«Қазанға толсын сары уыз, Қайнасын наурызкөже де»
Өткеніміз ойға оралады. Кіндік қанымыз қазақы қоныста тамды. Сол киелі мекенді сағынамыз. Ауыл дегеніңіз біздің ұлттың түп-тамыры емес пе! Елдегі ағайын есен-саулықты «Мал-жаның аман ба?» деген сөзден бастайтын еді бұрын. Қазақ үшін ілгеріде түлікті түлетудің мәні зор болды. Қыстың ызғары қайтқан кезді асыға күтер едік. Ауылдағы тіршілік азан-қазан. Қой қоздап, қорада шу дегендей. Төрт түліктің бәрі де осы кезде төлдеп жататын. Уыз көженің дәмі де ауыздан кетпейтін.
Көбінесе ол сиырдың алғашқы сауылған сүтінен жасалатын. Анамыз алдымен бұзауды емізеді. Сосын қалғанын сауып алады. Оны арнайы жинайтын. Біраз күнге уызды ыдыстарға құйып қоятын. Біз оны асыға күтеміз. Көрші-қолаңды шақырады. Ағайын-туыстың бауырмалдығы қандай еді ол кезде. Бір-бірінің үйіне жиі қонақ болып тұратын. Уыз көже әрбір әулетті уыз¬дай ұйытатын. Қазақтың «уыздай ұйыған» деген тіркесінде үлкен мән жатыр. Бұрын ауыл адамдары өте ұйымшыл еді. Бір-бірінің қас-қабағына қарайтын. Ренжітіп алмауға тырысатын. Осының барлығы уыз көже дәмін бірге татқаннан шығар дейміз қазір...
Ақжаулықты аналар кейде уызды нау¬рыз¬көжеге қосады. Ақ ниетпен жасалған бұл әрекеттің астарына үңілдік пе екен? Әйтеуір, бала болсақ та, сол бір шақта бірлікпен жасалған тірліктің ілгері баса¬тынына көзіміз жететін. Елдің арасында наурыз атауы нәр уыз деген сөзден шыққан деп айтылады. Бәлкім, солай да шығар. Ата-бабалар малдың қамын жасады. Олар үшін түлікті түлетудің мәні ерекше еді. Ендеше, оның түпкі мақсатында уыздың нәрінен қуат аламыз деген ой бар шығар. Әрине, бұл тек болжам ғана. Анығы мен қанығын ғалымдар зерттей жатар.
Ауылдың ақылшы ақсақалы бата бергенде: «Қазанға толсын сары уыз, Қай¬насын наурызкөже де», – дейді. Осыдан-ақ біздің халқымыз үшін уыздың орны бөлек екенін ұғына аламыз. Сондықтан да наурыз дастарқанына уыз көжені қойсақ, ақ та мол болар еді, берекеміз де арта түсер еді...