Өзінің гей екенін жария еткен қазақ жігіті ғашығына қосылу үшін елден көмек сұрады (видео)
Өзінің гей екенін жария еткен қазақстандық Арман Хасанов ғашығын қайтара алмай жүр. Айтуынша, сүйіктісі Бекзат Мұқашевты ата-анасы ұрлап кеткен. Осыған дейін де ұлының гомосексуал екенін қабылдай алмаған әке-шеше қазір қос жігіттің ара-қатынасына қарсы көрінеді деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Осыған дейін ғашығымен Қазақстаннан асып кеткен Арман Хасанов қазіргі жағдайы туралы өз Instagram парақшасында жазды. Өз өмірін баяндаған жігіттің видеосы әлеуеттік желіні шарлап, желі қолданушыларының арасында қызу талқыға түсіп жатыр.
"Менің есімім - Арман. Қазақстандықпын және геймін. Сүйіктімнің аты-жөні -Бекзат Мұқашев. Бекзаттың ата-анасы ұлдарының гей екенін қабылдаудан бас тартуда. Олар бірнеше рет оны үйге қамап, ұрып-соғып, қорқытып, гомосексуалдықтан айықтыруға тырысты. Менің де соңыма түсіп, қорқытып жүрді. Біз Бекзат екеуміз қанша рет қашып кетсек те, оның ата-анасы бізді тауып, Бекзатты үйге қайтарып алды.
Қаңтар айында олар Бекзаттың туа біткен гидроцефалия гей болуына әсер етеді деп ота да жасатты. Осылайша, Бекзат гей болмайды деп үміттенді. Кейіннен біз Ресейге қашып кеттік, бірақ наурыз айында Бекзат шетелдік төлқұжатын дайындау үшін Қазақстанға кетуге мәжбүр болды. Қазақстан карантинге жабылған соң ол елден шығып кете алмады",- деді ол.
Арманның айтуынша, 13 маусым күні Бекзатты ата-анасы тауып алып, ұрлап кеткен. Олар балаларын әлі күнге дейін үйде күштеп ұстап отырған көрінеді. Олар қос жігіттің байланысуына да, адвокатпен сөйлесуге де мүмкіндік бермей жатқан сыңайлы.
"Мен сүйіктім үшін күресте сіздерден қолдау күтемін. Берілмеймін және Бекзат үшін күресемін. Ата-анасы 29 жастағы ұлдарының гей екенін қабылдай алмай, оған психологиялық қысым көрсетіп отыр. Біз бірнеше рет полицияға жүгінгенімізбен, нәтиже жоқ",- деп жазды Арман.
Одан бөлек, Арман Хасенов өз парақшасында сүйіктісі Бекзат Мұқашевтың видеосын жариялады. Бейнежазбада Бекзат ата-анасын жақсы көріп, сыйлайтынын айтады. Ол әке-шешесінен өз шешімін қабылдауды сұрайды.
"Бәрі кеш болып кетпесе, бір күні бізді де түсініп, қабылдарсыздар. Мен үшін уайымдамаңыздар. Мен айғай-шусыз шешейік десем де құлақ аспадыңыздар. Молдаға, психологқа да апардыңыздар. Сіздер өз таңдауларыңызды жасадыңыздар, мен өз таңдауымды жасадым. Шыны керек, шаршадым. Әлде өз-өзіме қол жұмсағанымды күтіп жүрсіздер ме? Жүйкем жұқарды. Өздеріңіз бас тартып, "Бекзат деген ұлымыз жоқ" дедіңіздер ғой. Егер осылай жалғаса берсе, полицияға арыз тастаудан басқа амалым қалмайды",- дейді Бекзат Мұқашев.