Кипрдегі қазақ қызы қазіргі жағдайлары туралы айтып берді
Халқының басым бөлігі түрік ағайындар болып табылатын Солтүстік Кипрде (Солтүстік Кипр түрік республикасы) Искеле деген шағын қала бар. Жерорта теңізі жағалауында орналасқан, табиғаты көркем, климаты жайлы осы қалада бүгінде Диана Кемел есімді жерлесіміз тұрып жатыр. Біз кешегі күні Дианамен хабарласып, одан Солтүстік Кипрдегі қазіргі ахуал жөнінде сұрадық.
– Диана, сіздер жақтағы қазіргі жағдай қалай болып жатыр? Карантинді қалай өткерудесіздер?
– Негізі бізде коменданттық сағат режимі енгізілген. Оның тәртіптеріне көніп, үйреніп қалдық. Сол қатаң шараның нәтижесі болар, кейінгі бір аптада мұнда жаман дертпен тіркелгендер болған жоқ. Коронавирус жұқтырғандар саны 108 еді, қазір солардан ауруханаларда 12-ақ адам қалды деп естіп жатырмыз. Айығып кеткендер баршылық. Ал, жалпы, бұл дерттен қайтыс болғандар саны 4 адам деп айтылады.
– Ол жақта қазір ауа райы қалай? Теңізде шомылуға мүмкіндік бар ма?
– Күн жылы, әдемі болып тұр. Шомылуға болар еді, бірақ, өкінішке орай, қазір коменданттық сағат тәртібі бойынша ол жаққа аттап басуға қатаң тыйым салынған.
– Коменданттық сағат қай кезде басталған еді? Оның талаптары қандай? Тәртіп бұзатындар болып тұра ма? Оларға қандай шара қолданылады?
– Бізде коронавирусты алғашқы жұқтырушы адам тіркелген күннен бастап карантин ендірілген. Бұл жаққа туристер көп келеді ғой. Вирусқа ең бірінші болып шалдыққан адам да – турист, германиялық қария, әйел кісі. Сол күні ол тұрып жатқан отель толықтай жабылды. Тұрғындарға балаларын мектептен алып кету жөнінде ескертілді. Содан бергі екі айға жуық уақыт бойы балалар қашықтан білім алуға көшкен. Қазір студенттер де солай білім алуда.
Бізде алғашында карантин жарияланған, кейін ол коменданттық сағатқа ұласты. Оның тәртібі қатаң. Үйден тек дүкенге ғана шығамыз. Шағын дүкендер бір мезгілде 5 адамнан артық кіргізбейді. Маскамен, арнайы қолғаппен жүру керек. Мұндай қорғаныс құралдарын дүкендердің кіре берісінде де береді.
Ал қандай да бір себеппен басқа жаққа бару аса қажет болса, ол үшін арнайы мемлекеттік сайт арқылы себебін көрсетіп өтініш бересің. Блок-бекеттерден электронды түрде алған осы рұқсатты көрсетіп өтуге болады.
Жаңа айтқанымдай, бұл жақта қазір тәртіп өте қатаң. Оны бұзғандарға қомақты айыппұл салынады, тағы да көзге түссе, 3 күнге қамап та қояды. Сондықтан ондайлар сирек кездеседі. Жалпы, бұл жақтың адамдары заңды құрметтейді, тәртіпті жандар.
– Өзіңізді, отбасыңызды қысқаша таныстырып өтсеңіз. Қандай жұмыс істейтін едіңіз? Отағасы немен айналысады? Қанша балаларыңыз бар?
– Мен Оңтүстік Қазақстандағы Қазығұрт ауданында туып-өскенмін. Білімім – жоғары. Бірақ бұл жақта қазір «Вид на жительство» (тұруға ықтиярхат) дейді ғой, сондай рұқсатпен тұрып жатырмын. Ол бойынша жұмысқа ресми түрде орналаса алмаймын. Қазір үйдемін, яғни үй бикесімін. Бұл жақта білім сапасы жоғары, тереңдетіп оқытады, сондықтан әу баста балалар жақсы білім алсын дегенді мақсат етіп келгенбіз. Қызымыз – 6-шы, ұлымыз 1-ші сыныпта оқиды. Ал жолдасым бизнеспен айналысады, жұмыс орны Алматыда. Бұл жаққа Наурыз мерекесі қарсаңында келіп еді, карантинге байланысты әуе қатынасы тоқтатылғасын, кері қайта алмай қалды.
Бұл жақта виза мерзімі бітіп, бірақ еліне қайта алмай жүргендер көп. Үкімет оларға түсіністікпен қарайды. Яғни айыппұл салмайды.
– Енді қалай күнелтіп жатырсыздар?
– Құдайға шүкір, бізде бәрі де жетеді. Жағдайымыз жақсы.
– Азық-түлік жағы жеткілікті ме? Қымбатшылық болып жатқан жоқ па?
– Азық-түлікпен қамтамасыз ету жақсы жолға қойылған. Бұрын аптасына бір күн базар болып, фермерлер өнімін әкеліп саудалаушы еді, қазіргі жағдайға байланысты сол ғана тоқтап тұр. Дегенмен дүкендерден, супермаркеттерден қажеттің бәрін табуға болады. Баға карантинге дейінгіден аса қымбаттай қойған жоқ.
– Мысалы, теңгеге шағып есептегенде ол жақта нан, сүт, ет қанша тұрады?
– Бір бөлке нан 500 теңге тұрады. 1 литр сүттің құны да сондай, дегенмен қолдікін 300 теңгеге алуға болады. Ал ет бұл жақта бұрыннан қымбат, 1 килосы 5 мыңнан 8 мың теңгеге дейін барады. Солтүстік Кипр тұрғындары тек қойдың, ешкінің, сиырдың етін ғана тұтынады.
– Солтүстік Кипрдің валютасы қалай аталады? Оның теңгемен, доллармен салыстырғандағы бағамы қандай?
– Бұл елдің ақшасы «Түрік лирасы» деп аталады. 1 лира құны қазір 60-65 теңге шамасында. Ал 1 долларда 7 лира бар.
– Ол жақта жұмысы тоқтап қалғандарға қандай жағдайлар жасалып жатыр?
– Егер адам бұрын жұмыс істеп, бюджетке салық төлеп тұрған болса, оған 1500 теле жәрдем беріледі. Халықтың тұрмысы төмен, әлжуаз топтарына мемлекет, волонтерлер тарапынан «азық-түлік пакеті» түрінде де көмек көрсетілуде. Бұл жақта студенттер де көп. Бұрын олардың жартылай ақыға келісіп жұмыс істеуіне болатын еді, карантин кезінде ондай мүмкіндік болмай қалды. Сондықтан оларға да жәрдем жасалып жатыр.
Осы орайда бір қызықты жайды да айта кетейін. Бұл жақта көшеден иесіз иттер мен мысықтарды жиі көруге болады. Туристер тұрақтайтын мейманханалар, мейрамхана-асханалар көп болғандықтан олар ешқашан аш қалмайтын еді. Енді оларды қала басшылығы қамқорлыққа алған, арнайы адамдар бөліп қойған, солар иесіз иттер мен мысықтарды уақтылы азықтандырып тұрады.
– Иесіз ит пен мысық та қамқорлықсыз емес дейсіз ғой... Ал әлгі «1500 теле» дегеніңізді түсінбей қалдық...
– «Тл», яғни түрік лирасы, оны бұл жақта қысқаша солай атайды.
– Ол жақта тұрып жатқан қазақтар көп пе? Солтүстік Кипрге барып, жұмысқа орналасуға бола ма?
– Негізінен Солтүстік Кипрге адамдар демалу үшін келеді. Әсіресе ағылшын қариялары көп. Өйткені бұл арал бұрын Англияның отары болған. Жалпы, әлемнің әр түкпірінен адамдар келіп жатады. Жұмыс іздеп келетіндер де аз емес. Олар осында келіп, жұмыс іздеп тапқасын жұмыс берушімен келісім-шартқа тұрады. Сосын өз еліне қайтып, жұмыс визасының келуін күтеді. Ондай виза қолға жиырма шақты күнде тиеді дейді білетіндер.
Бұл жақта қазақтар баршылық. Соңғы екі жылда олардың қатары біршама артып отыр. Бірақ жұмыс істейтіндері аз сияқты. Тұруға ықтиярхат алғандардың ішінде қандай да бір жолмен ақша табатындары да бар шығар, ол жағын білмедім. Негізінен жастардың көбі казиноға жұмысқа тұруға тырысады. Өйткені мұнда казинолар да баршылық.
– Жылжымайтын мүлік бағасы қандай? Бір бөлмелі пәтерді қаншаға сатып алуға болады? Жалға алу ақысы ше?
– Бір бөлмелі пәтер құны 30 мың доллардың шамасында. Баға үйдің тұрған ауданына, көлеміне, жасалған жағдайына қарай осыдан жоғары қарай арта береді. Теңізге жақын аумақтағылары бұдан екі-үш есеге дейін қымбат болады.
Ал пәтерді бір айға жалға 250 долларға алуға болады. Теңізге жақындары күндігіне 25-30 доллар ақы алады.
– Ол жаққа барамын деушілердің түрік тілін түсінуі жеткілікті шығар?
– Түрік және ағылшын тілдерін білгені жақсы. Жалпы, шет тілін білетіндер қай жақта болса да, аса қиналмайды ғой. Мысалы, жақында бір қазақ келіншек біздің мектепке неміс тілінің мұғалімі болып жұмысқа орналасты.
– Әңгімеңізге рахмет. Елге қандай сәлем айтасыз?
– Ең бастысы, қазіргі жағдайдан аса қиналмай өтсе екен. Елімізде әрдайым тыныштық болып, Отанымыз жан-жақты дами түссін деп тілеймін.
– Бұл жақтағы өздеріңіз де аман болғайсыздар. Алға қойған мақсаттарыңыз орындала беруіне біз де тілектеспіз.
Д. НҰРПЕЙІС.