділігі жоғары және бәсекеге қабілетті туристік кешен құру – бүгінгі күннің басты талабы.
Әсел Қариева, туристік фирманың менеджері:
– Бүгінгі таңда отандық туристік фирмалар әлемнің 80-нен астам елімен серіктестік қызмет істейді. Сондай-ақ әлемнің барлық жетекші туристік елдерімен әуе қатынасын орнатты. Бірақ басқа мемлекеттерге қарағанда, Қазақстанға келу үшін виза жасау қиын. Шет мемлекеттер үшін Қазақстан курорттары жөнінде ақпарат та өте аз. Әйтпесе мына «екінші Швейцария» атанған Бурабайды көруге кім ынтық болмайды?! Сондықтан елімізге ат басын тірейтін туристер саны азайып отыр. Бүгінгідей дағдарыс кезеңінде туристік орындарды дамытып қана қоймай, демалыс орындарындағы қызмет көрсету бағасын 20-30 пайызға төмендету қажет. Бұл елімізде туристік жолдың кеңеюіне жол ашар еді. Қазір алдағы уақыттарға жоспарлар жасалуда. 2011 жылы ішкі туристер ағыны 4,5 миллионға, ал сырттан келетін туристер қатары 9,5 миллионға жетеді деп күтілуде. Қазіргі таңдағы статистика агенттігінің көрсеткіші Қазақстанды тамашалуға келетін туристер санының 5,3 миллионға жеткенін көрсетіп отыр.
Ой салар дерек
Бурабай аймағындағы туризм саласынан түсетін пайда облыс бюджетінің 10 пайызын құрайды екен. Мәселен, Бурабай көлдерін тамашалауға бір маусымда – 500 мың, Зерендіге 15 мың шамасында адам келетін көрінеді. Туристердің басым көпшілігі – Германия, Англия, Жапония, Корея мен Қытайдан келетіндер. Бүгінде дүниежүзі бойынша, туризмнен түсетін табыс мұнайдан түсетін табыстан кейін, екінші орынды алады. Ал бізде...