Оралман «Қоныстану куәлігін» алып келсе, қағазбастылық азаяр еді
Құрметбек САНСЫЗБАЙҰЛЫ, Көші-қон комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті директорының орынбасары:
– Құрметбек мырза, бүгінгі таңда Алматы облысы аумағына шетелдерден қанша қандастарымыз көшіп келді? Олардың әлеуметтік мәселелері қалай шешімін тауып жатыр?
– Елбасымыздың сындарлы саясаты арқасында бүгінгі таңда елімізге бір миллионға жуық қандастарымыз оралды. Соның ішінде Алматы облысына 22 елден 123 693 оралман көшіп келді. Олардың шешілмей отырған әлеуметтік мәселелері де жоқ емес. Мен осы саланың өтпелі кезеңде бастан кешкендері мен алдағы уақытта болар деген жағдайларын сараптай келе, мынандай ой-пікір айтар едім: оралмандардың әлеуметтік мәселесі қордаланбас үшін мемлекетіміз мына мәселелерді жедел шешіп беруге атсалысса құба-құп болар еді. Біріншіден, қандастарымыз сол елдердегі ҚР Елшілігінен, консульдық бөлімдерінен «Қоныстану куәлігін» алып келсе. «Қоныстану куәлігінде» ұлты, отбасы құрамы, сол елдің азаматтығынан шыққандығы туралы мәлімет жазылып келсе, қағазбастылық азайып, «Оралман» деген мәртебе берудің де қажеттілігі бола қоймас еді. Екіншіден, аудан орталығына, ауылдарға көшіп келген қандастарымыздың құжаттарын тіркеу, жұмыспен қамту, баспана мәселесін ауыл әкімі шешетін болса. Өйткені өз ауылына қанша оралманды қабылдау және де біріккен жүйеде алдын ала баспана салуға қандай мүмкіндіктер барын әкімдер ғана жақсы біледі. Яғни облыс әкімдігі аудан, қала әкімдіктерінен алдын ала осындай мәліметтер алып, осы тапсырысты Көші-қон комитеті арқылы Үкіметке ұсынып, шешім қабылданар болса, дұрыс болар еді. Үшіншіден, Көші-қон комитеті тек ағымдағы жылда келген оралмандарды орналастырумен емес, келер жылдардағы келетін қандастарымызды қай облыстың елді мекендеріне алдын ала келісілген біріккен жүйедегі тәртіп бойынша орналастыру мәселесімен айналысуы керек. Төртіншіден, Облыстық көші-қон мекемесі облыс әкімдігінің штатына беріліп, аудан, қала әкімдерімен күнделікті бірлесе қызмет атқарып, ағымдағы жылы келген оралмандарды орналастыру мәселесімен тұрақты айналысса екен. Сонда қандастарымыздың әртүрлі мәселелерін шешетін сегіз-тоғыз мекеме облыс әкімдігінің басқаруында болып, бір-біріне сілтемелеу деген болмас еді. Келген қандастарымыз да әуре-сарсаңға түсіп, сандалмас еді. Қалай десек те, оралмандардың әлеуметтік мәселесін қанағаттандырып, шешетін тек әкімдіктер екені рас.
– Көші-қон саласында орын алып жатқан заңбұзушылықтар жайы жиі әңгімеге арқау болып жатады. Сіздерде де осындай келеңсіз жағдайлар кездесе ме?
– Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің төрағасы Қабылсаят Әзімбайұлы көші-қон саласындағы сыбайлас жемқорлықты болдырмау жолында біраз іс-шаралар атқарды. Ол өз нәтижесін берді деп айта аламын. Бірінші кезекте жалған диплом арқылы балл жинап, квотаға кіретіндерді тоқтатты. «Оралман деректі қоры» бойынша отбасы мүшелері балл жинай алмаса да, оралмандардың көшіп келу квотасына енуіне рұқсат бергізді. Оралмандарды делдалсыз қабылдау тәртібін қалыптастырды.
Бөлінген қаражаттарды толығымен алған соң ҚР азаматы куәліктерін алмай, бұрынғы келген еліне қайтып кеткендер және отбасы мүшелеріне қосымша жалған құжаттар тапсырып, сыбайластықпен квота алғандар Алматы облысында жоқ деп айта алмаймын. Кейбір осындай мәселелерді заң орындары тексеріп анықтап жатыр.
– Жоғарыда «Оралман деректі қоры» дегенді тілге тиек еттіңіз. Осы жайында толығырақ айтып кетсеңіз.
– «Оралман деректі қоры» – 2006 жылдан басталған бағдарлама. Қазіргі кезде толығымен жұмыс істеп тұр. Кезінде жалған құжаттар жасап, отбасына адам санын қосқандар, екі қайта квота алғандар осы бағдарлама бойынша айқындалуда. Алды ұсталып, істі болды. Қаншама оралмандар алған артық ақшаларын қайтарды. Бұл жұмыс әлі де жалғасуда. Осы бағдарлама арқылы соңғы жылдары келген әрбір оралман жайында ақпаратты нақты білуге болады. Жеке өз басым соңғы екі жылда алдыма негізсіз келген қырықтан астам отбасы құжаттарын қайтарып жібердім.
– Құрметбек Сансызбайұлы, соңғы кездері «Көші-қон департаменті мен көші-қон полициясы қосылады» деген әңгіме айтылып жүр. Бұл қаншалықты негізді? Бұған сіздің көзқарасыңыз қалай?
– «Қазақстан Республикасында құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі кейбір шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 30 қыркүйектегі №1009 қаулысына сәйкес, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитеті Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің жаңадан құрылған көші-қон полициясы комитетіне функциялары беріле отырып, таратылатынын естідік. Комитет қосылған соң облыстық департаменттердің де қосылып, бір мекеме болары заңды құбылыс қой. Ары қарай қандай құрылымда қызмет атқаратынымыз «Халықтың көші-қоны туралы» жаңа заңы, ережелері бойынша айқын болар. Өз ойымды айтар болсам, көшіп келген қандастарымызды уақытша және тұрақты тіркеуге алу, оралман мәртебесін беріп, квотаға енгізу, Қазақстан Республикасының азаматтығына жедел қабылдау және статистикалық мәліметтер бір ғана мекеменің қолынан шықсын деген шешімнен туындаған болар деп ойлаймын. Яғни енді келген қандастарымыз екі-үш айдың ішінде ҚР азаматтығын алып, Үкіметтен белгіленген көмектерге азамат ретінде жедел қол жеткізу мүмкіндігіне ие болары хақ. Жалпы, «Халықтың көші қон туралы» заңы ол тек оралмандар үшін ғана бекітілген заң емес. Қазақ елінің шекарасынан кім, қай ұлт, ұлыс өкілі кіріп-шыққаны, көшіп кеткені және ішкі көші-қонға байланысты туындайтын барлық мәселе, іс-әрекет көші-қон полициясының күнделікті қатаң бақылауында болуы – ел қауіпсіздігі үшін де аса маңызды мәселе.
Ашық әңгімеңізге алғыс айтамыз.