Дархан Әбдік: Қазақ хандығының пайда болуының өзі қателік
* Ұлтшылдық деген өте үлкен комплекс және өте үлкен күнә
*Өзінің өмірін халық жолында сарп еткен бір адам бар тарихта. Ол – Адольф Гитлер.
Ұлтшылдыққа қатысты даулы пікірді журналист Дархан Әбдік «Жетісу» телеарнасына берген сұхбаттарының бірінде айтты.
Осы ретте, біз әлеуметтік желіде бірден сұраныс пен таңданысқа, реніш пен өкпеге «мұрындық» бола бастаған кейіпкер пікірін хатқа түсіріп көпке ұсынғанды жөн көрдік. Сіз де оқып, сана сүзгісінен сараптап өткізіп көріңіз, көзқарақты оқырман.
Қазақ хандығының пайда болуының өзі қателік
Менің ұғымымда қазақ хандығының пайда болуының өзі қателік. Өйткені, қазақ хандығы туралы отырамызда: «Ойбай, біздің қазақ хандығымыз керемет. Ата-бабамыз асыл еді, сүйегі асыл болған, керемет болғанбыз» дейді елдің бәріне.
Ал шын мәнінде қазақ хандығының пайда болуы – бұл не бары төре тұқымының өзара таққа таласып, содан кейін бір топтың екінші топқа ренжіп елін бөліп алып кетуі. Болды. Онда ешқандай басқа негіз жоқ. Таққа таластық.
Жалпы мынау Орта Азиядағы көп мемлекеттердің қасіретінің барлығы – Шыңғыс хан ұрпағының таққа таласынан болған. Қырым хандығы болсын, Ноғай хандығы болсын барлығы. Мысалы, Ноғай хандығы қалай пайда болды. Едіге төрелерге – сұлтандарға қарсы соғысты. Шыңғыстың ұрпағына қарсы. Содан барып өзінің ұлысын бөліп алып кетті...
Егер сол бөлінулер болмағанда біздің бүгінгі атымыз «қазақ» емес, «түркі» болар еді. Бәлкім атымызды ноғай, бәлкім, татар дер еді. Мына жағымызда 150 – 200 миллион орысқа төтеп беретін, келесі тұсымызда миллиард қытайға төтеп бере алатын санымыз 150 миллион ба, 200 миллион ба тұтас бір ұлт болар едік.
Бола алмай қалдық па, бола алмай қалдық. Бірақ енді мұнда да өкінетін ештеңе жоқ. Болар іс болып кетті. Бүгін біз қазақпыз дейміз. Енді қандай бағытта қозғаламыз, мәселе сонда. Мәселе өзіңнің ата-бабаңды дәріптеп өзіңді өзгеден артық қып көрсетуде емес. Бұл, мінекей, ең үлкен қателік. Жалған көсемдердің сөзіне еру.
Ол – Адольф Гитлер
Мәселен, өзінің халқын керемет жақсы көрген, өзінің халқының сүйегі өзгелерден асыл деп ойлаған, сол үшін өзінің өмірін құрбан еткен, ешқашан қазынадан ұрламаған, ешқашан жемқор болмаған, таза өмір сүріп, елдің экономикасын дамытып, жұмыссыздықты жойып, өзінің өмірін халық жолында сарп еткен бір адам бар тарихта. Кім? Ол – Адольф Гитлер.
Біздің әдебиетімізде әлемдік құндылық жоқ Біздің қазіргі жазушылардың барлығы осымен (жалған мақтау – ред.) айналысып келеді. Біздің әдебиетімізде әлемдік құндылық жоқ. Ол – ұлттық та емес, рулық құндылықтар. Әр кім өзінің руынан шыққан бір батырды мақтап роман жазады. Содан соң өзінің руынан шыққан бір комерцанттар: «Ой, аға, біздің руымыздың мәртебесін асырдыңыз. Рахмет!» деп қолына он мың доллар ұстатып кетеді. Жылда соғымын әкеп тұрады. Ауылына барған кезде ауданның әкімі: «Біздің керемет көсеміміз келді» деп соған ат шаптырып, той жасайды. Сол ма әлемдік құндылық деген. Сол ма руханият деген?..
Сен мысалы, пәтер алу үшін президентті мақтадың не, немесе атақ алу үшін министрді мақтадың не, әкімді мақтадың не – өзіңнің руыңды, ұлтыңды мақтау тура сондай жағымпаздық.
Ұлтшылдық деген өте үлкен комплекс
Ұлтшылдық деген өте үлкен комплекс және өте үлкен күнә. Бұл адам бойындағы ең нашар қасиеттердің бірі. Жалпы, өзіңнің ұлтыңды бөліп алып, өзіңнің аяңнан шықпай, жалпыға ортақ додаға түспей өмір сүру – бұл өзіңе деген сенімсіздіктен, бәсекеден қорқудан...
Егер сен бәсекеден қорқатын болсаң, міндетті түрде айтасың «Оңбағандар! Неге Қазақстанда басқа ұлттың адамдары жұмыс істеуі керек? Неге қазақтарға бермейді бұл қызметті? Неге үйтіп жатыр, неге бүйтіп жатыр?» деп.
Оның ұлттық саясатқа ешқандай қатысы жоқ. Өйткені, ұлттық саясат деген жирма бірінші ғасырда басқаша түсіндіріледі. Бұл этнос емес, ру емес, ұлт деген мәдени кеңістік. Өркениеттік орта...
Сіз, мәселен, Семейден, Шығыстан шыққан адамдардан сұраңызшы. «Ең мықты жазушы кім?» деп. 90 пайызы Мұхтар Мағауин дейді. Кіші жүзге барып сұраңызшы. «Ең мықты жазушы кім» деп. 90 проценті Кекілбаев дейді. Ол біздің санамызға отырған нәрсе.
Ауыл – рушылдықтың ошағы
Біз барлығымыз ауылды жақсы көреміз. Бірақ ауыл – рушылдықтың ошағы. Ауылды жерде ешқашан ұлт қалыптаспайды. Ұлт қалаға келіп қалыптасады. Францияның мәдениетін жасағандар әрбір түкпірден келгендер. Сосын тағы бір сөз бар. «Театр – тобырдан ұлт қалыптастыратын жер» деген. Қалада қалыптасатын, жасалатын мәдениет ұлтты жасайды. Өйткені, ұлтты біріктіретін бір-ақ нәрсе – мәдени орта мен тіл.
Рухани құндылықта ұлттық нышан болмайды
Егер ұлттық құндылықтарыңыз адамзатқа ортақ құндылықтарға сәйкес келмей жатса, онда басымлыдықты адамзатқа ортақ құндылықтарға беру керек. Ұлттық құндылықтарға жармасу мұндай жағдайда қателік. Рухани құндылықта ұлттық нышан болмайды.