Махаббат құдіреті: мүгедек жігіт сүйіктісін кездестіргелі өмірі қалай өзгергенін айтты
Әмірхан Бағдәулетов 2017 жылдың 16 наурызында жол-көлік апатына түсіп, жұлынына зақым келеді. Дәрігерлер ата-анасына ұлдарының бірнеше күндік өмірі қалғанын айтады. Алайда кейін омыртқасына ота жасалып, бүгінде Бағдәулет үйде төсек тартып жатыр. Соңғы бір жарым жыл ішінде өмірден түңіліп, өзіне қол салғысы келген сәттер көп болған.
"Достары хабарласып, қалаға бірге барып келуін өтінген екен. Кешкі сағат тоғыз жарым шамасы болатын. "Абайлап жүр" дегенімде "Әрі кетсе бір жарым сағатта қайтып келемін" деді. Осыдан кейін түнгі сағат екі жарым, үш шамасында екінші ұлыма Мая ханым (Бағдәулеттің досының анасы — Sputnik) хабарласып, ауруханаға келуімді сұрады. Әкесі бас тартқандықтан, өзім бардым", — дейді Шынар Бекетаева Қазақстан арнасының "Қарекет" бағдарламасында.
Бағдәулеттің анасы дәрігер болғанына қарамастан, ұлының жағдайы тым ауыр деп ойламаған. Себебі өмірінде бұрын-соңды мұндай ота түрімен кездесіп көрмеген. Дәрігерлер оған ұлының жансақтау бөлімінде жатқанын және шұғыл ота керек екенін айтады. Омыртқасы шығып, жұлыны осы омыртқа ортасына қысылып қалған екен. Бұл кезде Бағдәулет қолы мен аяғын сезбеген.
"Негізі жансақтау бөліміне ешкімді кіргізбейді. Баламның үш-төрт күндік өмірі қалды деген соң жанында бірге болуға рұқсат беруді өтіндім. Бірақ жанында болған кезде бірде-бір рет жылаған емеспін. Көп қан жоғалтып қойғандықтан, жансақтау бөлімінде 40 күндей жатты", — дейді анасы.
Бағдәулет ұзақ уақыт жансақтау бөлімінде жатқанына қарамастан, өзінің жағдайы тым ауыр екенін білмеген. Тіпті, ата-анасына жағдайының жақсы екенін, көп ұзамай орнынан тұрып кететінін айтқан. Бірақ отадан кейін иықтан төмен қарай денесін мүлдем сезбей, ата-анасына алдын ала шындықты айтпағаны үшін ренжиді.
Бағдәулеттен бөлек отбасында екі ұл, бір қыз бар. Ол жастайынан спортты, соның ішінде футбол мен күресті ерекше жақсы көрген. Бүгінде күні бойы футбол көргенді ұнатады. Мектепте жақсы оқып, Мәскеу қаласында физика және математика пәндері бойынша ғылыми жоба қорғаған. Сол жақтан келген соң Қаныш Сәтбаев атындағы қазақ ұлттық техникалық университетіне оқуға тапсырады. Жол-көлік апатына екінші курста білім алып жүрген кезінде түскен. Бастапқыда психологиялық жағдайының ауыр болғанына қарамастан ата-анасы келіндерін кездестіргелі өмірінің түбегейлі өзгергенін айтады.
"Құралайдың арқасында дауысы шықты, өмірге деген құлшынысы мен құштарлығы артты. Өмір сүргім келмейді, өлемін деп жатқан балам еді. Алла-тағалам берген Құралайдың арқасында өмірді қайта сүйе бастады. "Мама, Құралай келе жатыр. Футболкамды кигізіп, шашымды жушы" деп айтатын. Құралайдың келгенін ұлым ғана емес, әкесі екеуіміз де, бауырлары да күтетін. Қазан айында Құралайға ұсыныс жасағысы келетінін айтты. Мен Құралай бұл ұсынысқа келіспейтін болар деп қорыққан едім. Ұлым "Иә, ол келіседі ұсынысыма" деп тынышталдырды", — дейді ол.
Бағдәулеттің әкесі де Құралай келгелі әлдеқайда көп стимул пайда болғанын айтады. Бойжеткеннің ұлдарының қасына келіп отырып, бірге болғысы келетінін айтқаны өздеріне де күш-қуат бергенін жасырмайды. Бастапқыда ата-анасы Құралайды группаластарының бірі болар деп ойлаған екен.
"Сабаққа кетіп бара жатып та, келе жатып та үйге соғып кетеді. Екеуі күнде телефонмен сөйлеседі. Бұлардың барлығы арадағы сезімнің арқасында болып жатқан дүние деп түсіндік. Алла-тағаланың екеуіне берген сезімі ғой. Құралайдың ата-анасына осындай қызды тәрбиелегені үшін рахмет! Мұның барлығы да оның тектілігінің арқасы деп білемін" — дейді Бағдәулеттің әкесі Бердияр Тасқынбаев.
Сондай-ақ, әкесі Бағдәулеттің ағайын-туыс арасында беделді және достарының көп екенін айтып өтті. Көбінесе өзінен 3-4 жас үлкен жігіттермен бірге жүрген екен.
"Желтоқсанның 31-не дейін өмірден түңіліп кеткенім рас. Өмір сүргім келмеген кездер жетерлік. Құралай келген соң барлығы басқалай болды. Қазір көңіл-күйім күшті. Аяқ-қолым қозғалмай, ештеңе істей алмаған соң әрі қарай жылжығым келмеді. Десе де аман келе жатқаным үшін бірінші ата-анама, екінші Құралайға рахмет", — дейді жігіттің өзі.
Бағдәулет күз айында сүйіктісіне достарымен бірге ерекше тосынсый ұйымдастырып, үйленуге ұсыныс жасады. Бүгінде екеуі бірге бақытты ғұмыр кешіп жатқанын айтады.