Еріккен сарттың ертегісі сияқты екен
Жуырда танысымнан балаларға арналған кітап туралы естідім. Кітап «Жолың болсын!» деп аталады екен. Авторы – Жақсылық Кенжалиев. Онда повесть, әңгімелер, мысалдар келтірілген.
Енді танысымды шошытқан жағдайға тоқталайын. Кітаптағы «Труси мен көйлек» деп аталатын ертегі былай өріліпті:
«Бір баланың трусиі көйлекке: «Сенсіз-ақ күн көре аламын. Қасымда тұрып алып жанаса бердің ғой тіпті!» – деп, етек жақтың кездейсоқ үстіне жабылып кеткеніне налып, тиісе беріпті. Күндердің бір күнінде әлгі бала ыстықта шайынып алмақшы болып, көйлегін шешіп тастаса керек. Трусиге су шашырап, тіпті кейбір жері әбден дымқылданып қалады. Сөйтіп қайта жуынуға мәжбүр болыпты.
Кейін көйлек те, труси де жуылып, үтіктеліп, әлгі баланың үстінде қайта кездесіпті.
...Қиын екен. Труси көйлекті кәдімгідей сағынып қалыпты», – деп аяқталған.
Құрбым: «Мұндай да ертегі бола ма екен? Мынадан менің ойдан құрастырған әңгімелерім мәндірек қой. Әлде бұл «Заманына қарай киімі, зердесіне қарай түйіні» демекші, қазақтың қазіргі мәдениеті мен әдебиетіне, соның ішінде ертегісіне келген, мен секілді «қалып қойған» адам түсіне бермейтін жаңашыл бір стиль ме екен? «Ноухау» әңгіме болса, солай деп жазып қойсын. Біз сияқтылар санасы жетпейтіндіктен алмай, айналып өтер едік. Қалай болғанда да мынадай мәтіндегі «сап-сары сағынышпен» аяқталатын ертегіні балаларымызға қалай оқып береміз? Осы кітапты басылымға жіберерде өңдеуден өткізетін редакция алқасы қайда қарайды екен?» – деп кейіді.
«Жолың болсынның» редакция алқасында еліміздің танымал жазушылары Мұзафар Әлімбаев, Сұлтан Қалиұлы, Сейфолла Оспан, Болат Үсенбаевтардың есімдері жазылған екен. Кітаптың кіріспесін оқып, тіпті аузымыз ашылды. «Алматы» баспасында 2011 жылы жарық көрген туындының алғашқы парағында «Жас жазушының тұңғыш жинағы. Қаламгердің балалар тақырыбына ден қоюы қуантарлық. Жас өркен жанына жақын әңгімелерінің оқиғасы қызықты, балаға тән әрекеттерімен оқырманын табатынына сенімдіміз» депті.
Қызығы сонда, автор 1955 жылы туған. Ал кітап 2011 жылы жарық көріп отыр. Жасы 56 ға келген кісіні «Жас жазушы» деп таныстыруы қызық емей немене?!
Сонымен бірге кітап Қазақстан Республикасы Байланыс және ақпарат министрлігі, Ақпарат және мұрағат комитеті арқылы, «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша шығарылыпты. Яғни мемлекет есебінен шығарылған.
Ал Жақсылық Кенжалиев Қызылорда облысының Сексеуіл станциясында дүниеге келген екен. Балаларға арналған шағын әңгімелері республикалық басылымдарда жарияланып келіпті. Қазір жеке фирмада директор қызметін атқарады екен.
Д. МЕДЕУОВА