Қазақ тіліндегі мультфильмдер кинотеатрларда неге ыңғайлы уақытқа қойылмайды
Қазақ тіліндегі анимациялық фильмдер кинотеатрларда неліктен ыңғайлы уақытқа қойылмайды? Жалпы, кинотеатрларды қазақ тіліндегі туындыларды көбірек көрсетуге міндеттеуге бола ма? Кинотеатр дәлізінде ұлттық киноөнімдердің жарнамасы неге қойылмай жатыр? Бұл сұраққа бүгін Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз орталығында өткен брифингте Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының баспасөз хатшысы Айнұр Исаева жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жалпы, бұл әңгіме көптен бері айтылып келе жатыр. Аталмыш мәселе біздің бір осал тұсымыз десе де болады. Алайда, прокат мәселесі, белгілі бір кино сеанстарының көп немесе аз болуы, қай тілде немесе қай уақытта көрсетілуі - өкінішке қарай, киностудияға тәуелді емес. Аталмыш мәселені Мәдениет және спорт министрлігі де шеше алмайды. Өйткені, кинопрокат жүйесі толығымен жекеменшік компаниялардың қолында. Сондықтан, оларға біздің сөзіміз өтпейді. Біз, мәселен, «Күлтегін» анимациясы прокатқа шығардан бір ай бұрын кинотеатрлардың прокат кестесіне енгізіп, олармен арнайы келісімшарт жасаймыз. Ол әуелі алғашқы екі аптаға жасалады. Егер ол фильмге көп адам баратын болса, келісімшартты ары қарай ұзартамыз», - дейді Айнұр Исаева. Оның айтуынша, шынтуайтына келгенде кинотеатрлар кейбір фильмдерді өте ыңғайсыз уақытқа қояды. «Сонымен бірге, олар қазақ тіліндегі туындыларды өте аз қояды. Біз «Кинопарк» жүйесінің пиар-директоры Ерлан Бұхарбаевпен хабарласып, осы мәселені шешу жөнінде талай келіссөз жүргізгенбіз. Ол кісілердің айтуынша, қазақ көрермендері кинотеатрға бармайды. Бірінші қазақ және орыс тіліндегі нұсқасын қатар қояды екен де, сол күні қай тілге көрермен көп келсе, сол тілдегі нұсқасын көптеп қояды екен. Біз Ерлан мырзаға өзіміздің уәжімізді айтып түсіндіре алмадық. Әйтпесе, біздің ресми әлеуметтік желідегі парақшаларымызға, телефонмен де талай кісілер хабарласып, ренішін айтып жатыр. Көрермендер жақсы туындылар шығып жатқанымен, киноеатрлардан таппай жатқанын айтады» деп жатыр», - дейді ол. Айнұр Исаеваның айтуына қарағанда, бұл мәселені алда шыққалы жатқан кинематография туралы заң реттеуі тиіс. «Ол заң шықса, осы мәселенің бәрі түбегейлі жойылады деп есептейміз. Өйткені, ол заңның бірнеше бөлімінде ұлттық деңгейдегі туындыларға жалпыұлттық прокат міндеттеледі. Оның прайм-таймға қойылуы да міндеттелетін болады. Сондықтан, бұл қазіргі ғана мәселе. Заң шықса, мәселе шешіліп, қазақ көрермені өзіне қажетті туындыны қазақ тілінде көре алады дегенге сенемін», - дейді Айнұр Исаева. Өз кезегінде «Қазақфильм» киностудиясының анимациялық кино шығармашылық бірлестігінің басшысы Адай Әбділдә қазақша мультфильмдер мен фильмдерге сұранысты тек көрерменнің есебінен арттыруға болатынын айтады. «Әлеуметтік желі бар. Сұрау да, талап ету де керек. Мен білем, көрермен қазақ тілді контентті көргісі келеді, демек оны талап ету керек. Кинопрокатшылар қазақтілді көрерменнен сұраныс жоқ дейді. Біз болсақ, бар дейміз. Тек көрермен кинопрокатшылардан туындыларды қазақ тілінде талап етуі тиіс. Facebook-тен маған күніне бес хат келеді. Бәрі де қазақ тіліндегі анимацияның ыңғайсыз уақытта немесе негізінен орыс тілінде көрсетіліп жатқанын айтады. «Кинематография туралы» заңда дамыған елдердегідей бұл мәселе шегеленуі тиіс. Мәселен, Қытайда шетелдік фильмдердің үлесі бар-жоғы 30 пайыз ғана. Қалғаны - отандық өнімдер. Олар көбінесе отандық өнімдерге басымдық береді», - дейді Адай Әбділдә.