Кімге күлкі, кімге түрпі немесе “Шыман кемпірдің ақылы”
Қалам ұстаған қатарда жүрген соң, қағаз бетіне ой түсірмей отырмаймыз. Сол ретте мына бір ерсі көріністі көзіміз көріп қалған соң, үнсіз қала алмай ортаға ұсынуды жөн көрдік.
Анда-санда теледидарға телміре қалатын осалдық бізде де бар. Сол әдетпен бала-шағаның қатарына жайғаса қалып едім. “Әзіл әлемінің” соңы екен. Таңдайы тақылдаған Тұрсынбектің “тамаша” таныстыруынан соң көзілдірікті кемпірдің кейпінде Ерболат Төлепберген еңкеңдеп сахнаға шықты. Кейуананың рөлін сомдауында мін жоқ. Әртіс-ақ қой. Мақсаты жұртты күлдіру болған соң, “Шыман апа” болып бірталай езутартар айтты. Сонысымен тоқтай салғаны жөн еді. Ерболаттың соңғы әзілі зілдей болды.
Айналып келіп, жетім балалар мен қарттар үйіндегі қам көңілділерді келемеждеп, жүректерін солқылдатып өтті. “Ана жақта жетім балалар, мына жақта қарттар. Соларды аптасына екі рет кездестіріп тұрса ғой” деп “ешкімнің ойына келмеген ақылды” айтты да салды. “Мынау бір табылған ұсыныс екен” дегендей қалың жұрт дуылдатып шапалақ ұрып жатыр.
Осы көріністен біздің де жүрек солқ етті. Бұл не сонда? Енді жетпегені, бірінің маңдайына туа жетімдікті, бірінің маңдайына қартайғанда бала-шағадан тұл қалу тағдыры жазылған мұңлы жандардың жарасын тырнап ойнау ма? “Қарттар үйіндегілер мен жетімдер үйіндегілерді бір-бірімен неге араластырмайсыңдар?” деген, бір қарағанда қамқорлық сияқты көрінгенімен, ойлап қарасаңыз осының қисыны бар ма? Жақсы, жетім көңілді бала біткен “шіркін бір туысым келсе ғой” деген аңсаумен есікке жәудіреп қарап жүрсін-ақ. Бірақ, “Қарттар үйіндегі” қалың қариялардың бәрі “немере иісіне зар болып” жүр деп кім айтты?
Осындайда еске түседі. 2000 жылдың қысы. “Астана ақшамы” газетінің қызметкеріміз. Сол тұста оны-мұны жазып, редакцияға жиі келіп тұратын қалалық “тілшілер” қатары бірталай еді. Бірде шоқша сақалды, киім киісі ықшам, жүріс-тұрысы ширақ қария келді. Өзін “Қарттар үйінен едім” деп таныстырған соң, шаруаны жиып қойып, әңгімелесе қалдық. Сұрастырып көрсек, бала-шағасы бар кісі болып шықты. Таң қалдық. “Ендеше неге “Қарттар үйінде жүрсіз?” деген сауалымызға: “Үкіметтің бізге жасаған қолайлы жағдайын неге пайдаланбаймын? Ұл-қызым Алматыда. Сағынсам барып, немерелерімді иіскеп қайтамын. Бірақ, олардың ылғи мазасын алып нем бар? Мұнда тыныш, жайлы ғой” дегенді өте жайбарақат айтты. Ақсақалдың таным-түсінігінен түңіліп қалдық. Ренжігенімізді де жасыра алмадық, содан қайтып ол кісі де бізге көрінбеді. Жақында теледидардағы “Айтуға оңай” бағдарламасына қарай қалсам, бір қария тура жоғарыдағыдай: “Қарттар үйінде” замандастарым көп, солармен әңгімелесем, шахмат ойнаймын. Баламның үйі тар. Мұнда тыныш, барлық жағдай жасалған” деп соғып отыр. Әрине, бұл бір-екі мысалмен “Қарттар үйіндегі” адамдардың бәрі осындай” дегіміз келмейді. Әркімнің пешенесіне жазылған тағдыры қилы-қилы.
Айтпағымыз, біреулерге күлкі көрінген жайт, енді біреулерге түрпідей тиеді? “Қарттар үйінің” тұрғындары жетім балаларды бауырына басып, немересіндей айналып-толғанғысы келіп емешесі езіліп жүргендер емес. Егер солай жасаймын десе, “Жетімдер үйіне” қарттардың баруына осы кезге дейін кім кедергі болыпты? Ендеше “Шыман кемпір” арқылы тым қисынсыз “ақыл” айту қаншалықты орынды?
Төлеген ЖӘКІТАЙҰЛЫ,
namys.kz