Мүсiркетпе, тағдырым, менi ешкiмге...
Зерттеушiлер де «нәзiк жандының сырты нәзiк көрiнгенiмен, iшкi жан дүниесi төзiмдi, мықты келедi, ал ер адамның сыртқы бейнесi мықты болғанымен, жан дүниесi, керiсiнше, әлсiз болады» дейдi. Осы сөзге мысал ретiнде мүгедек арбасына отырып, талай қоғамдық iс-әрекеттермен айналысып жүрген Ләззат Қалтаеваны айтуға болатын шығар. Ол жетi жасында жол апатына ұшырап, мүгедектер арбасына таңылған. Алғашқы қоңырау соғылғанда да қатарластарымен бiрге мектеп табалдырығын аттай алмады. Ата-анасы мұғалiмдi үйге шақыртып, әрiп танытты. 10 жыл бойына мұғалiмнен басқа ешкiмдi көрмей, мектептi де бiтiрдi. Терезеден өзi қатарлы балалардың шауып ойнап жүргенiн көргенде, олардың қатарына ешқашан қосыла алмайтынын сезiнiп, өмiрден түңiлген сәттерi де көп болатын.
«Менi көшеде көрген үлкен адамдар әрдайым көзiне жас алып, аяушылықпен қарайтын. Ал темiрге таңылған адамды көрген иттер шабаланып үре жөнелетiн. «Мүсiркетпе, тағдырым, менi ешкiмге, мүсiркеген адамның қолында өлем» деп ақын жырлағандай, әрбiр адамның аянышты көзқарасы жүрегiме ауыр тиетiн».
Ол өзi секiлдi мүгедек қыз-келiншектердiң көпшiлiктiң көзiне түспей, бар уақытын үйдiң төрт қабырғасында өткiзетiнiн байқады. Тiптi, бiр күнi жанашыр апайы: «Қоғамға өздерiң араласпасаңдар, қоғам сендердi елей қоймас», – дедi. Осы сөз тас қайрақтай жiгерiн жанып жiбердi. Мүгедектердiң де қоғамға пайда әкелетiнiн дәлелдейтiн уақыт жеткенiн түсiнедi. Осы ойына жету үшiн мүмкiндiгi шектеулi әйелдердiң құқықтарын қорғау және көтермелеу мақсатында 2001 жылы «Шырақ» мүгедек әйелдер бiрлестiгiн құрады. Ассоциацияның алға қойып отырған басты мiндеттерi мүгедек әйелдерге бiлiм беру және жұмысқа орналастырып, мәселелерiн шешу едi. Қазiр ұйым тек Алматы қаласы төңiрегiнде ғана емес, бүкiл республика бойынша Орталық Азия елдерiмен тығыз қарым-қатынаста еңбек етедi. Құрылғалы берi ұйым талай мүгедекке көмек көрсетiп, алғысына бөленген. Қазiргi таңда ұйым құрамындағы мүгедек әйелдердiң бiрi жоғары оқу орындарында оқыса, бiрi бизнеспен айналысып, ендi бiрi тұрмысқа шығып, бала сүйiп жатыр. Сiрә, өмiрге деген құштарлық бәрiн жеңетiн болса керек.
Қазiр қоғамдық бiрлестiк құрамында барлығы 23 қыз-келiншек жұмыспен қамтылған. Қосымша басқа мекемелерде де бухгалтер, аудармашы болып жүргендерi де бар. Қоғамдық ұйымның төрайымы Ләззат Молдабекқызы: «Бiзге құлағы естiмейтiн, көзi көрмейтiн немесе мүгедек арбасына таңылған мүгедек ретiнде емес, нағыз өз iсiнiң майталманы ретiнде қарауы үшiн барымызды салып еңбек етемiз. Кейбiреулер «дағдарыс қатты әсер етiп жатыр» дейдi. Ал бiзге әсер етiп жатқан жоқ, керiсiнше, жетiстiкке жетiп жатырмыз десек те болады. Мәселен, бiздiң мамандар, басқаларға қарағанда, арзан қызмет түрiн ұсынады. Ал соңғы кездерi бiздiң қызметкерлерiмiзге сұраныс арта түстi. Себебi бiз қай уақытта да қиыншылыққа үйренгенбiз. Не нәрсеге болсын төзiммен қараймыз», – дейдi. Қазiр бiрлестiктiң тұрақты үй-жайы жоқ. Сосын ұдайы көшiп жүруге мәжбүр. Қазiр 1 200 долларға кеңсе жалдап тұрады. Бiрлестiкке аяқ астынан мүгедек болып қалған әйелдер, тiптi ер-азаматтар да өте жиi келедi екен. Кейбiрi материалдық көмек сұраса, ендi бiрi психологиялық көмектi қажет етедi. «Шырақ» қоғамдық бiрлестiгi қолынан келгенше өз көмектерiн көрсетуде. Алғашында «тек қана өлгiм келедi, мүгедектер арбасымен өмiр сүре алмаймын» деп келген мүгедектер қоғамдық ұйымдағы қыз-келiншектермен араласа келе, жiгерленетiн жағдай жиi кездеседi екен. «Өзiн-өзi сыйлай бiлген адам барлық нәрсеге қол жеткiзедi», – дейдi мүгедек нәзiк жандар.
«Бiздiң талап етуiмiзбен алдағы уақытта қолға алынар құрылыстарға мүгедектер арбасы еркiн қозғалатын арнайы орындар бөлiне бастады. Әлi де ескерiлмей жатқан мәселелер бар. Соның iшiнде кез келген нәзiк жандының арманы – ана атану. Елiмiздегi мүгедектердiң босануына жағдай жасалмаған. Алдағы уақытта мүгедектер үшiн өмiрге бала әкелуге медициналық тұрғыдан жағдай жасалса екен».