Күйеу баланың міндеттері
Жігіттің үш жұрты бар екенін жақсы білеміз: өз жұрты, нағашы жұрты және қайын жұрты. Осы үш жұрт үшін жігіттің орыны үш түрлі десек, қайын жұртқа тіптен өзгеше. Қалған екі жамағатқа бала ретінде қаралса, мұнда күйеу бала саналады. «Күйеу жүзден үлкен» демекші, жақсы болсаңыз, сыйлысыз, жаман болсаңыз жұрттың өсегінің арқауысыз. Ендеше жақсы күйеу бала атануға қалай болады? Кеңестеріміз сіз үшін.
Өзінің туған қызын жақсы көрмейтін әке-шеше жоқ шығар бұл жалғанда. Сол үшін де олар өзінің қымбат бойжеткен қызын сенімді, байсалды, ақылды, парасатты, айта берсек көп, көңілінен шығатын жанға табыстағысы келеді. Жаман күйеу күйік, ол ертең бір жамандығын жасамай қоймайды. Ал ел мақтаған мінезі жайлы жігітті күйеу бала қылу тамаша болар еді. Олай болса, сіздің бірінші мақсатыңыз – мінезі жайлы күйеу бала болу.
Сәлеміңіз түзу болсын. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білу – алғашқы міндетіңіз. Боқ ауыз сөз былай тұрсын, біреуге «ей» деп сөз айтудан аулақ болыңыз.
Ата-енеңіз тапсырған ақ аманатқа, яғни асыл жарыңызға қорған бола біліңіз.
Келіншегіңіздің ата-анасының алдында тәкаппарланбаңыз. Оларға өз ата-анаңыздай қараңыз. Себебі, олардың қызы – сіздің болашақ балаларыңыздың анасы.
Сараңдығыңызды қайын жұртқа көрсетпеңіз. Әрине, бұл шашылыңыз деген сөз емес. Бәрінің де орынымен болғаны дұрыс. Бастысы – әйеліңіз үшін дүниені құрбан ете білу. Өйткені ол барлық туысқанын тастап, сізбен бірге жаңа әулеттің мүшесі болды.
Күйеу баламын екен деп елпілдеп-желпілдемеңіз, ешкімнің алдында өзіңізді түсірмеңіз, намыс туын жоғары ұстаңыз. Бұл жердегі екпінді әділдікке қою керек. Сіздің әрекет әділ болса, сізге қарсы келушілер болмайды.
Қайын жұртқа жол табудың басты әдісі балдызбен және қайынмен тату болу. Оларды еркелетіңіз, сыйлық алып беріңіз. Олар сіздің жақсылығыңызды он есе етіп елге жаяды.
«Қалыңдығына өкпелеген күйеу,
Қайнысына сәлем бермейді»,– дейді қазақ. Келіншегіңіз екеуіңіздің араңыздағы келіспеушіліктерге бола, қайын жұртқа пышақ ала жүгіруден аулақ болыңыз.
Қалыңдығыңыздың туыстарында болып жатқан қуанышқа ортақтасуға тырысыңыз. Балаларыңызды да нағашыларымен жақын аралстыруға талпыныңыз.
Үлкен кісілер табиғатына сай, ақыл айтуға құштар келеді. Және бұл ақыл-кеңес даналықтан алыс емес. Оларға құлақ асыңыз. Сіз көп оқыған шығарсыз, бірақ олар көп көрді және өмірлік тәжірибелері мол. Енеңіз сіздердің отбасыларыңыздың ісіне араласса жақсы ойлағаны деп біліңіз.
Кейде олардың айтқанымен келіскіңіз келмесе, сөзбен атуға асықпаңыз. Айтылған сөз – атылған оқ. Ешқашан қайтпайды. Асықпай ойланып, оңтайлы жауап қатыңыз. Бірауыз сөз арқылы сыйластықтан жұрдай болып қалау қаупі жоғары.
Олармен арада келеңсіз жағдайлар күн өткен сайын көбейіп бар жатса, тағы да ойланыңыз. Сіздің бойыңыздан ұнатпайтын мінездерге сараптамаса жасаңыз. Бәлкім, расымен де өзгертуге тура келетін тұстарыңыз бар шығар. Дұрысы – жарыңызбен кеңесіп, шешім қабылдау.
Қалыңдығыңыздың ата-анасымен жақсы қарым-қатынас – өз отбасыңыздың тыныштығыңыздың кепілі екенін ұмытпағайсыз. Пайғамбар да күйеу баласын сыйлаған, лайықты болсаңыз, сізді де баласындай сыйлайтындар табылады.
el.kz