Қалалық соттың қазақшасы алға баспай тұр
Екібастұз қалалық сотында іс жүргізу 2009 жылы толық мемлекеттік тілге көшті. Бірақ мемлекеттік тілде сот жүргізу алға баспай келеді: 2009 жылы қаралған 480 қылмыстық істің 12-сі, 7595 азаматтық істің 18-і ғана мемлекеттік тілде жүргізілген. Бұлай болуына, әрине, негізінен, талап-арыз берушілердің өздері кінәлі. Өйткені талап-арыз қай тілде берілсе, сот оны сол тілде қарауға, істі сол тілде жүргізуге міндетті.
Ендеше, жағдайды қалайша жақсартпақ керек? Осы сұраққа жауап іздеген Екібастұз қалалық сотының төрағасы Асланбек Мерғалиев таяуда «Мемлекеттік тіл – қызмет тілі» тақырыбымен дөңгелек үстел ұйымдастырып, түрлі сала тізгінін ұстаған азаматтардың басын қосты. Дөңгелек үстелге Астана қаласы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының бастығы Оразгүл Асанғазықызының, ҚР Жоғарғы Сотының Мемлекеттік тілді дамыту бөлімінің бастығы Қыдырбек Әлқожаевтың, Павлодар облыстық сотының тіл мәселесіне жауапты бас маманы Әлия Кулетованың қатысуы шараның салмағын арттыра түсті. Отырыста Оразгүл Асанғазықызы: «Егер сотта орыс тілінде жүріп жатқан істің ішінде бір-екі қағаз қазақ тілінде кетіп жатса, ештеңе етпейді. Ешкімнің «оның орысшасы қайда?» деп сұрауға қақысы жоқ», – деп қалды. Осыған орай, Екібастұз қалалық сотының судьясы Нұргүл Сәуленқызы:
– Судьялар сот жүргізген кезде белгілі бір заң нормаларына бағынады. Күні ертең біз орыс тілінде жүргізген істің құрамында қазақ тілінде бірді-екілі құжат болып, оның аудармасын талап етпесек, заң бұзғанымыз болып шықпай ма? – деп айтылған жайды қайталап сұрады. Оразгүл апай мұндай жағдайда жалтақтаудың жөн еместігін, тіпті Жоғарғы Соттың бұл мәселеге әлдеқашан оң баға бергенін атап өтті.
«Атамұра» мәдениет орталығының әдіскері Торғын Апақова мемлекеттік қызметкерлердің тіл үйрену сабақтарына дұрыс қатыспайтынын, басшылардың оларды қадағаламайтынын, көптеген кәсіпорында аударма ісін аудармашылар ғана «арқалап» жүргенін айтты. Павлодар облыстық сотының тіл мәселесіне жауапты бас маманы Әлия Мейрамқызы:
– Тіл үйренушілердің сабаққа дұрыс қатыспайтынына оқытушылардың өздері кінәлі екендігіне көзім жетті. Себебі оларда ізденіс жоқ, неше жыл барсаң да, сабақтары бір сарында өтеді, – деді. Ойлап қарасақ, жаны бар сөз. Ал аудармашы мәселесінде Асланбек Амангелдіұлының «Бізде аудармашы тек түзетуші (корректор) қызметін атқарады. Өзге қызметкерлер өз құжаттарын өздері тәржімелемей, аудармашының мойнына арта берсе, тілді қашан үйренеді?» дегенін неге үлгі тұтпасқа?!
Отырыс соңында дөңгелек үстелге қатысушылар мемлекеттік органдар қызметкерлеріне мамандардың функционалдық міндеттеріне өзгерістер енгізіп, мемлекеттік тілді білуін талап ету, қажет болған жағдайда тіл курсын меңгергендігі туралы сертификаттарын қайтарып алу, тіл мәртебесін арттыру мақсатында жергілікті басылымдарға мақалалар беру жөнінде ұсыныс жасады.
Асланбек АМАНГЕЛДІҰЛЫ, Екібастұз қалалық сотының төрағасы:
– Қалалық қаржы басқармасынан, білім бөлімінен, салық басқармасынан істер түгелдей орыс тілінде түседі. Сотталушы мен жәбірленуші – екеуі де қазақ болса, Екібастұз қалалық ішкі істер бөлімі қызметкерлеріне де, өзгелерге де неге сотқа істі қазақша бермеске?
Нұргүл СӘУЛЕН, судья:
– Біз талап-арыздардың екі тілдегі үлгілерін әзірледік. Кез келген азамат бізден осы үлгілерді алып, сотқа арызды мемлекеттік тілде беруіне болады.
Оразгүл АСАНҒАЗЫҚЫЗЫ, Астана қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту басқармасының бастығы:
– Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған бағдарламасы аяқталуға жақын. Бірақ соттағы іс жүргізу көрсеткішінің 1,78 пайыз болуынан-ақ Екібастұзда бұл бағдарламаның жүзеге аспағаны көрініп тұр. Тіл мәселесінде түрлі сылтауды қоятын уақыт жетті. Қылышынан қан тамған кеңестік кезеңнің өзінде 70 ауданда сот ісі қазақ тілінде жүргені мәлім. Кейде «қазақ тілінде кей сөздердің нақты баламасы жоқ» деп жатамыз. Сөз жоқ емес, бар, қазақ тілінің аса бай тіл екенін өзге ұлттан шыққан талай ғалым мойындап, дәлелдеп те кеткен. Ал барды ұқсата, қадірлей білмеу – қазақтың өзінің бейқамдығы, жалқаулығы. Жұртқа талап-арызды қазақша беру қажеттігін айтып, насихат жүргізу қажет. Көшеде немесе маңдайшаларда қазақша жарнама қате жазылып тұрған болса, прокуратура заң бойынша соны қате жазған адамды сотқа беріп көрді ме екен? Жоқ. Өйткені біздің түк көрмегендей, көзімізді жұмып жүре беруге етіміз үйреніп кеткен.
Құқыққорғаушыларға төл тарихымызды білудің маңызы зор. Ол үшін ұлы тұлғаларымыздың мерейтойларын атап өтіңіздер. Бір мерейтойды прокуратура, екінші бір шараны қалалық сот атап өтсе, нұр үстіне нұр болмас па?! Сіздер тек соттау үшін ғана жаралған жоқсыздар ғой?! Әлде «Сот ештеңе өткізбесін, тек соттаумен айналыссын» деген заң бар ма?!
Елбасымыздың: «Тарихтың кез келген кезеңінде біздің ата-бабаларымыз өз аттарына кір келтірген жоқ», – деген сөзі бар. Ендеше, біз де ата-баба аманатын абыроймен арқалай білейік.