Мүгедектер мүддесін кім қорғайды?
Тағдырдың жазуымен «мүгедек» атанған жанның қай-қайсысы болсын мүсіркегенді қаламайтыны анық. Алайда өздерінің әлеуметтік жағынан қорғалмай отырғандықтарына наразы. «Жарлылығын жасырған жарымас» демекші, олары орынды. Шынымен де, бар-жоғын түгендей қалсаң, министрлік тарапынан мүгедектерге лайықты көңіл бөлінбейді дегенге лажсыз сенесің.
Әңгімені керегін бүтіндеуге қолбайлау болып отырған қаржы-қаражаттан бастасақ, мүгедек жандарға тиесілі жәрдемақының мөлшері мынадай:
Естеріңізге сала кетейік, әлеуметтік жәрдемақы ҚР «Мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы» заңымен реттелсе, арнаулы көмек ҚР «Арнаулы мемлекеттік жәрдемақы туралы» заңының негізінде тағайындалады.
Алматы қаласында бір бөлмелі пәтер үшін тұрғындар шамамен 6000 теңге коммуналдық төлемақы төлесе, үш бөлмелі пәтердің төлемақысы – 9000 теңгенің үстінде. Коммуналдық төлемақы жайындағы әңгімені бекер қозғап отырған жоқпыз.
Алматы қалалық бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті әлеуметтік қамсыздандыру басқармасының бастығы Ардақ Шәмиеваның мәліметіне қарағанда, бұрындары мүгедектер коммуналдық төлемақының 50 пайызын ғана төлеген екен. Міне, он жыл болды, яғни 1999 жылдың сәуір айынан бастап ондай жеңілдік алып тасталып, оның орнына ай сайын 764 теңге (!) бөлгенді жөн санапты. Көріп отырсыздар, қазіргі коммуналдық төлемақы мен мүгедектерге беріліп отырған 764 теңгенің арасы жер мен көктей. Бұл тұрғыда, қазақ айтпақшы, «сиынғаныңнан сүйенгенің күшті болса, жақсы-ақ еді» дегеннен басқа алып-қосарымыз жоқ.
Мүгедектердің құқығын қорғау қоғамының заңгері Гүлмира Борашева «негізгі-негізгі деген түйткілдерді айтып берсеңіз» деген өтінішімізге ауыр күрсініп алып, былай деп тізіп шықты:
- жәрдемақы тым төмен;
- инфрақұрылымдар мүгедектер жайын мүлде ескермейді;
- мүгедек жандарды ешкімнің жұмысқа алғысы келмейді;
- мүгедектерді психологиялық тұрғыда бейімдеу жағы қарастырылмайды;
- медициналық көмек әрі сапасыз, әрі өз деңгейінде емес;
- дәрігерлік-әлеуметтік сараптау комиссиясының (ВТЭК) жұмысында кертартпалық көп;
Статистикалық мәліметке жүгінсек, бүгінде республика бойынша 470 мыңға жуық мүгедек бар екен. Бұл жалпы халықтың үш пайызын құрайды. Әрбір үшінші мүгедек еңбекке жарамды бола тұра, оларды жұмыспен қамту мүмкін емес көрінеді. Деректерді алға тартсақ, ІІ топтағы мүгедектердің 2,5 пайызы, ІІІ топтағылардың 15 пайызы ғана жұмыс істейді.
Еліміздің заң шығару органдарында мүгедек ұйымдарының бірде-бір өкілі жоқ. Демек, ғаріп жандардың мұң-мұқтажы түгел дерлік ескеріле бермейді. Мәселен, осыдан біраз уақыт бұрын «Қазақстан мүгедектер конфедерациясы» қоғамдық бірлестігі «Нұр Отан» партиясына хат жолдап, жол қозғалысы қауіпсіздігі мақсатында көліктердің әйнектерін көмескілеуге тыйым салынғанда, мүгедектер мүдделерінің ұмыт қалғандығын айтып, хат жазған болатын. Нақтырақ айтсақ, қала көшелерінде пандусы бар дәретханалар жоқ. Сол себепті мүгедек жандар «памперс» ауыстыруды болмаса басқа да қажеттіліктерін көлік ішінде отырып жасауға мәжбүр болады. Ал мұндай жағдайда көмескіленбеген көліктің қандай қолайсыздық туғызатыны айтпаса да түсінікті. Алайда «Қазақстан мүгедектер конфедерациясы» қоғамдық бірлестігінің бұл өтініштері аяқсыз қалды.
«Алатау» мүгедектер қоғамының төрайымы Сағымхан Смағұлова:
Үкімет мүлде түк жасамай отыр деп айтуға болмас. Азды-көпті оң өзгерістер бар. Десек те бұған тоқмейілсуге болмайды. Себебі шешілмей жатқан проблемалар әбден қордаланып қалған.
Айрықша айтпағым, атқарушы болмаса өкілетті органдарда жұмыс істеп жатқан бірде-бір мүгедек жан жоқ. Барлығы кішігірім цехтарда отыр. Заңға сәйкес, әрбір мекемедегі жұмыс орындарының үш пайызы мүгедектерге тиесілі. Қазір барлық жұмыс орындарын аралап көріңіздерші, мүгедек жанды таба алар ма екенсіз. Сондықтан ғаріп жандардың жоғары білім алуларына, қызметке араласуына Үкімет тарапынан жағдай жасалуы керек. Олардың барлығын бірдей тегін оқытуға тиіспіз.
Мүгедектердің құқықтары өз дәрежесінде қорғалып отырған жоқ десем, артық айтқандық емес. Тіпті мүгедектердің өздері де өз құқықтарынан бейхабар. Сол себепті де еліміздегі мүгедектердің қоғамдық ұйымдары жарымжан жандардың мүдделерін қорғауға тырысып жатады. Десек те ауыз толтырып айтарлықтай көмек көріп отырғанымыз жоқ. «Бұл – елдігімізге сын» дер едім.