Намаз оқитын ата арақ сатып күнелтіп жүр
Біздің бір алыс туыс атамыз бар. Жасы жетпіске жуықтаған бұл кісінің бес уақыт намазын үзбей, дін жолында жүргеніне біраз жыл болды. Жұма намазға апта сайын баратындықтан өзі де мешіттің адамындай болып кеткен. Имамдармен, басқа да мешітке жиі келетін адамдармен аралас-құралас болып жүреді.
Бұл кісі бірінші әйелі осыдан көп жыл бұрын қатерлі ісіктен көз жұмған соң үйде бір өзі қалды. Балалары әу бастан үйлі-жайлы болып, бөлек кеткен. Әйелі қайтыс болғасын өмірден түңілгендей болып жүрді. Бұрын әр істің басын шалып, азын-аулақ ақша тауып жүретін ол оны да қойды. Қарызға батыпты. Балаларының анда-санда бір келіп кеткені болмаса ешбірінен қайран жоқ екенін түсінген болуы керек, бір күні өзі тұратын көпқабатты үйдің алдына жәшікті терісінен қойып, соның үстіне сағыз, темекі, пісте секілді басқа да ұсақ-түйектерді тізіп, сатуға көшті. Содан түскен болмашы тиын-тебенге күнелтіп жүрді.
Араға біраз жыл салып, өзінен оншақты жас кіші, баласы жоқ әйелді жар етіп алды. Екеуі селбесіп жүріп, әлгі туыс атамыз зейнетақыға ілінген соң да шағын саудаларын тоқтатқан жоқ. Бірақ кеңеймеді де. Сол ұсақ-түйек сатудан аспады. Тек арақ қосып сататын болды. Сөйтіп, бірінші қабатта тұратын ол бұрынғыдай аулада емес, үйінің терезесі арқылы сауда жасауға көшті. Бұл жерде не сатылатынын, ненің сатылмайтынын біліп қалған алушылар терезені қағып, керегін сұрайды, арғы жақтан сұрағанын береді. Бұл кезде ол кісі әлі дін жолына түсе қоймаған болатын.
Сол шағын сауда әлі де тоқтаған жоқ. Себебі екеуі ғана тұрса да, кезінде қара жұмыстан ары аспаған атаның болмашы зейнетақысы түкке де жетпейді. Оның үстіне әйелі екі жылға жуықтап қалды, түсініксіз дертке ұшырап, аяғын дұрыс баса алмай қалды. Жүре алмай, жатып қалатын кездері де көп. Қаншама дәрігерге, тіпті емшілерге дейін барды, ешбірінен ем қонбады. Сонымен бірде сау, бірде ауру әйелмен бірде бар, бірде жоқ болып күн кешуде.
Таяуда сол туысымыз хал сұраспақ ниетте үйге келді. Көрмегелі көп болған. Біраз әңгіменің басын қайырды. Сөз арасында өзінің арақ сатуын доғара алмай жүргенін айтып қалды.
«Жақында мешіттегі ұстазым мені шақырып алып, арақ сатуға болмайтынын түсіндірді. «Алған затыңа үстеме көп қойма, тек күндегі нан-пұлың түсіп тұрса болды. Әйеліңе де соны айт. Ал дін жолында жүрген соң арақ сатуға болмайды. Ондай кезде сенің қаншама жыл жасаған құлшылығыңның құны көк тиын болып қалады. Лажы болса, арақ саудаңды тоқтат», – деді. Ол кісінің айтқанымен келісемін. Ішімдік сатуды доғарғым-ақ келеді. Бірақ оны тоқтатсам сауда жүрмейді. Өйткені маған келетіндер де сол арақ алатындар. Маңайда азық-түлік дүкені өте көп. Маған адамдар сол дүкендер жабылған соң түнгі сағат 11-ден кейін келе бастайды. Содан таңғы 6-7-ге дейін тыныштық жоқ. Бөтелкемен ғана емес, стаканмен де сататын болғандықтан арақ сұрап айналып келе беретіндер көп. Бірі кетсе, бірі келеді. Сөйтіп, түні бойы ішіп жүретіндер бар. Ең өтімді тауарым осы «ащы су» болғандықтан бұдан көретін пайдам да жаман емес. Өйткені үстіне бірге бір қосып сатуға ыңғайлы. Үйдегі әйелдің дәрі-дәрмегін алуға, оны анда-мында қаратуға жарап тұр. Әйтеуір айығып кетсе деймін. Намаз үстінде «басқа бір жолын көрсете гөр» деп Құдайдан тілеймін. Ішімдік сатпайын десем, сұрайтындар көп, саудамды жүргізіп тұрған осы. Олай етпесең күн көре алмайсың. Зейнетақы жетпейді», – деді ол.
Мен бұл жерде арақ сатып, тиын-тебен тауып отырған ол кісіні кінәлай алмадым. Тек зейнетақысы жыртығына жамау бола алмайтын қарттарымызға жаным ашыды. Шіркін, қариялардың жайын жасап, қолдарын жылы суға малып қоятын мемлекетке қашан айналар екенбіз?
М. ЫБЫРАЙ.
zamana.kz