Қазақстандықтар қай елдерге және не үшін кетуде
Елімізге келушілерге қарағанда кетушілердің саны басым, олардың айырмашылығы 20 мыңды құрайды. Қазақстандықтардың елден кету себептерінің бірі лайықты өмір сүру, деп хабарлайды elorda.info тілшісі.
«Сыртқы көші-қонға келсек, 2018 жылы елімізден кеткен және келгендердің арасы 20 мың болды, өкінішке қарай кетушілердің саны басым. Былтыр 29 мың азаматымыз елден көшіп кеткен. Елден кетушілердің 96 пайызы ТМД елдерінде тұрақтайды. Оның ішінде 89 пайызы Ресейге кетеді. Неге кетеді дегенге келсек, көбісі тарихи отанына оралғысы келгендіктен, сондай-ақ сапалы білім алып, жұмысқа орналасу және табыс табу мен лайықты өмір сүруге ізденеді. Иә, кейде жоғары санатты және тапшы мамандар шетелге кетіп жатады. Сол үшін де біз өз елімізде жағдай жасауымыз керек. Ол білім беруден басталады. Себебі көбісі шетелге білім алуға барады да, сол жақта қалып қояды. Бұл мақсатта Білім және ғылым министрлігі жүйелі жұмыстар жүргізіп жатыр», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.
Сондай-ақ министр отандастарымыз көбінесе қай елдерге көшіп кететіндігі туралы тілге тиек етті.
«Қазақстандықтардың көбінесе кететін елдер қатарында алдымен Ресей, Германия және Беларусь елі. Ал Ішкі істер органдарының мәліметінше, ағымдағы жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша Қазақстанға 5,6 млн адам кіріп, әлемнің 200 елінен 5,3 млн шетелдік азамат шығып кетті. Ішкі істер органдарында 1,2 млн, оның ішінде: ТМД елдерінен – 1,1 млн, алыс шетелдерден – 95 мың шетелдік тіркелген. 2 210 жұмыс берушіде 22 мыңға жуық өзге ел азаматы, шетелдік жұмыс күшін тарту квотасы бойынша еңбектенуде», – деді ол.