Қазақстанда Чернобль апатына қатысқандарға Белоруссиямен салыстырғанда 4 есе аз жәрдемақы төленеді. Неге?

Қазақстанда Чернобль апатына қатысқандарға Белоруссиямен салыстырғанда 4 есе аз жәрдемақы төленеді. Неге?

1986 жылдың 26 сәуірі күні Кеңес Одағында ХХ ғасырдағы ең ірі техногендік радиациялық апат орын алды. Украинадағы Чернобыль атом электр станциясының төртінші блогы жарылып, реактор толық істен шықты.

Ағзаға сіңген сәулемен алысып өмір сүргендер
Апат салдарынан радиоактивті заттар, соның ішінде уран изотопы, плутоний, иод-131, цезий-134, цезий-137, стронций-90 қоршаған ортаға таралды. Радиоактивті түтін аймақтан асып, 10-нан аса мемлекеттің 145 мың шаршы шақырым жерін ластады. Кем дегенде бес миллион халық зардап шекті. Оның зардабы қаншалықты ұзаққа баратыны әлі белгісіз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «Апаттан төрт мыңдай адам қаза тапты» деп хабарлады. Бірақ ядролық энергия нысандарына қарсылық танытушылар «100 мың адам құрбан болды» деген дерек келтіреді. Жалпақ әлемді дүр сілкінткен осы бір алапат апат орын алған жерде ерікті-еріксіз түрде болып қайтқан азаматтар елімізде неше мыңдап саналады. «Олардың қазіргі ахуалдары қандай? Үкімет тарапынан тиісті жеңілдіктерін алып жүр ме? Жалпы, Чернобыль атом электр станциясындағы апатты жоюға сол кезде Кеңес Одағынан қанша адам тартылды, олардың барлығы өз еріктерімен барды ма, болмаса сол тұстағы қалыптасқан түрлі саяси жағдайларға байланысты міндетті түрде баруға мәжбүр болды ма?» деген сауалдар кез келген отандасымызды алаңдатары сөзсіз. Осы орайда Шығыс Қазақстан облысы бойынша «Чернобыльдік ардагерлер мен мүгедектер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қанат Раздықовқа жолығып сөзге тартқан едік.
- Кеңес Одағының құрамындағы 15 мемлекеттен шамамен 600 мыңға жуық адам жұмылдырылған болса, соның 32 мыңы қазақстандық азаматтар екен. Қазір солардың бүкіл Қазақстан бойынша тірі жүргені төрт мың 519 адам, яғни 30 пайызы ғана. Олар өз денсаулығы мен өмірін қауіп-қатерге тігіп, бауырлас украин халқының басына ауыр күн туғанда қасынан табылды, көмек көрсетті. Басым бөлігі радиациялық сәуледен зақым алған. Ағзаға әбден сіңіп алған уытты жеңе алмай, арпалыспен өмір сүруде. Өз өмірлері мен денсаулықтарын қатерге тігіп, азаматтық борыштарын орындаған чернобыльдық ардагерлердің бүгінде Үкімет берген жеңілдіктерге көңілі толмайды. Шығыс Қазақстан облысынан апатты ауыздықтауға шақырылғандардың нақты есебі жоқ. Ресми емес деректер бойынша 18-ден 40 жас аралығындағы төрт мың адамның шамасында көрінеді. (бұрынғы Семей облысын қосқанда) Шығыс Қазақстан облысы Қорғаныс істері департаментінің мәліметіне сәйкес қазір арамызда 980 чернобыльдық азамат қана қалған, - дейді ол.
- Сол кезде Үкімет тарапынан «Апат орнына баратындарға кезектен тыс үй беріледі, қоғамдық көліктерде тегін жүру құқығына ие болады және басқа да көптеген жеңілдік түрлері қарастырылады» деген секілді уәделер үйіліп-төгілген еді. Сол уәделердің шапағатын көрген боларсыңдар?
- Уәдені беру оңай болғанымен, орындау қиын. Орыс халқында «Обещанного три года ждут» деген мәтел бар. Біз Үкіметіміздің уәдесін күткелі бақандай 30 жыл болды. Әлі үмітімізді үзбей келеміз. Негізі, Чернобыль апатына қатысушылар Ұлы Отан соғысы ардагерлері мәртебесіне теңестірілген. Бірақ ол тек коммуналды жәрдемақы жөнінен ғана. Мүгедектеріне жыл сайын әскери госпитальдар мен сауықтыру орындарына жолдама беріледі. Басқалай үкіметтен еш жеңілдік жоқ. «Басы ауырмағанның Құдаймен ісі жоқ» дегендей, Үкімет көмектескені сол, 1999 жылы әлеуметтік көмектің барлық түрлерін алып тастады. Атап айтқанда 50 пайыздық коммуналдық төлемді, жылына тегін медициналық тексеру, ауруына байланысты тегін немесе 50 пайыздық дәрі-дәрмектер бөлу, тегін емдеу-сауықтыру орнына жолдама, қала көліктерінде тегін жүру, жылына бір рет пойызд немесе ұшақта тегін жүру және бірінші кезекте үй беру, тағы басқа да жеңілдіктер. Оның орнына ай сайын төленетін арнайы жәрдемақымен алмастырған. Чернобыль АЭС апатының салдарын жойған тұлғаларға арнайы мемлекеттік жәрдемақы бар болғаны 13 мың 900 теңге ғана. Ал мүгедектерге төленетін жәрдемақының көлемі 17 мың 871 теңгені құрайды.

Жартымсыз жәрдемақы ем алуға да жетпейді
- Осының өзін «мәт болды, шәт болды» демей, уақтылы беріп тұра ма?
- Біріншіден бұл жәрдемақы еліміздегі күнделікті бағаның өсу инфляциясы жағдайында дәрі-дәрмек алуға, емделуге кететін шығындардың орнын жаппайды. Мысалы, көрші Ресейде әлеуметтік жәрдемақылар инфляцияға байланысты әр үш ай сайын көтеріліп, реттеліп отырады. Тағы бір мәселе, Чернобыль апатын жоюға бастапқы екі жыл, яғни, 1986-1988 жылдары барғандар мен 1989 жылдан кейінгі барғандарға жәрдемақы айырмашылығы бар. Алғашқы барғандар 10 мың теңге көлемінде жәрдемақы алса, кейінгілері 4 мың теңгені місе тұтып отыр. Бұл арнайы заңмен бекітілген. Чернобыльдық ардагерлер осыны түсінбей дал – дейді бірлестік төрағасы.
Өскемендік Байбатыр Қажығали апат болған жылы Чернобыльға Шығыс Қазақстан облысынан алғашқылардың бірі болып аттанған екен. Апат болған жердегі кезеңді көп еске алғысы жоқ.
– Ол кезде алды-артымызды аңғарып болмаған жаспыз. Оның үстіне көзге көрінбейтін радияцияны ешкім қауіп санамаған-ды – дейді бүгінде өзімен бірге барған азаматтардың көбінің дүниеден өтіп кеткендігіне жаны күйзеліп. - Бірлестіктің мақсаты: Чернобыль апаты нәтижесінде зардап шеккендерге және ядролық объектілердегі апат, сонымен қатар ядролық қарулар сынағына қатысушыларға жан-жақты ықпалды көмек көрсету. Ардагерлердің тізімін нақтылап, олардың мұқтаждықтары мен әлеуметтік мәселелерін қолға алу.
Чернобыль апаты зардаптарын жоюға қатысушы самарлық Қайрат Каймулдинов 30 мың теңге жәрдемақы алады екен. Оның 12 мың теңгесі ғана Чернобыль апатын жоюға қатысқандығы үшін, қалғаны үшінші топтағы мүгедектігіне берілетін жәрдемақы. - Экономикасы Қазақстанмен салыстырғанда дамымаған көрші Қырғызстанда Чернобыль апатын жоюға қатысқандарға 40-45 мың теңге арнайы жәрдемақы тағайындалған. Сондай-ақ, Кеңес Үкіметі кезіндегі жеңілдіктердің бәрі сақталған. Осыны салыстыра келе үкіметтің әлеуметтік қорғалуға жататын санаттағы азаматтарға деген көзқарасын аңғара беріңіз – деп налиды жасына жетпей мүгедек атанған жігіт ағасы.
Бұл бір ғана Чернобыль ардагерлерінің басындағы жайт емес. Қайрат секілді көмекке мұқтаж жандар елімізде мыңдап саналады. Тек олардың мүддесін қорғайтын жан болса. Олар соғыста қан төкпесе де, адам өмірін жалмаған апатты жерде болды. Оларды «Чернобыльдың тірі қалқандары» деп те атайды. Қатарлары жыл өткен сайын Үкіметтің тиісті қамқорлығын көрместен кеміп барады. Әрине, аталмыш апатты ауыздықтауға қатысқан шығысқазақстандықтарды – Отан шақырды. Өз кезегінде олар Отан-Аналарына адалдықтарының дәлелі ретінде қауіпке бастарын тігіп, туысқан халық алдында бауырластық көмек көрсетті. Чернобыль құрбандары бұл борышын міндетсімейді де. Тек, жыл өткен сайын қатары сиреп, радиациялық індеті дендеп, аяқтарынан шалып жатқандығы өкінішті. Адамзат баласының амандығы үшін өткен ғасырдың атом зардабын көзбен көрген, оны залалсыздандыруға қатысқандарға қандай құрмет болса да лайық. Тек, назар салынса болғаны. Қазіргі күні Шығыс Қазақстаннан Чернобыль апатына қатысқандардың 80 пайызы мүгедек көрінеді. Қалғандары жазылмайтын созылмалы ауруларымен күресуде. Оның өзінде, мардымсыз жәрдемақыдан қағылып қалмау үшін мүгедектігін дәлелдеп, жыл сайын сан түрлі құжаттар жинап, міндетті түрде медициналық әлеуметтік сараптау комиссиясынан өтіп отыруға мәжбүр. Ардагерлер жылына бір мәрте 10 күн госпитальде қаралады. Олар жер және көлік салығынан ғана босатылған. Бұдан басқа жеңілдіктер мүлдем қарастырылмаған. Ал республикада мүгедектерге берілетін жәрдемақы көлемі Белоруссиямен салыстырғанда төрт есе аз көрінеді.

Ескерткіш қашан орнатылады?
- Қазіргі уақытта біз үшін ең қиын мәселе – үкіметтің мүгедектерге бөлетін болмашы ғана жәрдемақысы. Айталық, үшінші топтағы мүгедек 31 мың теңге алады. Чернобыльға қатысқандардың жастары қазір 50-ден асты. Уақыт өткен сайын оларды жұмысқа алу мәселесі де қиындай түсуде. Тұрғын үй және жұмысқа тұру мәселесі шешілген жоқ. Өзіңіз де түсінесіз, бұл ақшаға өмір сүру қазіргі жағдайда өте қиын - дейді былтыр ғана құрылған чернобыльдықтар мүддесін қорғайтын қоғамдық бірлестік төрағасы Қанат Раздықов. Оның айтуынша, апат зардабын жоюға қатысқандардың ағзасы радиациямен уланған. Тазалығы 90 пайыз стронций ішкі органдарды зақымдаған. Уранды қалпына келтіру үшін қолданылатын бұл металдың толық ыдырауы 300 жылға, жартылай ыдырауы 28 жылға созылатындығын ескертіп өткен Қ.Раздықов ардагерлердің табысының көбі дәрі-дәрмекке жұмсалатындығын қадап айтты.
Чернобыль апатының ардагерлері мен мүгедектері үкіметтің адамзатты құтқару жолында денсаулығын жойғандарға деген көзқарасының өзгергендігін қалайды. Олар Үкіметке, жергілікті атқару органдарының басында отырған азаматтарға хат жолдап, осыдан ширек ғасырдан астам бұрын жұртты апаттан құтқаруға қатысып, соның кесірінен денсаулығы мен жастығынан айырылған азаматтарға қол ұшын берсеңіздер деген өтініштерін білдірмек. Бұл талаптарын орындату үшін чернобыльдықтар наразылық акцияларын ұйымдастырып, ереуілдер өткізуді жөн деп есептемейді. Олар Чернобыль апатының 29 жыл толуына орай, алдағы күндері Өскеменде Славский жағалауында апат жоюшыларына қойылған тас белгіге барып гүл қою арқылы апат құрбандарына тағзым етпекші. Айтпақшы, сол тас белгінің қойылғанына биыл 21 жыл болады екен.
- Қазақстандағы атом энергетикасының орталығы саналатын Шығыс Қазақстанның орталығы Өскемен қаласында «Чернобыль апаты» зардаптарын жоюға қатысқандарға арналған ескерткіш жоқ» дегенге басқа облыстағы чернобыльдық достарымыз сенбейді, – алайда бұл шындық! – дейді өскемендіктер. – Чернобыль құрбандарына ескерткіш орнату мәселесі ешқашан күн тәртібінен түскен емес. Өкініштісі, біз ескерткіш орнатуды сұраудан жалықпасақ, жергілікті басшылар уәде беруден әрі аса алмай келеді.

P.S. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» деген. Жақын күндері құлағымызға тиген жағымды жаңалықтардың бірі – өткенде облыс әкімі Даниал Ахметовтің халық алдында берген есебі кезінде «Бұл сұрақ аймақ басшысының назарында болсын» деген ниетпен шығысқазақстандық чернобыльдықтар атынан өтініш білдірілген екен. Абырой болғанда, аймақ басшысы бұл мәселеге тосырқап қарамай, толығырақ тоқтала келе, сол жерде Өскемен қаласының әкімі Т.Қасымжановқа тапсырма беріп, мәселенің оң шешім табатындығына сенетіндігін айтыпты. Өз кезегінде қала басшысы да бұл мәселені бірден шешуге кірісіп, Протозанов көшесіндегі облыстық аурухананың қарсы бетіне, Үлбі өзенінің жағасынан ескерткіш орнатуға жер телімін бөлуге шешім шығарыпты. Қазір жердің құжаттары рәсімделіп жатқан көрінеді. Келер жылы Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың 30 жылдығына облыс орталығында елді елең еткізерліктей елеулі ескерткіш бой көтерсе – елдігіміздің белгісі болар еді. 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста