Инемен емдеудің де қаупі бар
Денсаулыққа жетер байлық жоқ. Кейбір ем қонбайтын дерттің алдында тіпті асып-тасқан байлығың да дәрменсіз. Солай екеніне әсіресе қазір, яғни аурудың бұрындары беймәлім болып келген неше түрлері пайда болып жатқан кезде даусыз сендік. Ауру-сырқау көбейді ме әлде нарық па, әйтеуір, елде қазір емдеу орындары көптеп ашылуда. Мемлекеттік мекемелерді айтпағанда, жеке адамдар иелігіндегі емдеу орындары да жетіп-артылады. Жарнамаларына қарап, мазалап жүрген сырқатыңнан айығуың не айықпауың тек солардың ғана қолында тұрғандай сезінетіміз тағы бар. Имандай иланып, жетесің. Алайда... Кейін қанша қаржыңнан қағылып, алтын уақытың зая кеткенде, «қап» дейсің. Иә, ешбір дәрігер не емдеу орны ауруыңнан құлантаза айықтыруға кепілдік бермейтінін білеміз. Сол себепті де, амал жоқ, «садақа» деп жұбатасың өзіңді. Өкінішке қарай, осындай жайттар барған сайын көбейе түсуде. Ел арасында әсіресе инемен емдеуге қатысты әңгіме сан алуан.
Асқар ДӘКЕН, нейрохирург, шығыс-тибет медицинасының білікті маманы:
– Шынымен де, Қазақстанда инемен емдейтін орындар көптеп ашылуда. Бұл – сұраныс бар деген сөз. Қазір көпшілік дәрілік препараттардан гөрі, инемен, шөппен, басқа да халық медицинасы жолдарымен емделуді қалайды. Негізі, алтын ине деп айтқанымен, шын мәнінде, мұндай инелер тек алтыннан жасалмайды. Оның құрамында мыс, аздаған алтын және таттанбайтын болат бар. Жалпы, мұндай инелер қымбат тұрады. Сондықтан оны ұзақ мерзімге қолдануға тура келеді. Әрине, әр адамға қорапшасы жаңа ашылған ине салған жақсы-ақ. Алайда ондай мүмкіндіктер жоқ. Міне, инемен емдеудің ең қауіпті жері – осы. Егер ине дұрыс дезинфекцияланбаса, ол түрлі жұқпалы ауруларға әкеліп соқтыруы мүмкін. Негізі, бұл мәселені көтергендеріңіз өте дұрыс болған. Себебі егер ине дұрыс салынбаса, мәселен, өкпеге салғанда аса сақ болмаса, яғни терең батырып жіберсе, өкпе зақымданып, ауа толып кетуі мүмкін немесе бауырды емдегенде ағза тесіліп кетсе, іштен қан кетуі де ғажап емес. Сондай-ақ адамның жұлынына ине салғанда сәл қателессең, адамның өліп кету қаупі бар.
Ал дәрігерлердің білім-біліктілігіне келсек, инемен емдейтін дәрігерлер бес жылда бір дәрігерлердің білімін жетілдіру институтында инемен емдеу терапиясынан сынақ тапсыруы тиіс. Содан кейін ғана рұқсат беріледі. Рұқсат алу үшін қойылатын шарт – жоғары білім, диплом. Менің ойымша, инемен емдеумен айналысып жүргендердің барлығын бір тексеріп қоюдың еш артықтығы жоқ. Өйткені білімі жоқтардың да инемен емдеумен айналысып жүргендерінен хабардармын. Сондықтан да әрбір адам ине салғызарда дәрігердің қолында рұқсаты бар-жоғын анықтап алғаны жөн. Бұл – адамдардың өздерінің қауіпсіздігі үшін.
Адамдардың мына мәселені ескергендері жөн: кейбір науқастарға инемен емдеудің еш көмегі тимейді, сондай-ақ құр инемен ауруды жазуға болмайды, оған қосымша ем-домдар пайдалану керек. Сонда ғана инемен емдеудің нәтижесі болмақ.
Рас, инемен емдеу үлкен сұранысқа ие. Сөз жоқ, егер инемен емдеудің нағыз маманына тап болсаңыз, иненің пайдасы болмаса, зиянсыз. Алайда адам бойындағы ине салуға болатын 700 мың саналатын нүктені дөп басып таба алмай, әншейін пошымын ғана жасайтындар аз емес. Мана айтқан түрлі әңгімелер – осындай емшісымақтарға өкпелі жандардың базыналары. Осы тұста айта кетейік, 1,5 миллиард халқы бар Қытайда ине салумен айналысуға жылына сегіз-тоғыз дәрігерге (!) ғана рұқсат беріледі екен. Оның өзінде жоғарыда сөз болған 700 мыңдай нүктені қателеспей табатын болса...
– Мен әу баста бір таныстарымның айтуымен Алматы қаласындағы белгілі саналатын бір жекеменшік емханаға барған едім. Сөз жоқ, қызметкерлері өте биязы, мәдениетті, күліп қарсы алады, күліп шығарып салады. 10 күн бойы алтын ине алдым. Шынымды айтсам, түк сезбедім. Бұрын алтын ине салғызып көрмеген мен осылай болатын шығар деп ойладым. Алайда 10 күндік ем-домнан кейін денсаулығымда ешбір өзгеріс болған емес. Болған емес деймін, керісінше, нашарлап кеттім. Кейін арада бір-екі жылдай уақыт өткенде, «үмітсіз шайтан», Қытайдан келген дәрігерге тағы бардым ине салдыруға. Ине қабылдап жатқанда дәл сол жерім тоқ соққандай шым етіп, жиырылып барып тарап, иненің әсерін қатты сездім. Сөйтсем, алтын ине керек нүктесіне дәл салынғанда сондай болады екен ғой. Сол кезде барып білдім алғашында барған медициналық орталық дәрігерлерінің ине салу әдісін дұрыс меңгермегендерін. Бәлкім, бәрі емес шығар, бірақ мен тап болған дәрігер анық сауатсыз деген ойда қалдым. Сонда тәжірибесі бар, инемен емдеудің тәсілдерін жетік меңгерген мамандарды қалай ажыратуға болады? – дейді бір дәрігерден көңілі қалып, алтын қолды дәрігердің бар-жоғынан күмәндана бастаған әңгімелесушіміз.
Шәкен Шынтаев, академик, ҚР ДСМ халық медицинасы жөніндегі бас маманы:
– Бұрындары инемен емдеумен негізінен тәжірибелі деген мамандар ғана айналысатын. Қазір ақша табудың көзіне айналып барады. Былайша айтқанда, дипломы жоқ, инені қай жерге салатынын білмейтіндер пайда бола бастады. Бұл өте қауіпті. Сондықтан талапты күшейту керек. Кейінгі шыққан заңға сәйкес, қазір аталған салада жүргендер сертификаттарын жыл сайын ұзартып отыруы тиіс. Ал бұрындары лицензиясын алғаннан кейін бес жылға ізім-қайым жоғалып кететін, яғни ешкімнің алдында есеп бермей, Үкіметке салықты да дұрыс төлемейтін. Ендігі мәселе, олардың барлығын тексеріп шығу керек деп ойлаймын. Өйткені медициналық талаптарды еш сақтамайтындар аз емес. Мәселен, инені пайдаланған соң, оны жарамсыз етіп тастау керек. Өкінішке қарай, бірқатар дәрігерлер бір адамға салған инені сақтап қойып, екінші бір адамға пайдалана береді. Ал бұл адам денсаулығына, тіпті өміріне қауіпті.
Инемен емдеуге біздің елде қазір 2001 жылы ашылған Қазақ-Ресей медициналық университетінің шығыс факультеті дайындауда. Сол оқу орны 2001 жылдан бері 120-ға жуық маман дайындап шығыпты. Менің есебім бойынша, инемен емдейтін дәрігерлер саны бір Алматы қаласында – 80-ге жуық. Оның сыртында «гастарбайтерлер» тағы бар. Айтпақшы, оларды да ҚР Дәстүрлі және халық медицинасы орталығы арқылы бақылап отыру керек дер едім.
«Инемен емделемін деп өліп кетіпті» дегенді естіген жоқпыз. Алайда сананы ақша билеп бара жатқан мына заманда, «жаман айтпай, жақсы жоқ», кім-кімнің де сақ болғаны жөн.