Ленд-лиз немесе одақтастар Кеңес Одағына қалай көмектесті?

Ленд-лиз немесе одақтастар Кеңес Одағына қалай көмектесті?

 

Ленд-лиз – қарыз және жалға беру
1940 жылдың 15 мамырында Ұлыбритания үкіметінің басшысы Уинстон Черчилль АҚШ Президенті Франклин Рузвельтке 40-50 америкалық әскери кемелерді уақытша пайдалануға беруді, оның есесіне, америкалықтар Атлантикадағы ағылшын соғыс-теңіз және әскери-әуе базаларын пайдалану мүмкіндігін алатындығы туралы ұсыныс жасады. Черчилльдің бұл ұсынысы екі елдің арасында қару-жарақ пен басқа да соғыс қажеттіліктерін жалға беру жүйесін пайдалану туралы ой туғызды. Рузвельт бұл ұсынысты жерге тастамай, мамандармен талқылап, ақыры кемелерді жалға беруге келісті.

Америка Құрама Штаттарының конституциясы бойынша мұндай үлкен мәселені Президент жеке шешпейді, ол парламенттен (конгресс) рұқсат алуы қажет. Рұқсат алу оңай емес, өйткені ол кезде АҚШ соғысқа әлі қатыспай отырған бейтарап ел болатын. Сондықтан парламентті бұл шараның қажеттілігіне сендіру үшін Рузвельт арнайы сөз дайындады. «Менің көршімнің үйі өртеніп жатыр делік, ал сол үйден 400-500 фут жерде менің бағымда су тасымалдайтын шланг тұр, – деп бастады сөзін Рузвельт, – егер көршім оны алып, өзінің насосына қосса, онда мен оған өртті сөндіруге көмектесе аламын. Мен оған «Көрші, бұл шланг 15 доллар тұрады, оның құнын төле» деуге тиістімін бе? Жоқ. Маған 15 доллар керек емес, одан да көршімнің өртті жылдам сөндіріп, менің бұйымымды қайтарғаны қажет». Бұл қарапайым мысал америкалықтарға жақсы әсер етті. Конгресс Президентке ағылшындарға берілетін көмектің түрі мен жүйесін өзі анықтауға рұқсат берді. Рузвельттің нұсқауымен ленд-лиз туралы заңның жобасын дайындайтын комиссия құрылды («ленд-лиз» деген түсінік ағылшынның «қарыз беру» және «жалға беру» деген екі сөзінің қосындысынан шыққан). 1941 жылдың 11 наурызында ленд-лиз туралы заң бекітілді. Ал 27 наурызда АҚШ парламенті Англияға көмек беру мақсатына 7 миллиард доллар қаржы бөлді.

Ленд-лиз бойынша, ағылшындар берілген қару-жарақтың, құрал-жабдықтың және басқа бұйымдардың соғыста пайдаланылған және жойылып кеткен бөлігінің құнын төлемейді; ал соғыста пайдаланылмай қалған және соғыстан кейін бейбіт мақсатта пайдалануға жарамды бұйымдардың құнын АҚШ Англияға ұзақ уақытқа берген қарыздардың есебінен төлейді. Егер соғыста пайдаланылмай қалған қару-жарақтарды АҚШ қайтадан алғысы келсе, ол қайтарылады. Англия соғыс аяқталғанға дейін ленд-лиз жүйесі бойынша америкалықтардан көмек алып отырды. Кейіннен АҚШ антигитлерлік одақ елдерінің көпшілігімен ленд-лиз туралы келісімдер жасады. Ленд-лиз жүйесі бойынша қару-жарақтар, құрал-жабдықтар ғана емес, сауда кемелері, автомобильдер, азық-түлік, отын, дәрі-дәрмектер, тағы басқа бұйымдар да берілді.

Ресейге төнген қауіп – Ұлыбритания мен Құрама Штаттарға төнген қауіп
Германия Кеңес Одағына шабуылын бастаған күнi, 22 маусымда У.Черчилль радиодан сөйлеген сөзінде былай деді: «Нацистік тәртіпте коммунизмнің барлық жаман сипатты белгілері бар. Оның ашкөздік пен нәсілдік үстемдікке ұмтылудан басқа ешқандай да салттары мен қағидалары жоқ. Өзінің қаталдығы мен ызалы басқыншылығы жөнінен ол адамзат бұзықтығының барлық түрлерінен асып түседі. Соңғы 25 жылда коммунизмнің менен асқан қарсыласы болған жоқ. Мен өзімнің ол туралы айтқан бірде-бір сөзімнен бас тартпаймын. Алайда мұның барлығы бүгін басталған сұмдық көріністің жанында ештеңеге тұрмайды. Өткен шақ өзінің қылмыстарымен, ессіздіктерімен және қайғылы оқиғаларымен қоса жоғалды. Мен қазір өзінің туған жерінің табалдырығында тұрған, олардың әкелері сонау заманнан бері мекендеген, өңдеп-гүлденткен жерді қорғап тұрған орыс жауынгерлерін көріп тұрмын. ...Біз Ресейге және орыс халқына қолымыздан келген барлық көмегімізді береміз. ...Ресейге төнген қауіп – бізге және Құрама Штаттарға төнген қауіп, сол сияқты өзінің ошағы мен үйін қорғап жатқан әрбір орыстың ісі – жер шарының төрт бұрышындағы еркін адамдар мен еркін халықтардың ісі». Осылайша Черчилль Англияның Кеңес Одағын қолдайтындығын мәлiмдедi.

23 маусым күні таңғы сағат алтыда кеңес радиосы Черчилльдің сөзін хабарлағанда, кеңес халқы оны көздеріне жас алып тыңдады, өйткені КСРО Германиямен бетпе-бет жалғыз қалмағанын сезді. 23 маусымда америкалық радио да «гитлеризмге қарсы күресуші күштердің бірлігі» америкалықтардың қауіпсіздігін қорғауға да қызмет ететіндігі туралы мәлімдеме жасады. Ал 24 маусымда Ф.Рузвельт «Ресейге қолдан келген көмектің барлығын беруге дайын» екендіктерін білдірді. АҚШ Президентінің Кеңес Одағына көмек көрсету туралы шешімі америкалықтардың да сол сәттегі көңіл-күйіне сәйкес келген еді. Америкалық қоғамдық пікірді зерттеу институты Германия Кеңес Одағына шабуыл жасаған соң екі күн өткенде «Сіз қай жақтың жеңгенін қалайсыз?» деген сұрақпен анкета таратқанда, сұранымға қатысқандардың 72 пайызы Кеңес Одағының жеңгенін, ал төрт пайызы ғана Германияның жеңгенін қалайтындығын көрсеткен. АҚШ пен Ұлыбритания басшыларының соғыстың алғашқы күндерінде Кеңес Одағына қолдау көрсетуі болашақта осы үш мемлекеттің одағын құрудың негізін жасады. 1941 жылы 12 шiлдеде бiр-бiрiне көмектесу туралы кеңес-ағылшын келiсiмiне қол қойылды.

АҚШ пен Ұлыбритания Кеңес Одағына материалдық көмек беруді ерте-ақ бастады, ал одақтастық туралы ресми келісім кешірек жасалды. Оған себеп, біріншіден, Сталин одақтастық туралы ресми келісімнің мәтініне Кеңес Одағының 1941 жылғы шекараларын екі елдің мойындағанын көрсететін пунктті енгізуді талап етті (демек, екі ел Кеңес Одағының Польшаның шығысын, Прибалтиканы, Бессарабияны қосып алғанының заңдылығын мойындауға тиісті), екіншіден, батыс елдері Кеңес Одағының алғашқы айлардағы жеңілістеріне қарап, оның жауға тойтарыс беру мүмкіндігіне шек келтірді. Әсіресе бірінші себеп одақтастық келісімнің жасалуына айырықша кедергі жасады. Ақыры 1942 жылдың мамыр-маусым айларында В. Молотовтың Лондон мен Вашингтонға сапарында АҚШ пен Ұлыбритания 1939-1941 жылдардағы Кеңес Одағы шекарасының кеңейтілуін мойындамайтындықтарын анық білдірген соң, Сталин бұл талабынан бас тартты. Басты кедергі жойылғаннан кейін үш елдің одақтастық туралы келісімдеріне қол қойылды.
 
Ленд-лиз – Кеңес Одағына...
1941 жылдың 29 қыркүйегінен 1 қазанына дейін Мәскеуде АҚШ, КСРО, Ұлыбритания өкілдерінің кездесуі өткізілді. Кездесуде екі елдің Кеңес Одағына әскери-экономикалық көмек көрсету мәселесі талқыланды. Нәтижесінде АҚШ пен Ұлыбритания 1941 жылдың 1 қазанынан 1942 жылдың 30 маусымына дейін Кеңес Одағына ай сайын 400 ұшақ, 500 танк, 200 танкке қарсы оқ ататын мылтықтар және басқа әскери материалдар беріп тұратын болды. 28 қазанда АҚШ Президенті Кеңес Одағына ленд-лиз жүйесі бойынша көмек берілетінін хабарлады. Аталған уақыт ішінде КСРО одақтастардан ленд-лиз бойынша 3000 ұшақ, 4000 танк, 20 000 әртүрлі көліктер алды. Алайда бұл көмекті жеткізу кешікті де, Мәскеу түбіндегі шайқас тек қана Кеңес Одағының өзінің қуат-күшімен жүргізілді.

Осыдан кейін үш келісім – Вашингтон, Лондон, Оттава келісімдері жасалды, бұл келісімдер бойынша көмек беру 1943, 1944, 1945-жылдарға созылды. Ленд-лиз бойынша көмек беру 1945 жылдың 11 мамырында ресми түрде тоқтатылды, ал тамыз айында КСРО Жапонияға қарсы соғыс жариялаған соң, ленд-лиз қайта басталды да, 2 қыркүйекке дейін жүргізілді.

Америкалық зерттеушілердің айтуынша, одақтастар 1941-1945 жылдары Кеңес Одағына 22 000 ұшақ, 13 000 танк, 427 000 жүк машинасын, 2,6 млн тонна мұнай өнімдерін, 720 мың тонна түсті металдар, 4,5 000 тонна азық-түлік берді, мұның жалпы құны 11-12 миллиард доллар болды. Кеңестік тарихнамада ленд-лиз бойынша берілген көмектің мөлшері мен маңызы үнемі төмендетіліп келді. Ал 90-жылдардың басында Ресей ғылыми әдебиетінде одақтастардың берген көмегінің құны 11,3 миллиард доллар болды деген мәлімет берілді. Ленд-лиз бойынша алған көмек майдан мен тылдың қажеттерінің белгілі бір бөлігін, атап айтқанда, танктердің 16 пайызын, ұшақтардың 15,3 пайызын, әскери кемелердің 32,4 пайызын, зеңбіректердің 18,4 пайызын, радио-радарлық аппаратураның 80 пайыздан астамын, тракторлардың 20,6 пайызын, станоктардың 23,1 пайызын, паровоздардың 42,1 пайызын, жүк және жеңіл машиналардың 66,1 пайызын қамтамасыз етті.

Соғыстың алғашқы айларында нацистер Кеңес Одағы халқының 40 пайызы қоныстанған, қанттың 84 пайызын, астықтың 34 пайызын, ет-сүт өнімдерінің 60 пайызын шығаратын аймақтарын басып алды. Азық-түліктің, ауылшаруашылық техникасының әжептәуір бөлігі жаудың қолына түсіп қалды. Кеңес әскерлері кері шегінгенде тасып әкете алмағандықтан, ондаған тонна азық-түлікті құртуға мәжбүр болды. Сондықтан одақтастар Кеңес Одағына азық-түлік жағынан да көмектесті. Кеңес Одағы 1941-1945 жылдары АҚШ, Ұлыбритания және Канададан шамамен бес миллион тоннаға жуық азық-түлік алды. Сонымен қатар АҚШ көмек беріп отырған 40 елдің ішінде жалғыз ғана Кеңес Одағына малдың майы берілді, бұл азық жараланған әскерлердің жылдам сауығуы үшін қажетті болатын, сондықтан оны америкалықтар соғыс жағдайында бөтен елдерге көмекке берілетін азық-түлік тізіміне қоспайтын. Одақтастар кеңес госпитальдарына жеміс шырындарын, көкөністер, жаңғақтар, дәрумендер жіберді. Соғыстың соңғы жылдарында кеңес әскерлерінің барлаушылар бөлімдерінде америкалық шоколадтар, арнайы жасалған пакеттегі борщ, печеньелер пайда болды. Ленд-лиз бойынша алған тұқымдар, тракторлар мен машиналар кеңес ауыл шаруашылығының өнімділігін көтеруге мүмкіндік берді.

Кеңес кәсіпорындарының дамуында да ленд-лиз бойынша алған құрал-жабдықтардың айтарлықтай маңызы болды. Мәселен, Сталинград трактор зауытындағы құрал-жабдықтың 50 пайызы ленд-лиз бойынша келген-ді. Америкалықтар мұнай өңдейтін зауыттардың бірнешеуін толығымен қамтамасыз етті. Бұл зауыттардың барлығы соғыстан кейін де өнім өндіріп жатты. Сондықтан ленд-лиз жүйесі бойынша соғыстан кейін пайдаланылып жатқан құрал-жабдықтардың құнын КСРО ұзақ мерзімді қарыз ретінде төлеуге тиісті еді. Осы төлемдер мәселесі соғыстан кейінгі жылдарда КСРО мен АҚШ арасында ұзақ уақыт бойы шешілмей келді. Тек 1972 жылы ғана екі ел осы мәселені талқылап, бір мәмілеге келді. Алайда Кеңес Одағы сол жылы келісілген соманың аз ғана бөлігін төлеп, ары қарай төлемдерді мүлде тоқтатты. 1990 жылы екі елдің Президенттері тағы да кездесіп, 2030 жылға дейін Кеңес Одағы тиісті қарыздарды төлейтін болып келіскен еді. Алайда 1991 жылы КСРО ыдырап кетті.

Қазақстан: барлығы – майдан үшін
Соғыстың алғашқы жылында экономиканы соғыс мақсатына лайықтап қайта құру аса қиын міндет болды. Германия батыс аудандарды басып алған соң, майдан қажеттерін қамтамасыз етуде шығыстағы аймақтардың, соның ішінде Қазақстанның да маңызы күшейді. Қазақстан халқының алдына Батыс аудандардан көшірілген кәсіпорындарды жылдам іске қосу және жаңа кәсіпорындар салу міндеті қойылды. 1942 жылы (бір ғана жылдың барысында) Қазақстанда қару-жарақ, оқ-дәрі, әскери материалдар, азық-түлік шығаратын 110 кәсіпорын салынды және батыстан көшірілген 142 кәсіпорын іске қосылды. Сонымен қатар еліміз астықтың, көмір мен темірдің және басқа шикізаттың көзі болған Украинадан, картоп пен басқа көкөністер беретін Белоруссиядан айырылып қалған соң, елді түсті металдармен, көмірмен, мұнаймен, ауылшаруашылық өнімдерімен Қазақстан қамтамасыз етуге тиісті болды. Сондықтан республикада әскери өндіріс саласын қалыптастыру, жаңа зауыттар мен теміржолдар салу қажеттігі туды және бұл міндет аса қысқа мерзімде іске асырылуы қажет еді. Қазақстан майданның айырықша маңызды қару-жарақ қоймасына айналды. Германияның барлау бөлімдері Қазақстанның әскери өнеркәсібі, шикізат көздері туралы мәліметтерді жанталасып жинай бастады. Германияның Федералдық мұрағатында 1941-1945 жылдары жинақталған Қазақстан туралы мол мәліметтерді, кеңес газеттерінде басылған мақалалар мен Мәскеу радиосы берген хабарлардың аудармаларын тіккен бірнеше папкаларды көрдім. Соғыс кезіндегі неміс баспасөзі Қазақстанды «Кеңес Одағының резерв қоймасы» деп атады.

Майдан мен тылдағы халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету міндеті де шығыс аудандардың мойнына түсті. Шығыстағы республикалардың ішіндегі жері үлкені және  ауыл шаруашылығының дамуы үшін неғұрлым қолайлысы Қазақстан екенін еске алсақ, бұл міндетті орындауда да оның орны айырықша болғаны түсінікті. Соғыс жылдарында Қазақстан елімізге бес  миллион тонна астық, 200 мың тонна картоп, 2 миллион тонна қант қызылшасын, 11 миллион пұт сүт және басқа да көптеген азық-түлік берді. Тек өнеркәсіп өнімін ғана емес, азық-түлік өндіру де «Барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін» деген ұранмен жүргізілгендіктен, осыншама өнім беріп жатқан Қазақстанның жергілікті тұрғындары үнемі жарытымды тамақ ішкен емес, алайда ешкім оған қабақ шытқан жоқ, барлығы тек қана жауды талқандау мақсатын ұстады. Қару-жарақ, оқ-дәрі, шикізат, азық-түлік атаулының көпшілігі әйелдер мен балалардың еңбегі нәтижесінде өндірілді, өйткені ер адамдардың басым бөлігі майданға аттанды. Қазақстан ғана емес, Кеңес Одағы деп аталған орасан үлкен мемлекетті мекендеген ірілі-уақты халықтардың барлығы жеңіске өз үлесін қосты.

 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста