Клан деген не? Ол Қазақстанда бар ма?
Бүгінде кейбір саяси оқиғалар туралы әңгіме болғанда «клан» деген сөз құлаққа шалынып қалып жатады. Астролог-жұлдызшылардың алдағы уақытқа жасаған болжамдарының ішінде де «кландар әрекеті», «кландар күресі» деген сияқты сөз тіркестері жүреді.
Ал осы «клан» дегеніміз не? Ол Қазақстанда бар ма?
Негізінен «клан» деген – ерте замандарда Батыс және Орталық Еуропаны мекендеген тілдері ұқсас халықтардағы тайпаның атауы. Яғни ол – бір атадан, кей жағдайда аты аңызға барып тірелетін түпкі бабадан таралатын тайпалық қауымдастық. Алғашында осындай туыстық негізде ұйымдасып, өз тұрмыс-тіршілігін қорғап-кеңейткен қауымдастықтар бірте-бірте өзіндік атауы қалыптасқан дербес ұлтқа айналған. Осы кездері пайда болған айрықша әрекеттегі топтарды да кейін «клан» деп атайтын болған. Іштеріндегі ең беделді адамның атымен ол «пәленшенің кланы» деп аталған.
Ал бертінде «клан» атауы жалпы ортақ мүдде төңірегінде ұйысқан топтарды, тіпті ұйымдасқан қылмыстық топтарды сипаттауда да қолданылатын болды.
Қысқасы, «клан» дегеніміз – қазіргі түсінікте қандай да бір мақсатта құрылған, бір-бірімен тығыз байланыстағы мүдделес адамдар тобы.
Кландар КСРО кезінде де болған. Кей деректерде қазіргі ТМД елдерінде де бар деп айтылады. Бірақ олардың іс-әрекеттері жөнінде ашық деректер жоқ. Яғни олар көздеген мақсаттарына жабық түрде жетіп отырады.
Кландардың ішіндегі ең қауіптілері – мафиялық кландар. Олар жөнінде негізінен «Голливуд» фильмдерінен білуге болады. Кейінгі кездері ресейліктер де осындай фильмдерді жиі түсіріп жүр.
Мысалы, КСРО кезінде құрылған мафиялық кландар жөнінде деректер бар. 1980-1990 жылдары осындай кландық топтардың әрекеті күшейіп, олар экономикаға, саясатқа араласа бастады. КСРО ыдыраған соң Ресейдегі кей кландық топтар жергілікті басқару жүйесіне, тіпті мемлекеттік билікке де араласып кетті. Қазір оларда мафиялық клан бар-жоқтығы көп айтыла бермейді, дегенмен кейбір шулы оқиғалар мен сот процестерінен ондайлардың түбегейлі жоқ болып кетпегені сезіліп тұрады.
Қытайда XVІІ ғасырда «Триада» деп аталатын мафиялық кландар пайда болған. Мүшелері «3» санының құдіретіне қатты сенетіндіктен кланды осылай атаған. Бүгінде Қытайда олар жоқ есебі, себебі бұл елде заң қатаң, «Триадаға» мүше екені анықталған адам бірден өлім жазасына кесіледі. Сондықтан «Триада» қазір өзінің әрекетін негізінен Тайвань мен АҚШ-та жүргізеді деген сөз бар.
Бүгінде АҚШ-тың өзінде де бірнеше мафиялық кландар бар деп айтылады.
Ал Жапония өзінің «Якудзасымен» белгілі. Бұл елде оларды бәрі біледі, одан қатты қорқады.
Еуропалық елдердің ішінде мафиялық кландарымен танымалы – Италия. Онда XІX ғасырда «Коза Ностра» пайда болған. Бүгінде ол халықаралық деңгейде әрекет етеді, бөлімдерінің көбі АҚШ-та.
Жоғарыда аталғандар – өзінің даму барысында ұйымдасқан қылмыстық, тіпті трансұлттық деңгейдегі топтарға айналған кландар. Бұдан басқа, өз іс-әрекетін аса дабыра қылмай, мақсатын қолындағы қаржылық, саяси мүмкіндіктер арқылы бейбіт түрде іске асырып жататын кландық топтар барлық елдерде, әсіресе авторитарлық билік орнаған елдерде баршылық.
Қазіргі кездері кейбір ақпарат көздерінде Орта Азия аумағындағы кейбір топтарды «Ортаазиялық кландар» деп те айтып жүр. Мысалы, Қырғызстанда кландар туралы жиірек айтылады. «Оңтүстік кланы», «солтүстік кланы» деген сөздер жүреді. Кезінде қазіргі Президент Сауранбай Жиенбековтің жұртқа Қырғызстанда әулеттік-кландық басқаруға жол бермеймін деп уәде еткені жұрттың есінде. Яғни бұл елде ондай биліктің орнығу қаупі болған деген сөз. Ал бүгінде ол кісінің өзін де әулеттік клан құрмақ ниетте деп кінәлап жүргендер бар.
Тағы бір жақын көршіміз – Өзбекстандағы клан туралы айтқанда оларды тұрғылықты облыс, аумақтарына қарай «Ташкент кланы», «Самарқан кланы», тағы басқадай кландар деп бөліп атап жатады. Тәжікстанда да оларды жергілікті аумақтарға қарай бөліп айтады. Ресми түрде емес, бейресми түрде.
Қысқасы, қазіргі түсінікте «клан» деген – туыстық, ру-тайпалық, жерлестік, қаржылық, саяси және тағы басқалай негізде бірлескен мүдделес топ. Бизнесте, саясатта, басқару саласында, ықпал аумағында беделі бар, қоғамда танымал, қолында билік пен байлық шоғырланған топтар. «Кланбыз» деп «айқайлап» тұрмағанымен қоғам оларды сырттай осылай атайды. Өзіміздің, шетелдің сарапшылары да «пәлен клан», «түген клан» деп айтып та жатады.
Ал Қазақстанда клан бар ма? Оны әркім өзі саралап көрсе болады.
Р. ҚАЛТАЙ.