Некесіз туылғандардың жайы қатты алаңдатуда
Кісі көңіліне тиіп қаламын ба деген қорқыныштан осы әңгімеге ойлана-ойлана қалам тарттым. Баяндағалы отырған оқиғалардың бел ортасында жүргендіктен бе, әлде достарым айтқандай «тұзым жеңіл ме», әйтеуір кейде күйіп-пісіп қалатыным бар. Әйтеуір осы екі оқиға мені қатты ойландырады. Ақырында оны оқырман назарына ұсынуды ұйғардым.
Оның біріншісі мынадай. Қызметтес досыммен түрлі бас қосуларда жиі бірге болатын едік. Сондай көп отырыстардың бірінде ол: «Мына кісі менің тоқалым болады, – деп таныстырды жанындағы бейтаныс әйелді. – Жоғары білімді терапевт-дәрігер. Анау жүгіріп жүрген «батырдың» менің балам екенін айтпай-ақ біліп отырған шығарсың».
Ондай сұлуды бұрын-соңды жақын жерден көрмеген едім. Көз аудармай қарағанымды өзім де аңғармай қалыппын. «Шай алыңыз», – деп сыңғыр еткенде пиялаға ұяла-ұяла қол созып, одан көзімді әрең аудардым. Бұл қылығым үшін кейін кеңседе бастық досымнан «таяқ» та жедім. «Сұлуға, бесіктегі сәбиге, малдың жас төліне сүйсіне ұзақ қарамаймын деуші едің, абайласайшы. Жағаңа түкіріп қойшы», – деді ол.
Содан бері де 30 жылдай уақыт өтіпті. Бүгінде досым өмірде жоқ. Артында үш ұл, бір қызы қалды. Сұлу жеңгемізден туылған бала да қазір жігіт ағасы жасында, түр-тұлғасы, аяқтарының талтақтығына дейін әкесінің көшірмесіндей. Ал жеңгеміз басқа ауданға қоныс аударып кетіпті.
Мені көптен бері толғандырған ой – сол баланы бауырларымен табыстыру. «Осы тірлікті қалай жүзеге асырса болады?» – дегенімде бір курстас досым: «Бірінші әйелі оның бұдан да басқа балалары бар шығар, саған барлығын түгелдеп бер дедім бе десе, ұялып қаламыз ғой», – деп қарсылығын білдірді.
Ал бір әкеден туған балалардың біріккенінің не сөкеттігі бар, туысқандар қосылса жақсы емес пе? Ол – бір, екіншіден, бала өзінің шын руын білуі керек қой. Сұлу жеңгеміз балаға қай рудан екенін қалай жеткізді екен? Оның бұрынғы күйеуінен де балалары болуы мүмкін-ау.
Қысқасы, мен бұл іске тәуекел ете алмадым.
Ал айтайын деп отырған екінші оқиғам бұдан басқаша. 1960-шы жылдарға дейін Жиенқұмда Ошақты руынан төрт-бес отбасы тұрған. Солардың еті тірі бір жігіті Сыпатаев атындағы колхозда бригадир болыпты. Ол Ұлы Отан соғысы кезіндегі қылышынан қан тамған өрескел қылықтарын бейбіт өмір кезінде де жасапты. Содан қалған бір белгі, яғни бір ұрпақ бар. Ол кезеңді, болған оқиғаларды көрген естияр кісілер: «Жүріс-тұрысы, күлгені айна-қатесіз тура әкесі сияқты. Ой, ұқсамасаң тумағыр!» – деп сөз арасына қыстырады. Ешкім оның бетіне сен ондайсың, тіпті жиенсің деп те айтпайды. Сол ерке жігіттің қыздары бүгінде бойжетті, ұлдары ержетті. Ал енді солар біздің елдің руының атын жамылып, өзінің шын қандастарымен үйленіп, тұрмыс құрса ше?
...Осы екі құпия ашыла қалса, үш-төрт отбасының шырқы бұзылады. Айрандай ұйыған ерлі-зайыптылардың тұнықтары лайланады. Сонда менің ұтарым не?
Бұған не дейсіздер, оқырман қауым? Әлде өзімнен үлкендер сияқты «Көрмес – түйені де көрместің» күйін кешіп, іштей езіліп күн өткізе берейін бе? Ұрпақтың тазалығын ойлаған әрбір естияр адам өзінің ары алдында, болашақ ұрпақ алдында немқұрайды болмауы керек қой.
Осындай белгісіз күйде қалған күнәлілердің кесірінен қоғамымызда қатыгездер, қаныпезерлер, жемқорлар, арамтамақтар көбейіп жатқан жоқ па екен деп те ойлаймын кейде. Кейбір мектеп-интернаттардағы мыңдаған ақыл-есі кем, мүгедек балалар осындай үлкендердің, «қызық қуғандардың» ісінің «жемісі» емес пе екен, солардың «байқамай қалуынан», немқұрайлығынан, кей арсыз, намыссыз жастардың бір сәттік сезімге берілуінен емес пе екен деп те қаламын.
Тынысбек ҚУАТБАЕВ.
Жиенқұм ауылы.
Бәйдібек ауданы.