Климаттың әсерін зерттейтін жоба елді үрейлендіргісі келмейді
Соңғы жылдары Алматы облысындағы мұздықтардың еру қаупі туралы түрлі алыпқашпа әңгімелердің тыйылмай тұрғаны рас. Мұндай алаңдаушылыққа ғаламдық климаттың өзгеруі әбден негіз болып алды. БҰҰ Даму бағдарламасы сарапшылары елімізге қатысты осы түйткілді тереңірек зерттеп, бізге нақты мәліметтерді ұсынбақшы. Кеше Алматыда «Қазақстандағы климаттық тәуекелдерді басқару» атты жаңа аймақтық жоба көпке таныстырылды. Бірнеше жылдық жоба климаттың өзгеру құбылысына мейлінше төзімсіз саналатын Алматы облысында іске асырылмақ. Қазақстандық мамандар бұл жергілікті халық үшін маңызды жұмыс болатынына сенімді.
Жобаны қолға алмас бұрын осы істі бастама етіп көтерген БҰҰДБ сарапшылары былтыр Алматы облысының климаттық өзгерулерге мейлінше осал екенін анықтады. Ғаламдық жылыну құбылысының әсерінен аймақта тау өзендерінің су режимі өзгеріп, мұздықтар кемуі мүмкін, су ресурстары азайып, құрғақшылық басталуы ғажап емес. Қар көшкіні мен сел де бұл аймақта жиі болады. Мамандардың есептеуінше, сел мен басқа да су тасқындарының салдарынан (эрозия) бұл облыс 1 125 000 АҚШ доллары көлемінде шығынға ұшырауы мүмкін. Бірақ БҰҰДБ сарапшылары бұл болжаммен жұртшылықты үрейлендіргісі келмейді. Олардың айтуынша, климаттық өзгерістерді ел игілігіне пайдалануға да болады. «Баса айтқымыз келетіні – климатқа қатысты жағдайды шиеленістіруді көздемейміз. Дабыл қағып, елді алаңдатқымыз келмейді. Климаттың өзгеруін қиын мәселе ретінде емес, байқалып отырған тенденция деп қарастыруды қалаймыз. Бұл құбылыстардан, мүмкін, тіпті оң өзгерістер де күтуге болады. Мысалы, климаттық өзгерістер вегетативті кезеңнің ұлғаюына септігін тигізіп, егіншілікті дамытуға, өсімдік сұрыптарын ұтымды аудандастыруға, қажетті суқоймалар мен су электр стансыларын салу сияқты жұмыстарға түрткі болуы ықтимал», – дейді Қазақстандағы БҰҰДБ энергетика және қоршаған ортаны қорғау департаментінің бастығы Станислав Ким. Осы орайда бұл жобадан жергілікті халыққа, шынымен де, пайда бола ма, оның ғаламдық бағдарлама деңгейінде қалып қою қаупі жоқ па деген сауал туындайды. Бұл сұраққа ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Стратегиялық жоспарлау, ақпаратты-сараптамалық жұмыс, ғылым және жаңа технологиялар департаментінің директоры Сырым Ғаббасов былай деп жауап береді:
– Дұрыс сұрақ. Бірақ маған қанатқақты жобаның алдымен Алматы облысына арналып отырғаны ұнайды. Бұл – өте орынды. Алматы – біздің тілмен айтқанда, барлық төтенше оқиғалар қаупінің концентрациясы бар аймақ. Өткен жылғы оқиғалар климаттық құбылыстар әсеріне білікті мамандардың көзқарасы қажет екенін көрсетті, ал табиғи апаттармен ішкі-сыртқы интеграция жағдайында күресу керектігіне көз жетті. Сондықтан жобаға ғаламдық емес, қолданбалы, аймақ қауіпсіздігі үшін маңызды, нақты жоба ретінде қараймын.
Төтенше жағдайлар министрлігі өкілінің айтуынша, бұл жоба төтенше жағдайлар, ауыл шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау министрліктері мен жергілікті атқарушы органдар үшін нақты мәліметтерге қол жеткізуі қажет. Осыдан кейін қарай халықты ақпараттандыру, оларды төтенше оқиғалар жағдайында әрекет етуге үйрету жұмыстары кезең-кезеңмен қолға алынуы тиіс. С.Ғаббасовтың мәліметінше, қай кезде де селден қауіп жоқ деуге болмайды. Бірақ министрлік пен «Қазселденқорғау» мекемесі мониторинг жасап, жедел шараларды, инженерлік жұмыстарды тұрақты ұйымдастырып отыр. Аэровизуалды бақылаудың нәтижесінде таудағы мұздақты көлдердің деңгейі төмендетілуде. Қалған жұмыс жергілікті атқарушы органдардан талап етіледі. «Әрине, министрлік көктемгі төтенше жағдайларға дайын ба?» деген сұрақ көпті қызықтырады. Айтқым келетіні – біздің жедел құтқару қызметі, мемлекеттік өрт сөндіру, әскериленген таудан құтқару, газдан, судан құтқару, химиялық нысандарда әрекет ету қызметтері сияқты жедел әрекет ету күштері 100 пайыздық жауынгерлік дайындықпен қамтамасыз етілген», – дейді министрлік өкілі.
«Қазақстандағы климаттық тәуекелдерді басқару» жобасы – БҰҰДБ-ның Орталықазиялық мультиұлттық бағдарламасының бір бөлігі. Ол 2014 жылға дейінгі аралықты қамтиды. Жобаның таныстырылымына қазақстандық мамандармен бірге Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан елдерінің сарапшылары да қатысты.