Омбыға төте жол ашылды

Омбыға төте  жол ашылды

Бір заманда Омбы өңірін қалың қазақ ен жайлағаны – шындық. «Атты емеспіз, жаяумыз, жаяудан да баяумыз, он бес сөтке жүргенде, Омбы жаққа таяумыз» демекші, қазақ үшін жердің қашықтығы маңызды емес. Алыс-беріс үзілмейді. Бірақ сол қарым-қатынаста жолдың маңызы үлкен екені анық. Алдағы уақытта қазақстандықтар үшін Омбы қазақтарымен қарым-қатынас орнату оңай болады. Өткен аптадан бастап Астана-Омбы арасын­да тұрақты түрде аптасына екі мәрте қатынайтын жаңа рейс пайда болды.
Маусымның 16-сы күні Астанадан Омбыға қарай бет алған алғашқы ұшақтың іші жолаушыларға толы болды. Бірі – Омбыдағы туыстарына, ел аралауға, енді бірі сауда-саттық пен кәсіби мақсатта аттанған орыс пен қазақтың қуанышында шек жоқ. Себебі бұдан бұрын Омбыға сапар шеккісі келетіндер Астанадан ары қарай 800 шақырым жолды жеңіл көлікпен, автобуспен жүріп, жол азабын тартатын. Қыстың қақаған аязында Сібір маңы аудандарына көлікпен жету барып тұрған қиямет екені түсінікті. Жолды қар басып, тапа-тал түсте үсікке шалдығып қалатын төтенше жағдайларды да жиі естиміз. Енді осы жол азабы жылдағыдан жеңілдеу болады деген үміт бар.
Әзірге аптасына екі рет – дүйсенбі және сәрсенбі күндері Fokker 50 шағын ұшағы жолаушыларды жеткізіп отырады. Ал қыркүйектен бастап  оны Embraer 190 жаңа ұшақтары алмастырады. 97 адамдық жаңа ұшақтар енгізілгеннен кейін Омбы мен Астананың алыс-берісі одан әрі артатын сыңайлы. Астана мен Омбыға бару немесе қайту әуе билеттерінің бағасы 26 470 теңгеден басталады. Embraer 190 ұшағы жаңа әрі жайлы көлік болғанымен, ол іске қосылғанда жолаушылар тасыма­лының бағасы өспейді. Бұған әсіресе кәсіпкерлер қауымы ерекше қуа­нып отыр. Себебі, әр түрлі деректер бойынша, Омбы қаласында қазақстан­дықтармен бірлесе құрылған 120-дан астам кәсіпорын бар. Бір айта кетерлігі, бұл бағыттағы әуе қатынасын тек қазақстан­дықтар ғана емес, шетелдіктер де жиі пайдаланатын болады деген бол­жам бар. Бұған дейін Үндістаннан Омбыға қаты­найтын кәсіпкерлер аталған қалаға жүк­терімен жету үшін Делиден Алматыға, Алматыдан Петропавлға ұшып, одан Омбыға қарай 800 шақырым жолды көлікпен жүріп өтетін еді. Енді олар Астана арқылы оңай жететін болады. 
«Жаңа рейс Қазақстанды Ресеймен байланыстыратын жетінші бағыт болып табылады. Бұдан бұрын Мәскеу, Санкт-Петербург, Новосибирск, Екатеринбург, Самара және Қазанға маршруттар ашыл­ған», – дейді «Эйр Астана» әуе ком­пания­сының ТМД және Ресейдегі аймақтық бас менеджері Дмитрий Капа­рулин. Оның айтуынша, әуе компания­сының алдында бірнеше бағытта рейс ашуға таңдау болған. Ойластыра келе, солардың ара­сынан Омбы қаласына тоқтам жасалды. «Бұл  таңдауы­мыз қате болған жоқ деп есептейміз. Мұны алғашқы екі рейстің өзі көрсетіп берді. Біздің жоспарлағанымыздан екі есе көп жолаушы ұшаққа отырды», – деді Д.Ка­парулин.
Биыл «Эйр Астана» әуе компаниясы өзі­нің он жылдығын атап өтуде. Осы мерейтойының қарсаңында қазақстандық жолаушылардың құрметіне де ие болып жатыр. Жуырда «Эйр Астана» әуе ком­паниясы Skytrax халықаралық агенттігінің рейтингі бойынша төрт жұлдызбен бағаланды. ТМД және Шығыс Еуропа елдерінде бұл – ең жоғары көрсеткіш.
Астана – Омбы бағыты бойынша рейс­тің тұсаукесеріне Омбыдағы Қазақ мәдени орталығының өкілдері келіп қатысты. Өздерін Омбының байырғы тұрғын­дарымыз деп білетін жергілікті қазақтар Омбы қазақтарымен Қазақстан­ның ара­сын­да тығыз байланыс болғанын қалай­тындықтарын жеткізді. «Тек сонда ғана біз тарихи-мәдени  болмысымызды жоғалт­пай, сақтап қала аламыз», – дейді Омбы қаласындағы Сібір қазақтары мә­дени орталығының жетекшісі Алтынай Жүнісова.
Михаил Бермун, Омбы қаласы әуежайының бас директоры:
– Біздің қаламыздың ең жақын көршісі – Қазақстан. Бұл ел қазір Ресейдің ең жақын досы атанып отыр. Бұған дейін Омбы мен Қазақстанның арасында әуе қатынасының болмауы екіжақты серіктестікке кедергі келтіріп еді. «Эйр Астананың» арқасында бұл жағдай шешімін тапты. Болашақта бұл компания бізді Қазақстанның басқа да аймақтарымен байланыстырады деп сенеміз.

Эльдар Қонаев, Қазақстанның Омбы қаласындағы консулы:
– Омбы мен Астананың арасын байланыстыратын әуе жолының пайда болғаны бізді қатты қуантты. Себебі Омбы мен Қазақстанның ешбір қаласында тікелей қатынас болған жоқ. Өткен жылы Омбы мен Қарағанды бағытындағы теміржол қатынасы тоқтатылды. Консулдық кеңсесіне «Қазақстанмен жол қатынасын реттеу керек» деген тақырыпта көптеген хат келіп жүрген еді. Жаз кезінде Омбыдағы жергілікті қазақтар Қазақстанға көп барғысы келеді. Туған-туыстарын аралап, Астананы көріп қайтқылары келеді. Тек туристік байланыс қана емес, іскерлік қатынас та артады деген үміт бар. Өйткені Омбы мен Қазақстанның арасында кәсіпкерлікпен айналысқысы келетіндер көп, бірақ жол қатынасы мүмкіндік бермей келді. Көлікпен 700 шақырым жүріп өту оңай емес. Тек Астана ғана емес, Алматымен де байланыс орнаса деген тілек бар.

Омбы туралы
Тарихи оқулықтарда Омбы қаласының іргетасы 1716 жылы қаланды делінеді. Петр І патшаның бұйрығы бойынша Сібір генерал-губернаторы М.П.Гагарин алғашқы құрылысты бастайды. Дегенмен бұған дейін бұл орманды өңірдің мал шаруашылығымен айналысқан көшпелі қазақтардың жері болғанын ресейлік тарихшылар да мойындайды. Тіпті «Омбы» деген атаудың өзі түркілерден қалған. Бекініс орнатпақ болған орыс отаршылдары мен жергілікті қазақтардың арасында дүркін-дүркін қақтығыстар болып отырғаны да тарихи деректерде бар. Ал Омбыны қайтару жолындағы соңғы шайқастар Кенесары ханның кезінде болған деседі.
Омбы қаласының тарих беттеріндегі қазақтардың үлесі орыс отаршылдығынан кейін де аяқталмайды.
1847-1852 жылдар аралығында қазақтың ұлы ғалымы, шығыстанушы, тарихшы, фольклоршы, этнограф, географ Шоқан Уәлиханов Омбыдағы кадет корпусында білім алады. Бұл қалада сондай-ақ Сәкен Сейфуллин, Нығмет Нұрмақов, Мағжан Жұмабаев сынды қазақ зиялылары білім алған. Шоқан оқыған кадет корпусының ғимараты да, Сәкен мен Мағжан оқыған оқытушылар семинариясының ғимараты да әлі сақтаулы тұр.
Қазір Омбы қаласының дәл орталығында жаяу жүргіншілер көңіл сергітіп, серуендейтін көрікті көшелердің біріне Шоқанның аты берілген. Сұлу мүсінді Шоқан ескерткіші сол көшенің дәл ортасына орналасқан. Сондай-ақ Омбы қаласының орталығында Сәкен Сейфуллин атындағы көше де бар. Ал облыс аумағындағы қазақы жер-су атаулары сол күйі өзгермеген. Жергілікті қазақтардың айтуынша, оны өзгерту жөнінде ұсыныс та жасалып жатқан жоқ. Жалпы, Омбы қаласы халқының саны 1 млн 200 мыңнан асатын болса, соның 100 мыңдайы – қазақ. Омбы облысында қазақ тілін пән ретінде үйрететін 17 мектеп бар екен.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста