Оқушы қызға «қол жүгірткен» мұғалімнің баласы: Әкем жазықсыз сотталды
Бірер күн бұрын БАҚ беттері «қыз балаларға азғындық жасамақ болды» деп айыпталған қызылордалық мұғалім Әкпар Исахаевтың 10 жылға бас бостандығынан айырылғаны жөнінде жазған еді. Алайда, оның қорғаушысы және жақындары, Белкөл ауылының тұрғындары 35 жылдық еңбек өтілі бар ұстаздың үстінен тағылған айыппен келіспей, жаптым жала, жақтым күйенің құрбаны болғандарын айтуда. Baq.kz ақпараттық агенттігінің өңірдегі тілшісі даулы мәселенің мән-жайын зерттеп көрді.
Қызылорда қаласына қарасты Белкөл кентіндегі №189 орта мектебінде математика пәнінің мұғалімі Әкпар Исахаевтың сотталуына алтыншы сыныпта оқитын екі қыздың шағымы себеп болған. «Ағай бізді аймалады» деген сөзін естіген аналары «мұғалімі қыз балаларға азғындық жасамақ болды» деп арызданған. Даудың басы осыдан басталған.
Әкпар Исахаевтың қорғаушысы Жасұлан Таңатаровпен тілдескенімізде арызданушылардың уәжі дәлелсіз, ақылға сыймайтынын жеткізді. Тіпті, арызданған екінші қыз Дина Нағызбаева құрбысының сөзіне еріп, нашар баға қойған мұғалімінен осылай «өш» алғысы келгенін айтқан. Яғни жұмыстан кетіруді ғана ойлаған. Шын мәнінде, «ағай ұстаған жоқ, тиіскен жоқ» деп өтірігін мойындаған. Бірақ, істің бұлай насырға шауып кетерін білмедім деп, мұғалімнің отбасынан кешірім де сұраған.
«11 жастағы екінші қыз алған бетінен қайтпай отыр. «Ұстаз сабақ үстінде денеме қол жүгіртті» дейді. Оның айтуынша, әр сабақ сайын екі реттен «тиіседі» дейді. Яғни, сот шешімі бір ғана жәбірленуші қыздың куәлігімен және сол қызға жүргізілген сот-психологиялық, сот-криминалистикалық сараптамалар негізінде қабылданды. Сыныптағы 24 оқушы қыздың сөзін жоққа шығарды. «Біз де сол сабақтарда болдық, ағайдың ерсі қылығын көрмедік» деп жазбаша жауап берді. Арызданған қыз сабақтан кейін болды деп айтса түсінер едім. Бұған қоса, жаңа методика бойынша парталар бір-біріне қарама-қарсы қойылады. Сондайда әлгі қыздың артқы жағынан мұғалім келіп, кеудесіне қол жүгіртсе, онысын бірнеше мәрте қайталаса, қарама-қарсы отырған оқушылардың көрмеуі мүмкін бе? Мүмкін емес. Осыны айтып отырған сынып жетекшісінің жауабын сотта дәлелдеме қатарынан алып тастады. Заңда куәні дәлелдеме қатарынан алып тастау көрсетілмеген. Ол мұғалім сынып жетекшісі ретінде оқушыларының математикадан үлгерімі нашар болғандықтан Әкпар Исахаевтың сабақтарына апта сайын қатысатынын айтқан еді. Ал «бұл қыз өтірік айтуға бейім емес» деп сараптама жасаған психологқа сотта «қазір осы қыздың айтып тұрғаны өтірік пе, шын ба, айта аласыз ба?» деп сұрақ қойдым. Ол «мен ондай сұраққа жауап бере алмаймын» деп жалтарып шыға келді. Қаншама оқушы, қаншама куәнің жауабын сотқа алып бардық, ешқайсысын назарға алмай, бір ғана қыздың сөзіне бола, Қылмыстық кодекстің 124 бабының 3-бөлігімен «жасөспірім балаларға бірнеше рет азғындық әрекет жасады» деген үкім шығарып жіберді. Бірақ үкім әлі заңды күшіне енген жоқ», – дейді Ж.Таңатаров.
Арызданған қыздың сынып жетекшісі, №189 мектептің мұғалімі Сандуғаш Молдабайқызы да білікті педагогтың ісін қайта қарау керектігін айтып отыр. Дау шыққаннан кейін оны сынып жетекшілігінен алып тастапты.
«Әкпар Исахаевты екі жылдан бері танимын. Әріптес ретінде және білікті маман ретінде білемін. Сынып жетекшісі болғандықтан сабақтарына қатысып жүретінмін. Оның сабақтарына қатысқанда ондай өрескел жағдайлар көрген емеспін. Ағай өзінің пәніне келген кезде қатал, оқушылардан сабақ оқуды талап етеді. Ол кісі мұндай жаман іске барады деп айта алмаймын. Тіпті, арызданған қыз сабақтың үстінде ағай тиісті деген. Бір сыныпта 24 оқушы отыр, кімнің не істеп жатқаны белгілі ғой, тиіскен болса мен де, басқалары да көретін еді. Ол қыздың қасында отыратын оқушылар да мұндай әрекетті байқаған да, көрген де жоқпыз дейді. Сондықтан, осы іс әділдігін тапса екен деймін», – деді Сандуғаш Молдабайқызы.
Әкпар Исахаевтың заңды өкілі әрі баласы Ержан Исахаевтың айтуынша, әкесі жөн-жосықсыз сотталуда.
«Айтарға сөзім жоқ, не айтамын, білмеймін. Әкемді жазықсыз соттап жіберді. Айыптаушы жақтың дәйекті дәлелдері де жоқ. Әкем 35 жыл мұғалім болған. Балалары да, келіндері де мұғалім. Жалпы, мұғалімдер әулетіміз. Сабақтың үстінде қол жүгіртті дегені өтірік қой енді. Арам ойы болса, оңаша жер табады емес пе. Әкем екі мектепте жұмыс істейді. Түске дейін біріне, түстен кейін екіншісіне барады. Сөйтіп жүрген адамның жұмыстан басқа іске уақыты да жоқ. Әкем - білікті математик. Оның әдістемелік еңбектері бар. Өзінің өмірін ұрпақ тәрбиесіне, оқушыларға есеп-қисапты үйретуге арнаған адам», – дейді баласы.
Белкөл кентінің тұрғындары да Әкпар Исахаевқа араша түсуде. Солардың бірі Дариға Бегалиева. Ол сот үкімі негізсіз дәлелдемелерге құрылған дейді. Сондықтан, мұғалімді ақтау үшін Жоғарғы сотқа, Бас Прокуратураға жүгінетінін жеткізді.
«Әкпар Исахаев менің туысым да, жақын танысым да емес. Ұстаздарға кір келмесін деп тұрғындардың атынан сөйлеп, шырылдап жүрмін. Оны аяймын, ештеңе істемегені үшін сотталып барады. Мен баспасөз беттеріне сұхбат беруге, істің ақ-қарасын айтуға дайынмын», – дейді Д.Бегалиева.
Ибраш ӘЛИ