Қазақ қызы қытай азаматына тұрмысқа шықты
Кейбір қазақ қыздарының елімізге келген қытай ұлты өкілдеріне тұрмысқа шығып жатқаны туралы ел ішінде таралған сөздер негізсіз болмай тұр. Оған әлеуметтік желіде жарияланған мына тойға шақыру қағазы дәлел.
Той 21 маусымда болады деп шешілген еді
Міне, осы тойға шақыруға қатысты бүгінде әлеуметтік желілерде ашу-ызаға толы пікірлер жарияланып жатыр. Солардың бірі – өзінің ұлтжанды мінезімен танымал болған Жәнібек Иманмәзір деген азамат: «Алматыда қытайға тиген қазақ қыздың тойы болайын деп жатыр. Талай адамдар қытайға тиме десе де қыз: «Одан аяғым ауырлап қалған, енді қалай ажырасамын?» – деп қырсығып отыр екен. Той Талғар жолындағы «Диана» мейрамханасында болады», – деген жазба қалдырды.
Желіде осы тойға шақыру қағазын көріп, зығырданы қайнаған басқа да азаматтардың аудиожазбалары жүр. Солардың бірі: «Әлгі тойы болатын қытайды білдім. Әкесінің біз жақта әжетхана қағазын шығаратын зауыты бар екен», – дейді.
«Қаным қайнап отыр. Бәріміз барайық. Бетпе-бет сөйлесейік. Не мақсатпен тиіп отыр? Не дер екен? Кім екен ол қытай? Сол жерде әке-шешесінің бетіне басайық. Бұған қарсылар бәріміз барайық. Бесағаштың бергі жағындағы бұрылыстағы мейрамхана екен ғой күнде көріп жүрген», – дейді тағы бір азамат.
«Жергілікті ме, оралман ба? Есі дұрыс па? Қанды қарайтты-ау! Сөйлесу керек дұрыстап!» – дейді тағы бір жігіт.
Тағы бірер азаматтар аталған тойхананы бейнежазбаға түсірді, аудиожазбалар жариялады. Белгілі болғаны – қытайлықтардың бұл тойханаға тапсырыс бергені рас екен. Жұртшылық шулап кеткеннен кейін мейрамхана иесі ондағы ішіне лимузин кіргізуге болатын залын аталған той үшін беруден бас тартыпты. Өздеріне телефон шалған қазақ жігітке осыны айтқан мейрамхана қызметкерлері сөз арасында қалыңдықтың қарны шермиген жүкті екенін, Алматыдағы барлық тойханалардың бұл тойға тапсырыс қабылдамай қойғанын айтады.
Кей қазақ қыздарының қытайлықтарға тұрмысқа шығуына түбегейлі тосқауыл болмағанның өзінде бұл әрекеттің кімге де болса терең ой салары анық.
Талғардан, Шымкенттен жігіттер барыпты
Кешегі сәрсенбіде, яғни қазақ қызы мен қытай азаматының тойы өтеді деген күні «Диана» тойханасына бірнеше көліктермен жүздеген қазақ жігіттері барыпты. Олар бұған қатысты бейнежазба жариялады. Онда аталған мейрамхана төңірегіне жан-жақтан көліктер барып жатқаны түсірілген, шағын автобус ішіндегі жігіттер оқиғаның қалай өрістегені туралы айтуда.
«...Қаптаған полиция. Жігіттер келіп жатыр, қазақтың жігіттері. Той болмайтын болды. Ақшасын қайтарып беріпті.
Міне, жігіттер келіп жатыр. Талғардан мың жігіт келіпті. Шымкенттен де келдік, Қазығұрттан жігіттер бар. Жолдың арғы бетінде полиция отыр. Біз олардан қорқып тұрған жоқпыз», – дейді бейнежазбада сөйлеген азамат.
...Қысқасы, жұрт бір дүрлігіп басылды. Бұл өзі кім-кімді де ойсыз қалдырмайтын оқиға болды.
Жылап отырып өлең жазған
Дәл осы күндері әлеуметтік желіде бір қазақ әйелінің өлеңі жарияланды. Өлеңді автордың өзі оқыды. Біз оны сөзбе-сөз жазып алдық, оқырманға қаз-қалпында ұсынуды ұйғардық. Ол былай дейді:
Кеткенің қалай ұлтыңа, елге сыя алмай?
Жылап отырмын...
Жасып қалғандай жігерім.
Жылап отырмын,
Не деген сұрқай күн еді!
Қазақтың қызы тағдырын
қосып кәпірмен,
Ұлты үшін мәңгі қалады
болып тірі өлік.
Жылап отырмын...
Қазақтың қызы,
артыңа неге қарамай
Кетіп қаласың сан мың
жүректерді жаралай?
Жылап отырмын...
Қазақтың қызы – өз қаным,
Тартқанда бөрі етектен,
алғаның қалай жағадан?
Жылап отырмын,
Жаттарға сені қия алмай.
Жылап отырмын,
Сүйегім күл боп сынардай.
Азаматы бар ғой қазақтың мың сан қаншама,
Кеткенің қалай ұлтыңа,
елге сыя алмай?
Жылап отырмын...
Оралмайсың-ау қайтадан,
Қай сайтан екен санаңды
бұзып, шайқаған?
Бөлтірік әкеп еліңе жау боп
шабатын,
Не болды, Ұлжан,
сөз өтпейді-ау, әй, саған?!
Көрген жөн еді бүйткенше
өлім, қазаңды,
Тартарсың бәлкім
екі дүниеде де жазаңды.
Кәпірге кеттің, талғамың
солай, не дейміз,
Қазақтың саны
бір қызға ғана азайды.
Ақымақ ару, не дейміз
үстірт талғамдарыңа,
Шек қойса екен қайта осы
жалғанбауына.
Алладан тілек тілейміз
жылап, қайтеміз енді,
Сана берсін деп, ақыл
қонсын деп қалғандарына.
...Әлеуметтік желіні қолданушы кей азаматтардың айтуынша, бұл өлеңді Сайрагүл Сауытбайқызы жазған көрінеді. Ол бүгінде қамақта отыр деседі. Яғни күйеуі мен балалары Қазақстанда тұратын оны біздің жақ шекарадан заңсыз өткен деп кінәлап отырғаны белгілі, ол Қытайға қайтарылуы мүмкін. Дегенмен оны арашалауға әрекет жасап жатқан азаматтар бар. Бұл жөнінде әлеуметтік желілерде де, бірқатар ақпарат құралдарында да жарияланған болатын.
Н. ӘБДІ