МӘМС арқылы ЭКО бағдарламасына қалай қатысуға болады
Экстракорпоральды ұрықтандыру – әйелдер мен ерлер арасындағы бедеулікке қарсы күрестің ең тиімді тәсілі. Заманауи репродуктивтік технологиялардың арқасында сәби сүю мүмкіндігі төмен жұптар да балалы болып жатады.
Медициналық сақтандыру қоры Алматы қалалық филиалының мәліметінше, 2021-2022 жылдары МӘМС есебінен «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша 4080 сәби туылған, бүгінде бағдарламаға қатысқан тағы 2100 келіншектің аяғы ауыр.
Сонымен, ЭКҰ бағдарламасына кімдер қатыса алады? Квотамен ЭКҰ жасату үшін не істеу қажет? Осы және өзге де сауалдарға МСҚ Алматы филиалы сарапшылары жауап берді.
ЭКҰ жасату үшін кезекке тұру қажет
Экстракорпоральды ұрықтандыру бағдарламасына қатысқысы келетіндерді тіркеу емханалар арқылы жүргізіледі. БМСК ұйымы бедеулікке шалдыққан пациентті диспансерлік науқастардың электронды регистріне (ЭРДБ) тіркейді. Оның денсаулығын тексеріп, бедеулік себептері анықталғаннан кейін емхана құжаттарды арнайы маманның қорытындысымен бірге Денсаулық сақтау басқармасындағы жоғары технологиялы операциялар жөніндегі арнайы комиссияға жолдайды.
Қосалқы репродуктивтік технологиялармен жұмыс істейтін клиниканы пациенттің өзі таңдайды. Комиссия тарапынан оң шешім қабылданған жағдайда Ауруханаға жатқызу бюросы порталына жолдама беріледі.
2023 жылы ЭКҰ-ға қанша қаржы қарастырылған
Биыл еліміз бойынша 7000 квотаға қаржы қарастырылған. Соның ішінде, 3,7 млрд теңге (3192 квота) Алматы қаласына бөлінген.
ЭКҰ бағдарламасына қандай клиникалар қатысады
Бүгінгі таңда Алматы қаласы бойынша Медициналық сақтандыру қорымен келісімшарт бекіткен 7 клиника жұмыс істейді. Клиникалардың тізімімен Қордың fms.kz ресми сайты арқылы танысуға болады.
ЭКҰ сақтандырылғандар үшін тегін
Жасанды ұрықтандыру бағдарламасы 2020 жылдан бері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті арқылы қаржыландырылады. Бағдарламаға қатысқысы келетін пациент міндетті түрде сақтандырылған болуы шарт.
ЭКҰ бағдарламасына кімдер қатыса алады
Экстракорпоральды ұрықтандыру процедурасының басты шарты – бедеуліктің терапевтік емдеуге келмейтін түрі. Бағдарламаға отбасылық жұптар ғана емес, ресми некеге тұрмаған жұптар да қатыса алады. Мұндай жағдайда екі жақтың өзара жазбаша келісімі қажет.
Денсаулық сақтау министрлігінің ЭКО жасау тәртібі жөнінде арнайы бұйрығында жасанды ұрықтандыру процедурасына іріктеуге қойылатын талаптар көрсетілген. Мәселен, процедураға жасы 18 бен 42 аралығындағы, соматикалық, эндокриндік статусы қалыпты жағдайдағы пациенттер (Қазақстан азаматтары) қатыса алады. Әйелдің антимюллер гормоны (АМГ) 1,0 нанограмм/миллилитрден төмен болмауы шарт, фолликулостимуляциялық гормоны (ФСГ) 12-ден аспауы тиіс (циклдің 2-5 күндері), антральдық фолликулдың жалпы саны 6-дан (циклдің 2-5 күндері) кем болмауы керек.