Оспанова: әйел бірінші орынға күйеуін, одан кейін ғана балаларын қоюы керек
Соңғы уақытта жас жұбайлар арасында ажырасу кеңінен белең алып келеді. Бұл бірінші кезекте ерлі-зайыптылардан бұрын балаларына кері әсерін тигізетіні сөзсіз. Әсіресе, ересек өмірге қадам басып, отбасын құратын кезде. Осы орайда, психоаналитик маман мұндай келеңсіз жағдайдың алдын алып, отбасын қалай сақтап қалуға болатынын айтып берді.
Ажырасу өмірдің айнымас бір бөлшегі десек те болады. Ол қашан да жанды жаралап, көңілге мұң ұялатады. Жер бетіндегі кез келген адам оны бір рет болсын бастан өткергені сөзсіз. Осы орайда, Sputnik тілшісі психоаналитик маман Жанар Оспановамен "Ерлі-зайыптылардың ажырасуына не себеп?", "Бұл балаға қалай әсер етеді?", "Ене мен келін қарым-қатынасы қандай болуы керек?" және "Ер азаматтардың көңілдес іздеуінің себебі неде?" деген сауалдар төңірегінде әңгімелесті.
— Адам болашақ жарын өз ата-анасына ұқсатып таңдайтыны қаншалықты рас?
— Бала дүниеге келген сәтте бірінші өз ата-анасын көріп, ер жеткенше солардың қасында болады. Сол себепті, оның болашақ жарын өз ата-анасына ұқсатып таңдауы заңды. Мұндайда "Жалғызбасты аналардың қыздары ше?" деген сауал туындауы мүмкін. Бұл әйелдердің басында бұрынғы күйеулерінің, яғни баланың әкесінің белгілі образы болады. Бейсаналы деңгейде осы образ қызына беріледі. Арада болған өкпе-реніш, ер адамға деген өшпенділік қызының болашақ жарын таңдауына тікелей әсер етеді. Осының салдарынан қыз бала тұрмыс құрған кезде түрлі қиындыққа тап болуы мүмкін. Қазақта "Келін қайын ененің топырағынан" деген аталы сөз бар. Бұл рас. Себебі, ер азаматтар да болашақ жарларын ата-аналарына ұқсатып таңдайды. Бірде сырт келбеті, енді бірде мінезі ұқсауы мүмкін.
— Сүрбойдақтардың отбасын құрмауына олардың ата-анасына ұқсайтын адам таба алмауы себеп деп айта аламыз ба?
— Мұны психоанализде идеализация, яғни мінсіз етіп көрсету дейміз. Осы мінсіздіктің жанында адамды "құнсыздандыру" да қатар жүреді. Түсініктірек болу үшін мысалмен айтайын. Бала ата-анасын мінсіз деп ойлайды. Себебі, олар оның барлық қалауын орындап, киіндіріп, тамақтандырады. Бірақ, осы бала ата-анасының титімдей кемшілігін көретін болса, олардың барлық жақсы қасиетін жоққа шығарады. Осыны "құнсыздандыру" деп айтамыз.
Есейген шақта бұл бала өзіне мінсіз жар іздейді. Ал кез келген адам баласы пенде болған соң, қателіктер жіберетіні сөзсіз. Осының салдарынан ол кәрі қыз болады немесе қырыққа келгенше де үйленбей жүре береді.
Десе де мұны жалпы себеп деп қарастырмаған жөн. Кей жағдайда ғана осылай болуы мүмкін.
— "Махаббат үш жыл өмір сүреді" деген қағида бар. Осы қаншалықты рас? Неліктен үш жыл және махаббат дегеніміз не?
— Махаббат деген үлкен тақырып, оған ешкім нақты сипаттама бере алмай келеді. Кейде ғашықтықты махаббатпен шатастырып жатамыз. Яғни махаббат үш жыл өмір сүрмейтінін айтқым келеді және ерлі-зайыптылар шынайы махаббаттың дәмін отасқандарына 20-30 жыл толған соң ғана сезінеді. Ал жаңағы сіз айтып отырған үш жылға созылатын ғашықтық осы махаббатқа жету жолдары ғана.
Бастапқы үш жылда қыз бен жігіт бір-бірін толық білмейді. Мүмкіндіктерінше тек жақсы жақтарын көрсетуге тырысады. Кейін, шамамен үш жыл толғанда, олар бір-бірінің жаман қасиеттерін де көре бастайды. Бәлкім "махаббат үш жыл өмір сүреді" деп осыған байланысты ғана айтылған шығар. Ал шынайы махаббат ешуақытта сөнбейді. Арасында жағымсыз сезімдермен көмкерілуі мүмкін. Бірақ, мұның барлығы өткінші нәрсе.
— Кез келген отбасыда ыдыс-аяқтың сылдырлауы орынды ма? Әлде ғашықтар бір-бірін шын сүйіп қосылғанда барлығы мінсіз өте ме?
— Әрине, кез келген отбасында сылдырлайды. Қыз бен жігіт сырт көзге ересек адамдар болып көрінгенімен, олардың жан-дүниесі биологиялық жастарына лайық болмауы мүмкін. Оның үстіне екеуінің өскен ортасы мен мәдениеті басқа. Осы екі мүлдем бөлек "әлем" бір арнаға тоғысқанда міндетті түрде түсініспеушіліктер болатыны анық. Бір-біріне толықтай үйренгенше 2-3 жылдай уақыт өтеді. Ал қыз-жігіт болып жүріп жүргенде олар бір-бірлерін мүлдем танымайды десек болады. Сондықтан ыдыс-аяқтың сылдырлауы заңды.
— Ер адам бір рет қол көтерсе немесе әйелі намысына тиетін сөз айтып қалса, ажырасып кетіп жатады. Мұндайда қандай кеңес беретін едіңіз? Осы әрекеттері дұрыс па?
— Мұндайда атүсті шешім қабылдауға асықпаңыздар деп айтатын едім. Әрине, егер ерлі-зайыптылардың психологиялық ауытқуы болса, керісінше ажырасуға асығу керек. Мысалы, есерсоқ (психопат) адамдар ешкімді аямайды. Олар жарларын өлтіріп қоюы мүмкін. Ал басқа жағдайда мүмкіндіктерінше түсініскендері жөн. Керісінше чемоданын алып жүгірмей, отырып "Сен мені ренжіттің. Осылай айтқаныңда мен қиналдым" деп сезімдерін ашық айтатын болса, татуласып кетулері де ғажап емес. Яғни қандай жағдай болмасын, ажырасуға асықпаңыздар дейтін едім.
— Психологиялық мәдениеті бар ерлі-зайыптылар қиын-қыстау кезеңдерде психолог, психоаналитик мамандарға барады. Егер маманға олардың біреуі ғана қаралатын болса, мұның пайдасы тие ме? Әлде міндетті түрде екеуі қатар келгені жөн бе?
— Әрине, ерлі-зайыптылар бірге барып жатса, нұр үстіне нұр болатын еді. "Бұл кімнің жанына батып жатыр?" деген сұрағым бар. Бәлкім ер адамның жүрегі ауырып жатқан шығар? Керісінше әйелдің жаны жаралы болуы мүмкін. Сол адам маманға барса, уақыт өте келе жанжал кезінде тартына сөйлеп, қателіктерін түсінуі мүмкін.
— Кейде ерлі-зайыптылардың арасына ата-аналары түсіп, қиындықтарын шешіп беруге тырысады. Бұл қаншалықты дұрыс?
— Ата-ананың араласуына жеке өзім қарсымын. Ұлының немесе қызының "Анау былай істеді" деп шағым айтатыны сөзсіз. Мұндайда "Өзіңнің сүйіп қосылған жарың. Екеуің өзара шешіңдер" деп қысқа қайырғандары жөн. Психологиялық сауаты бар ата-аналар балаларын отырғызып қойып терапия жүргізеді. "Екеуіңді біз қосқан жоқпыз. Өздерің сүйіп қосылдыңдар. Енді не жағдай болып жатыр? Не ұнамай жатыр?" деп сұрайды. Кейін екеуін кезек-кезек тыңдайды. Мұндайда мүмкіндігінше әділетті болып, ақырында отбасын сақтап қалуға тырысып отырған адамды жақтай түсу қажет. Сол кезде ғана жас жұбайлар ата-аналарының өздерінің бірге болғанын қалайтынын түсініп, ақыл тоқтатады. Араларында бала болып жатса, онда отбасын сақтап қалуға екі есе тырысқандары жөн.
— Ата-енесімен бірге тұрғысы келмейтін келіндер қатары көбейіп келеді. Мұның себебі неде?
— Бұл сауалдың жауабын екі жақты қарастыруға болады. Біріншіден, келіннің өз ата-анасымен қарым-қатынасы жақсы болса, ол барған жерінде сыйысады. Ал керісінше толыққанды емес, әке-шешесі ажырасқан отбасыдан шыққан келіндер шаңырақты сақтап қалу, ата-енемен тіл табысу мәселесіне келгенде қиналады. Себебі, олар бүлінген отбасының моделін осы үйге алып келеді.
Екіншіден, ене жаңа түскен келінді қызындай көре ала ма? Үйге бөтен адамды кіргізіп, оған туған балаңды беріп қою деген ана үшін өте қиын. Бұл оңай нәрсе емес. Ішінде қызғаныш сезімі пайда болып, олады ажыратуға әрекет жасауы мүмкін.
Бірақ қазір келінінің сөзін сөйлейтін дана енелер өте көп. Туған балаң ешқайда қашпайды, ал келін кеудесінен итергенде өзін бөтен сезінуі мүмкін. Сондықтан "Менің келінім қызым сияқты" дейтін енелерге тамсана қараймын. Әрине, дұрыс болмаған кезде ақырындап айту қажет.
— "Ажырасамын" деген сөздің астарында не жатыр? Бұл ерлі-зайыптының біреуінің отбасылық өмірден шаршағанын білдіре ме? Әлде керісінше "мені ұстап қалуға тырыссыншы" деген тілегі ме?
— Біріншіден, ажырасу деген нәрсе оңай емес. Ажырасқан соң адам үш жылға дейін психологиялық тұрғыдан қатты қиналады. Себебі, ол бұл қарым-қатынасқа жанын салып, сүйіктісіне тілекші болды. Десе де, адамның қаншалықты қиналатыны отасқан немесе жүрген жылдарының көптігімен тікелей байланысты. Мысалы, бір жылға жетер-жетпес уақыт толмай жатып ажырасса, тез ұмытады. Ал одан көп уақыт бірге болса, айтарлықтай қиналатыны сөзсіз.
Екіншіден, бұл сөздің астарында "мені ұстап қалсын" деген тілегі де болуы мүмкін. Ажырасамыз деп шешім қабылдағанға дейін оларды бір нәрсе ұстап тұрды ғой? Неліктен олардың арасы суып кетті? Өкінішке орай, біздің қоғамда сезім туралы көп айтпайды. Соны керісінше айту керек.
Егер қыз бен жігіт байланысын үзіп, бір-бірімен мүлдем сөйлеспей қойса, бұл да олардың арасында сезім барын білдіреді. Сондықтан мұндайда мүмкіндігінше асықпай ойланған жөн. Үшіншіден, отбасылық өмірдің қиындықтары көп болып, мүлдем бірге тұра алмайтындарын түсінетін сәттер болады. Мұндайда, әрине, өкінішті. Яғни ерлі-зайыптының біреуінің "ажырасамын" деген сөзі тура мағынасында айтылған.
— Отбасылық өмірде әйел босанған соң баласына көбірек назар аударып кетіп жатады. Осы нәрсе ерімен қарым-қатынасына қаншалықты әсер етеді?
— Иә, мұндай әйелдер бар. Әрине, бастапқы 3-4 айда әйел адам баласына көбірек көңіл аударуы керек. Бірақ көңіл аудару осы екен деп өзінің жолдасын ұмытып кетпегені абзал. Кейде, тіпті, күні бойы баласын құшақтап алып отыратын әйелдер де бар. Ерлі-зайыптылардың төсегіне бала жатқызбаған дұрыс. Өйткені ер адамның да ішінде, жалпы кез келген адамның ішінде кішкене бала бар. Сол бала әйеліне ренжіп қалуы мүмкін. Осының салдарынан ішімдікке салынып, басқа әйелдермен көңіл қосуы ғажап емес. Яғни әйел адам бірінші орынға қашан да күйеуін, кейін ғана балаларын қоюы керек. Бала тәрбиесіне екеуі бірігіп атсалысып жатса, нұр үстіне нұр болатын еді.
— Бала отбасын сақтап қала ала ма? Ер адам ажырасқысы келген жағдайда отбасын жүктілігімен сақтап қалуға тырысатындар бар. Бұл қаншалықты көмектеседі?
— Меніңше, мүлдем көмектеспейді. Араларында махаббат болып бала туса, онда сақтап қалуға болатын еді. Бірақ, "Менің аяғым ауыр, балаң үшін жауапкершілікті ал" деп айту мүлдем дұрыс емес. Ер адам некелесуге келіскенімен, кейін мүлдем жоламай қоюы мүмкін. Өйткені сүймейтін адамымен көңіл қосып отыр. Мұндайда баланың еш көмегі тимейді. Кеткісі келген адам ақыры кетеді. Ерлі-зайыптылар ажырасып жатса да, бала бәрімен бірге болуы тиіс.
— Ата-анасының ажырасуы баласына қалай әсер етеді?
Орамал таққан қыз
CC0 / REE PILOTS
Психоаналитик қызына хиджаб кигізетін ата-ананың неге олай істейтінін түсіндірді
— Балалар мұндайда өздерін көбінесе кінәлі сезінеді. Сондықтан ерлі-зайыптылар ажырасып жатқан кезде "Біз бірге тұра алмадық. Бірақ сенің анаң немесе әкең жақсы. Екеуіміз жаныңнан табылуға тырысамыз" деп түсіндіргені жөн. Егер осылай түсіндірмесе, бала мен "Екеуіне де керек емес екенмін ғой. Анам тастай алмаған соң әкем қалдырып кетіп барады" деп ойлап қалуы мүмкін. Осы кінә сезімі оған ересек өмірде үлкен кедергілер келтіреді. Белгілі бір ортада отырса, өзін артық адамдай сезінеді.
Өскен кезде әке-шешесіне мүлдем ұқсағысы келмейтін балалар болады. Яғни олар қандай жағдай болмасын отбасын сақтап қалып, балаларын бақытты етуге тырысады. Расымен де, белгілі бір уақытқа дейін отбасылық өмірдің бақытын сезінеді. Бірақ, әйтеуір бір күні ол сынып кетуі мүмкін. Өйткені оның басында ажырасқан әке-шешесінің моделі бар.
— Бұл модельді қандай да бір жолмен өзгертуге бола ма? Әлде жазылған тағдыр секілді қалып қоя ма?
— Әрине, өзгертуге болады. Ол үшін білімді мамандардың көмегі қажет.
— Қыз-жігіт болып жүріп жүрген ғашықтарға, отбасылық өмірге қадам басқан жас жұбайларға қандай кеңес айтар едіңіз?
— Ең бастысы, қос ғашық бір-бірін сыйласа екен, көңіл аударып, сезімдері туралы ашық айта білсе екен деймін. Сезім айтылған жерде ғашықтардың бір-біріне деген құштарлықтары жандана түседі. Ал ата-аналар "Мен балам үшін өмір сүріп жүрмін. Мен осылардың жағдайын жасауым керек" деген сөздерін аздау айтса екен деймін. Өйткені бұл бала үшін өте ауыр тиеді. Сондай-ақ, бала ата-анасы бақытты болған кезде ғана шын қуанады. Сол себепті бала үшін деп өмір сүрудің қажеті жоқ. Бірінші кезекте, ата-ана өзін ойлауы тиіс, кейін біріге отырып балаларының тәрбиесімен айналысқандары жөн. Бала-шағасының көзінше "жаным, күнім" деген сөздерді айтып, бір-біріне қолғабыс етіп жатса, нұр үстіне нұр болатын еді.
— Сұхбатыңыз үшін көп рахмет! Қоғамға пайдасы мол екеніне сенемін!
Read more: https://sputniknews.kz/society/20180903/7072376/nagiz-mahabbatti-adamdar-kartaigan-shakta-sezinedi.html