Этиканы бұзған полиция қызметкерлерінің мәселесі қоғамдық кеңесте қаралады
Бес институционалдық реформаның әрқайсысы бойынша Мемлекет басшысы бірқатар нақты міндеттер белгіледі. 100 нақты қадамда Президент құқық қорғау органдарына қатысты да бірнеше мәселе көтерді. Елбасы полиция қызметкерлерін іскерлік қабілеттеріне қарай іріктеуді ұсынды. Полиция қызметкерлері және қызметкерлікке кандидаттардың кәсіби дағдылары мен жеке тұлғалық қасиеттері ендігі жерде тест арқылы тексерілетін болады.
Президент жергілікті қоғамдастыққа есеп беретін жергілікті полиция қызметін құруды тапсырды. Жергілікті полиция қызметі қоғамдық тәртіпті қорғау, тұрмыстық қылмысқа қарсы тұру, жол-бақылау қызметі, ұсақ құқық бұзушылықтармен күресетін болады. Полиция қызметкері ретінде өз басым бұл қадамды құптаймын. Өйткені, бізге осындай қылмыстармен күресетін дербес полиция қызметі керек-ақ. Соңғы кездері біз полиция қызметкерлерінен әмбебап болуды талап етіп кеттік, алайда, өмір оның бұрыстығын дәлелдеді.
Реформада полиция қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету мәселесі көтерілген. Расында да, полицейлердің үстінен шағымданушылар аз емес. Енді этиканы бұзған полиция қызметкерлерінің мәселесі қоғамдық кеңесте қаралатын болады. Бұл кеңестің мәртебесі, өкілеттігі заңды түрде бекітілмек.
Сондай-ақ, реформада «Қылмыстық құқық бұзу картасы» интернет-порталын құру мәселесі де айтылған. Бұл картада елімізде бір аптадан әрі кетпейтін мерзімде жасалған барлық қылмыстық құқық бұзушылық тіркелмек. Бұл тұрғындардың біздің жұмысымызды бақылауларына мүмкіндік береді. Сондай-ақ, бұл азаматтардың полиция қызметкерлерінің жұмысының қаншалықты жауапты әрі ауыр екеніне көздерін жеткізеді деп ойлаймын.
Елбасы құқық қорғау органдарының қызметкерлерін мемлекеттік қызмет жүйесіне қосуды ұсынды. Осыған сәйкес әрбір құқық қорғау қызметінің ведомстволық ерекшеліктеріне сәйкес бірыңғай қызмет ету ережесі енгізілмек. Мұндай қадамдар полиция қызметкерлерінің имиджін көтеруге ықпал ететініне сенімдімін.
Baq.kz