Екінші дүниежүзілік соғыс қалай басталды?
1939 жылы 1 қыркүйекте гитлершіл Германия Польшаға тұтқиылдан шабуыл жасап, Екінші дүниежүзілік соғыстың өртін тұтатты. Содан бері 70 жыл өтсе де, адамзат өзінің тарихындағы осынау қасіретті дәуірге қайта-қайта назар аударуда. Соғыстың қарсаңындағы жағдайға, оның басталуы мен аяқталуына, халықаралық қатынастардың соғыстан кейінгі дамуына байланысты көптеген жайттарға қайтадан ой жіберілуде. Тарихтың жекелеген беттерін түрліше түсінуден, оларды субъективті түрде қабылдаудан, ақтаңдақтардың орын алуынан туған талас жалғастырылып жатыр.
Біздіңше, Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуына ғана емес, сонымен қатар оның барысына антигитлерлік коалицияға қатысушылардың ондағы ынтымақтастығының ерекшеліктеріне, Ұлы Отан соғысының шайқас алаңдарындағы жеңістер мен жеңілістерге, кеңестік командованиенің біліктілігіне болашақта әлі де талай рет қайта оралатын боламыз. Көптеген нәрселер қайта бағалауды және жаңа көзқарастарды талап етуде. Өйткені бізде тарих тым сыңаржақ және бұрмаланып жазылып келді. Мысалы, 1939 жылғы шарт туралы бізде ұзақ уақыт бойы айтуға да болмайтын еді. Оның құпия хаттамаларына келетін болсақ, олардың бар екені жақында ғана бұлтартпайтын фактілермен дәлелденді.
Соғысқа жол бермеуге болатын еді
Екінші дүниежүзілік соғыс 30-жылдардың орта шенінде-ақ ақиқат шындыққа айналды. Жапонияның 1931-1932 жылдары Солтүстік Шығыс Қытайды басып алуы, содан кейін 1937 жылы Орталық Қытайға басып кіруі, 1935 жылы Италияның Абиссинияға шабуыл жасауы, 1936-1938 жылдары республикалық Испанияға қарсы жасалған герман-итальян интервенциясы, Германияның 1938 жылы Австрияны басып алуы – міне, бұлардың бәрі агрессорлар қимылының біртұтас тізбегінің буындары, олар бірте-бірте фашистер шапқыншылығының ортақ тасқынына айналды да, сайып келгенде, іс жүзінде бүкіл дүниежүзін қамтыды. Барлық ұлы державалардан тек КСРО ғана агрессорларды дәйекті айыптап, қолынан келген кездері агрессия құрбандарына көмектесіп отырды.
Жаңа дүниежүзілік соғыстың сөзсіз болмай қоймайтын мүмкіндігі жоқ еді. Сол кездің оқиғаларына жасалған талдау халықаралық қатынастарды дамытудың альтернативті жолдары болғанын көрсетеді. 30-жылдардың орта тұсында ғана емес, сонымен қатар неғұрлым кейінгі және күрделі кезеңде – соғыс басталар алдындағы соңғы айларда, тіпті соңғы күндерде агрессорлардың жолына тосқауыл қойып, соғысқа жол бермеуге болатын еді. Гитлершілдер 1938 жылдың жазында және күзінде Чехословакияны басып алуға әзірленіп жатқан кезеңде альтернатива болды; ол Польшаға қарсы неміс-фашист агрессиясы тікелей әзірленген 1939 жылдың жазында да болды.
1938 жылдың 15 наурызында американ журналистерінің «Германия Чехословакияға шабуыл жасай қалса, КСРО не істемекші?» деген сұрағына КСРО сыртқы істер халық комиссары М.М.Литвинов «біздің ел одақтастық міндеттемесін орындайтынын» мәлімдеді. Сәуірдің екінші жартысында Москвадағы Чехословакия елшісі З.Фирлингер Прагаға Кеңес үкіметінің ресми позициясы туралы былай деп хабарлады. «Өтініш жасалатын болса, КСРО Франциямен және Чехословакиямен бірге Чехословакияның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде барлық шараларды қолдануға әзір. Бұл үшін онда қажетті құралдардың бәрі бар...» Кеңес Одағының үкіметі жағдайдың ушығып кетуін ескере отырып, Францияға, Чехословакияға көмек көрсетудің нақты формаларын талқылау үшін КСРО, Франция және Чехословакия қарулы күштері бас штабтарының келіссөзін бастауды, Чехословакияны қорғау жөнінде халықаралық конференция шақыруды және агрессорға тиісті ықпал ету үшін ұлттар Лигасына өтініш айтуды ұсынды. Бұған жауап қайтарылмады.
КСРО фашизмге қарсы жападан жалғыз күресуге мәжбүр болатын еді. Бұл орайда Сталин бастаған кеңес басшылығының мұндай жағдайда Мюнхен бітімшілерінің ілтипаты, жалпы, гитлершілдер жағында болып шықпас па екен деп қауіптенуі ықтимал еді. 1939 жылы мамыр айынан бастап кеңес және моңғол әскерлерінің Халхин-Гол өзенінде жапон интервенттеріне қарсы табанды шайқастар жүргізуіне тура келгенін де ескермеске болмайды. Жапонияның агрессияшылдығының күшейе түсуі екі майдандағы соғыс перспективасын әбден айқын байқатқан еді. Кеңес үкіметі 1918-1922 жылдардағы жағдайдың қайталануына жол бере алмайтын, ал ол кезде еліміз дүниежүзінің бірден барлық негізгі державаларының интервенциясына қарсы тұруға мәжбүр болған-ды.
Қалыптасқан жағдай тым қиын еді. Әңгіме шын мәнінде Кеңес мемлекетінің аман қалуының өзі жайында болды. Қалыптасқан әдеттен тыс тарихи жағдайда бір-ақ жол қалды: оқиғалардың алдын алып, Гитлермен ымыраға баруға тырысу керек еді. Бұл орайда, біріншіден, фашистік Германиямен тікелей қақтығысты шамалы мерзімге болса да кейін шегеру перспективасы ашылатын. Ең алдымен, қару-жарақ пен күштерді жаңғырту, экономиканы соғысқа әзірлеудің кең көлемді жоспарын жасап, жүзеге асыру және ақыр соңында жазалау әрекеттері салдарынан әскери командованиенің жоғары буынында пайда болған «жарықшақты» бітеу мақсатында осындай кейінге шегеру өте қажет болды. Екіншіден, герман-жапон альянсына сына қағу мүмкіндігі ашылды.
1939 жылы 20 тамызда И.В.Сталинге шабуыл жасамау туралы шартқа қол қою туралы ұсыныс жасаған хат жолдай отырып, Гитлер олай болмаған жағдайда КСРО-ның «поляк-герман дағдарысына» киліктірілуі мүмкін екенін ескертті. Кеңес-герман қатынастарын жақсарту туралы ұсыныстарды герман өкілдері бұрын да жасаған болатын, алайда кеңестер жағынан ең тәуір дегенде әрі-сәрі жауап қайтарылып отырды. 30 мамырда Сыртқы істер халық комиссары қызметінде М.М.Литвинов В.М.Молотовпен ауыстырылғаннан кейін гитлерлік Сыртқы істер министрлігінің жетекші шенеуніктерінің бірі басшылыққа жасаған басқармасында Германияның «инициативалы ұсыныстар енгізіп жатқанын», бірақ орыстардың «сенімсіздігіне» тап болып отырғанын атап көрсетті. Маусым айының аяқ кезінде елші В.Шуленбург кеңестер жағының «көзге ұрып тұрған сенімсіздігін» тағы да атап көрсетті.
Молотов пен Риббентроп пактісі
1939 жылы 23 тамызда Москваға Германияның сыртқы істер министрі Иоахим Риббентроп келді. 24 тамызға қараған түні Риббентроп В.М.Молотовпен және И.В.Сталинмен әңгімелескеннен кейін шабуыл жасамау туралы кеңес-герман шартына (пактісіне) қол қойылды. Бұл құжатта екі жақтың бір-бірі жөнінде агрессиялық әрекеттен және шабуыл жасаудан аулақ болуы, егер шартқа қатысушылардың бірі үшінші держава тарапынан жасалған «ұрыс қимылдарының объектісіне» айналса, оны қолдамайтын болуы көзделген. Сондай-ақ екі жақ бұлардың біріне қарсы бағытталған державалар тобына қатыспауға міндеттенді.
Кеңес-герман шартына қол қойылғаннан кейін, дәстүр бойынша екі мемлекет басшыларының және халқының денсаулығы үшін шарап құйылып, бокалдар көтерілді. «Мен герман ұлтының өз көсемін қалай сүйетінін білемін, сондықтан оның денсаулығы үшін ішкім келеді», – дейді Сталин. Одан әрі қарай: «Кеңес үкіметі жаңа шартқа өте байсалды қарайды. Сондықтан да Кеңес Одағы ешқашанда өз сыбайласын сатпайды», – деп мәлімдеді ол. Осы күннің ертеңінен бастап кеңес баспасөзі антифашистік науқанды кілт тоқтатып, Ұлыбритания мен Францияны «соғыс өртін тұтандырушылар» деп атай бастады.
1939 жылғы кеңес-герман құпия келісімшарты кеңес халқына арада 50 жыл өткенде, тек 1989 жылы белгілі болды. Бұл шарт нақты жағдайда ақталған және дер кезінде жасалған қадам болғанын, фашистердің бұл келісім демократиялық, бейбітшіл күштерді іріткеніне және осы кезге дейін жағымсыз әсер қалдырып жүргеніне қарамастан, ол КСРО-ның уақыт ұтуына мүмкіндік бергенін қуаттайтын бірсыпыра құжаттық деректер бар. Оның үстіне, тыныстау үшін алынған уақыт әсте де жақсы пайдаланылмағы мәлім. Достық және шекара туралы кеңес-герман шартын алып қарасақ, олар нацистермен принципсіз ынтымақтастық жасалғанын дәлелдейді. Ал бұл құжаттар Еуропадағы оқиғалардың дамуына өзінің жазалаусыз қалатынына сенген Гитлерді қолпаштаған ағылшын-француз саясаты ықпал ете қоймағанына қарамастан, олардың халықаралық-құқықтық және этикалық нормаларға өрескел қайшы келетіні, кеңестік сыртқы саясаттың принциптерінен шегінушілік болғаны айқын.
Екінші дүниежүзілік соғысты бірінші болып Германия 1 қыркүйек күні Польшаға басып кіру арқылы бастаса, КСРО 17 қыркүйек күні Шығыс Польшаға шабуыл жасау арқылы қоштады. Молотов соғыс басталғаннан кейін бір апта өткенде Гитлерді «табыстарымен» құттықтады. 18 қыркүйек күні бірлескен кеңес-герман әскерлері алдын ала келісілген жерлерді өзара басып алуды аяқтады. Осы жеңістің құрметіне 22 қыркүйекте Брест қамалында біріккен кеңес-герман әскери шеруі өткізілді. Екі елдің мемлекеттік туы, кеңестік орақ пен балға және неміс сватикасы қатар көтерілді. 28 қыркүйек күні екі мемлекет арасында «достық пен шекара туралы кеңес-герман келісімшартына» қол қойылып, өзара жаңа шекараларын бекітті. Батыс Украина және Батыс Белоруссия деген атаумен Шығыс Польшаға бөлшектеліп, КСРО құрамына енгізілді.
Кеңес үкіметі Ленинградтың қауіпсіздігін нығайту үшін Кеңес Одағына Фин шығанағындағы төрт аралды 30 жылдық мерзімге жалға беруді, Ханко ауданының бір бөлігін сатуды немесе кеңестік территорияның бөліктерімен алмастыруды өтінді. Алайда Финляндия үкіметі бұған келіспеді. Кеңес Одағының «өзара көмек туралы келісімшарт жасау туралы» ұсынысы да қабылданбады. 30 қарашада кеңес әскерлері Финляндияға басып кірді. Сол күні Финляндия президенті елді соғыс жағдайында деп жариялады. Сталин Финляндияны түгел басып алып, соғысты 1940 жылдың наурызына дейін жалғастырды, бірақ жеті қабаттан тұратын Маннергейм қорғаныс шебін кеңес әскері бұзып өте алмай дымы құрыған соң, 12 наурызда бітім шартын жасауға мәжбүр болды. Осыдан кейін жазда Марел-Фин КСР-і құрылды.
«Барбаросса» жоспары
1939 жылдың тамыз айында Польшаға баса-көктеп кірер алдында Гитлер «Менің қолға алып жатқан шараларымның бәрі Ресейге бағытталған» деп мәлімдеме жасады.
1940 жылдың 22 маусымында Франция тізе бүкті. Енді Гитлер «өзінің ұлы міндеті – большевизммен есеп айырысу үшін» аяқ-қолым босады деп есептеді. Ол «шығыстық сапарды» күз маусымында бастап жіберуді ойластырған болатын. Алайда тәжірибелі генералдар өз фюрерін Кеңес Одағына шабуылды қыс маусымының алдында бастаудың өте қауіпті екендігіне иландырды.
1940 жылдың 18 желтоқсанында Гитлер «Барбаросса» деген кодтық аты бар жоспарды №21 директива түрінде бекітті.
Бұл жоспарда германдық қарулы күштердің алдына кеңестік әскерді Ресейге қысқа мерзім ішінде күл-талқан етудің міндеті қойылды. Үш қуатты соққы арқылы фашистер кеңестік әскерді Прибалтикада, Белоруссияда және Украинаның оңтүстік бөлігінде быт-шытын шығарып, жаудың әскери қабілетті күшін елдің ішіне ендірмеуге ұмтылды. «Барбаросса» операциясының түпкі мақсаты – Волга-Архангельск жалпы белдеуі бойынша азияттық Ресейге қарсы тосқауыл қою болатын. Осындай шапшаң соғысқа небәрі төрт ай бөлінген.
Фашистер үлкен соғысты дайындай отырып, Кеңес Одағының басып алынған жерлерінде жүзеге асыратын жантүршігерлік зұлымдықтарының бағдарламасын да қамдады. Мәселен, немістің бір солдатының өмірі үшін 100 адамға дейін кеңестік тұрғындарды өлтіруге рұқсат берілді.
«Барбаросса» жоспарымен Кеңес Одағына 1941 жылғы 15 мамырда соққы берудің нақтылы уақыты белгіленді. Әйтсе де Балқанға жасалған сапардың салдарынан, бұл уақыт кейінге шегерілді. Содан Югославия мен Греция жаулап алынғаннан кейін 30 сәуірде жоғарыдағы операцияны 22 маусымда бастауға шешім қабылдады. КСРО-ға қарсы соғысты 22 маусымда бастаудың түпкілікті бұйрығын Гитлер 1941 жылғы 17 маусымда берді.
Барлаушылардың мәліметі – арандатушылық
1941 жылдың 5 мамырында Кремльде Сталин әскери академияларды бітірушілерді қабылдап, онда «Гитлермен қақтығысуымыз сөзсіз, бірақ соғыстың басталуын екі-үш айға шегіндіре алсақ, біздің бақытымыз сол болар еді», – деді. Алайда партия жетекшісінің сөзінен кейін – 14 маусымда орталық баспасөзде ТАСС хабары жарияланып, герман-кеңес соғысы туралы өсек-аяңның негізсіз, немістердің бейбітшілікті қолдайтындығы және олар тарапынан қауіп-қатердің жоқ екендігі мәлімденді.
Маусым айының басында Қорғаныс халық комиссары С.К.Тимошенко Бас штабтың бастығы Г.К.Жуковпен бірге Сталиннің қабылдауына баруға рұқсат алды. Олар соңғы мәліметтерді қолма-қол жеткізді. «Ал менің басқа құжаттарым бар, – деді Сталин. – Оны айтасыздар, біздің бір... табылыпты. (бұл арада ол цензураға жатпайтын сөз айтты). Ол Жапонияда зауыттар мен жезөкшелер үйлерін иеленіп үлгеріпті, сөйте тұра германдық шабуылдың 22 маусымда басталатындығын хабарлайды. Сонда маған оған сенуіме бұйрық бересіңдер ме?» Бұл хабар көрнекті кеңестік барлаушы Рихард Зоргеден түскен болатын.
Бір жүйеге келтіріліп сарапталмаған, арасында анық-қанығы белгісіз шикі-шала көп ақпар Сталиннің алдында үйіліп жатты. Оның ақ-қарасын қалай айырасыз, сол себепті кейде аса құнды деректің өзіне күмән туындағаны рас. Айталық, мемлекет қауіпсіздігі жөніндегі халық комиссары В.Меркуловтың «ертең соғыс басталады» деген хабарына сенім көрсетілмеуі соған дәлел. Бұған Сталин: «Товарищу Меркулову. Можете послать ваш «источник» из штаба Германской авиации к е.... матери. Это не «источник», а дезинформация. И.Сталин», – деп бұрыштама соғыпты. («Жұлдыз», 2005, 166 бет).
А.И.Микоянның куәгерлігіне сенсек, Сталин Германия өз кезегінде Англияны тізе бүктірмейінше екі майданда соғыса алмайды деген пікірге әбден сенген. Ол соғыстың басталуын соза тұруға мүмкіндік бар екендігін айтып баққан. Оның бұл пікірінен бөгде әңгіме қозғау өте қауіпті болатын. Мәселен, Берия 21 маусым күні соғыстың басталатын нақтылы уақытын ғана емес, сонымен қатар гитлерлік әскердің басты соққы беретін бағыттарын да дәл көрсеткен. Берлиндегі біздің елшіміз бен әскери атташені тез арада жауапқа тарту үшін Сталиннен рұқсат сұрайды.
Германия бізге шабуыл жасаудың алдында Мәскеуге Берлиннен елшіміз Деканозов келеді. Оны германдық елші Вернер фон Шуленбург өз елшілігіне түскі асқа шақырады. Сол астың үстінде Шуленбург біздің елшімізге былай дейді: «Елші мырза, дипломатия тарихында мұндай жайт болмаған шығар. Неге десеңіз, мен сізге нөмірі бірінші мемлекеттік құпияны айтқалы отырмын. Мұнымды Молотов мырзаға жеткізіңіз, ал ол Сталин мырзаны хабардар етеді деп үміттенемін. Гитлер 22 маусым күні КСРО-ға қарсы соғыс бастауға шешім қабылдады. Сіз бұлайша қадам жасауымның себебі не деп сұрарсыз, мен Бисмарк рухында тәрбиеленген адаммын, ал ол Ресейге соғыс ашуға әрқашан қарсы болып келді...». Иә, басқа-басқа, Гитлерге жақын тұрған адамның бұл ғажайып жағдайда айтқан хабары да Сталинге әсер етпеді ғой...
Әскерді дайындыққа көшіруге тыйым салынды
Кеңес Одағының маршалы Г.К.Жуков өзінің «Воспоминания и размышления» атты кітабында былай дейді: «Әскер мен оның командирлері қандай жағдайда да жарғыға сәйкес әскери міндетті атқаруға дайын болуы тиіс. Алайда соғыс алдында, тіпті 22 маусым күнгі түнде шекараны қорғау эшелонына енетін бөлімдердің командирлері қайсыбір жағдайларда соңғы уақытқа дейін жоғарыдан нұсқау тосты, бөлімдерді қалыпты дайындықта ұстамады». 1941 жылғы 10 маусымда Бас штаб Киев ерекше әскери округі әскерінің қолбасшысы генерал-полковник М.П.Кирпоностың атына төмендегідей жеделхат жолдады». Украина НКВД шекара әскерлерінің бастығы нығайтылған аудандардың бастықтары қамдануға тапсырма алыпты дейді... Мұндай өкімді тез арада жоққа шығарыңдар және осындай өкімді өз бетінше кімнің бергендігін анықтаңдар».
Осы тектес қатаң ескертуді 21 маусым күні Прибалтика ерекше әскери округі әскерінің қолбасшысы генерал-полковник Ф.И.Кузнецов та алған еді («Жетісу», 2005, 7 мамыр).
Шейіт болғандар қанша?
Қашанда тұтқиылдан шабуыл жасау қарсыласына үлкен шығын әкеледі. Мысалы, соғыстың тек алғашқы алты айында ғана кеңес әскерлері 3 млн 138 мың адамынан айырылса, бүкіл соғыс барысында қаза тапқан офицерлер мен солдаттардың 40 пайыздайы осы қанқұйлы 1941 жылдың үлесіне тиеді екен. Оның ішінде 1941 жылдың маусым-қараша айларында Қызыл әскер майданда күніне екі дивизиядай (24-25 мың адамынан) айырылса, соғыс аяғында күнделікті шығындар 20 мың адамнан құраған.
Сөйтіп, 1941-1945 жылдар аралығында Кеңестер Одағының жалпы саны 26 миллионға жуық адамы құрбан болған. Оның ішінде тікелей шайқаста өлген солдаттар мен офицерлер 11 млн 944 мың 100 адамды (фашистік Германияның Қарулы күштері 8,6 млн адам) құрап, тұтқынға 4 млн 59 мың әскери қызметкерлер түсіпті (бұлардың 1,2 млн адамнан астамы өлген). Ал бұл қырғынның зардабынан жалпы саны 13,6 миллиондай кеңестік бейбіт тұрғын опат болған. Жалпы, соғыс жылдары майданға 34476700 адам шақырылып, оның 490 мыңын әйелдер құраған.
Соғыс кезінде 20 генерал абақтыға жабылып, атып өлтірілді (марқұмдар түгел ақталды), үш генерал өзін-өзі мерт қылды, біздің 80 генерал, негізінен, 1941 жылы тұтқынға түсті. Оның 23-і қаза тапты, бесеуі тұтқыннан қашып, 12-сі жау қолына өтті, 37 генерал Отанға оралды. Олардың бәрі «сатқындар, Отанға опасыздық жасағандар» деп жарияланды. Бұлар түгелдей сырттай ату жазасына кесіліп, олардың әйелдері мен әке-шешелері 10 жылға еңбекпен түзеу лагеріне қамалды. («Вопросы историй», 1995, №11-12,42-б)
Қазақстан соғысқа 1.366 мың адамды аттандырып, Отан қорғауға 5183 қыз-келіншектер қатысыпты. Осы орайда республикада 12 атқыштар дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы, 4 атты әскер дивизиясы және екі артиллериялық, 4 минометтік, 3 авиациялық полк және 14 жеке батальондар құрылып, майданға жіберілген. Олар соғыстың барлық шайқастарына қатысып, майдан далаларына 601.011 адамын қалдырып, елге оралған. Оның ішінде туған жеріне жете алмай қаза тапқан қазақтардың саны 130 мың адамды құрайды.
Қорыта айтар болсам, алапат соғыста көз жұмып, соғыстан кейін де жарақаттан, аурудан қайтыс болған қазақстандықтардың адамзатты фашизмнен құтқарып, бейбіт өмір орнатуда сіңірген еңбегі мен ерлігі тарихтың биік тұғырынан орын алады және оны сол «тақтан» ешқандай жүйе, волюнтаризм, саяси ағым мен мода, саясаткер-сымақтар да түсіре алмайды. Қазір соғыс кезіндегі жүйе, мемлекет, идеология жоқ болғанымен, сол заманның биік рухы, жанқияр отансүйгіштігі, санамызға сіңірген принциптері ТМД-ның бар халқын біріктіріп тұр. Осы қасиеттер сақталып тұрғанда – біздің арамызда соғыс та, жанжал да болмақ емес. Сондықтан да осы асыл қазынамызды сақтай білейік.
Сандар сыр шертеді
• Гитлерлік Германия Кеңестер Одағына қарсы соғыс жоспарын жасағанда, онда Қазақстанға да байланысты шаралар белгіленген болатын. Ол жоспар бойынша Атлантикадан Сібірге дейінгі «Германиялық біртұтас этникалық-территориялық кеңістік құру» көзделген еді. Сондықтан да қазақтар адамзаттың ортақ жауы фашизмге қарсы күресті.
• Германия және оған одақтас елдер – Италия, Румыния, Финляндия мен Венгрия КСРО-ға қарсы құрамында 5,5 млн мұздай қаруланған солдаты мен офицерлері бар 190 дивизияны шығарды. Жаудың 47,260 отты қаруы мен штурмдық жарақтары, 5000-ға жуық әскери ұшақтары және 190 әскери корабльдері болды. Мұндай ауқымдағы агрессияны тарих бұрын-соңды білмеген-ді.
• Батыстағы шекаралық облыстарда кеңестік әскер де пәлендей кемшін емес еді:
2 млн 680 мың қызыл армияшылар мен командирлер тұрды. Сонымен қатар 37 500 отты қару мен минометтер, 1475 жаңа үлгідегі танктер, 1540 жаңа үлгідегі әскери ұшақтар, сондай-ақ ескірген жобадағы көп мөлшерде танкілер мен ұшақтар болды.
Соғыстың алғашқы күні неміс-фашистік әскердің басшылығы шайқасқа 153 дивизия тартты. Біздің тарапымыздан шекара аймағындағы ұрысқа алғашқы эшелондағы 56 дивизия (900 мыңға жуық жауынгер) қатысты. Алайда біздің әскер барлық жерде бірдей әскери тәртіпке сай шайқас жүргізе алмады, сөйтті де алғашқы бетпе-беттерде-ақ үлкен шығындарға жол берді.
• 22 маусым күні таңғы уақытта КСРО әскерінен 1200 ұшақ, оның ішінде әуежайларда бүркемеленбей ашық қалған 800 ұшақ, жанар-жағар май құйылмаған 800-ге жуық танк құртылды, дәл шекара іргесінде тұрған қару-жарақсыз 500-ден астам артиллерия құралы жау қолына түсті.