«Қазақстанның 100 жаңа есімі»: Киелі қазақ өнерін әлемге паш ету – менің ең асыл армандарымның бірі
Өткен жылы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында жастардың үлгі алуына, күн санап дамып келе жатқан жаңа Қазақстанның келбетін танытуға мүмкіндік беретін «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы жүзеге асырылды. «100 жаңа есім» жобасы халқымыздың жасампаз мәдениетін дамыту жолында тер төгіп жүрген азаматтардың еңбегін елге көрсетуге мүмкіндік берді. Мұндай жобалардың қоғамға қандай пайдасы бар? Халықтың рухани жаңғыруына қалай әсер етеді? Енді осы сауалдардың төңірегінде «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Арман Жүдебаевпен сұхбаттасқан едік.
- 100 жаңа есім атану өміріңізге, шығармашылығыңызға қалай әсер етті?
- Бұл жоба жайында Елбасы «Жастар өмірге шынайы көзбен қарап, өз тағдырларына өздері иелік ете алатын азаматтар болуы үшін оларға үлгі ұсынуымыз керек» деп айтқан болатын. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ұлт руханиятын түлетуге түрткі болды деп нық сеніммен айтуға болады. Мен өзімді осы жобаның жеңімпазы атанғаныма бақыттымын деп санаймын. Халық арасында есіміңді құрметпен атап жатса шығармашылық жұмысыңа ерекше рух береді. Болашақта осы атақты одан әрі қазақтың қасиетті күй өнерін бүкіл әлемге паш етуге одан әрі қадірлей білуге қанаттандырады. Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркесторын басқара отырып, оркестр арқылы, қара домбырамыз арқылы осы елге танылдық. Халықтың ықыласына бөлендік. Осындай дәрежеге жетуіміз халықтың арқасы.
Екі ай бұрын ғана Елбасы сізді консерваторияның ректоры етіп тағайындады. Әрине, мұндай қызметке ұзақ жол жүріп, зор еңбекпен жеттіңіз. Десек те, «100 жаңа есім» жобасы сіздің карьераңыздың өсуіне септігін тигізді деп айтуға бола ма?
- Әрине, менің шығармашылық қызметте кең қанат жаюыма үлкен септігін тигізді. «100 жаңа есім» жобасы тек менің қызмет карьерамды ғана емес, барша ұлт руханиятын өркендетуге түрткі болды. Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрының домбырашысы және дирижер дәрежесінен музыка өнерінің қара шаңырағында өсіп өндім. Дүние жүзінің ірі шет мемлекеттерінің беделді залдарында, республиканың түрлі қалаларында, облыстарында, аудан орталықтарында ондаған концерттер өткіздік. Әсіресе, осыдан екі жыл бұрын ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен АҚШ-тың ең белгiлi концерт залы Нью-Йорктегi Карнеги-холлда өз өнерімізді көрсету екінің біріне маңдайына бұйыра бермейтін бақыт. Америка жұртшылығы ұлттық музыкамызды сүйсіне, үлкен қызығушылықпен қабылдады. Тіпті классикалық дүниелерден гөрі, қазақтың күйлерін қайта орындауды сұраған кездері болды. АҚШ-та өткен сондай концерттерде Құрманғазы бабамыздың күйлеріне тәнті болғаны есімде. «Қазақ даласының қандай кең байтақ екенін көзіме елестеттім» деген болатын. Домбыраның да өкініш пен мұңды, қуаныш пен сағынышты баяндайтын үні бар. Әсерлі үнді естір құлаққа жеткізе білу – біз үшін үлкен бақыт. Елбасының мені қазір Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясына басшы етіп тағайындауы мен үшін үлкен абырой әрі үлкен жауапкершілікті жүктеп отыр. Халқымыздың жасампаз мәдениетін дамыту жолына өзімнің үлесімді өмір бойына жалғастыра беруді парызымды деп санаймын. Сол 100 жаңа есім қатарынан ұлттық музыкаға, мәдениетке қосқан үлесім үшін енуімнің өзі үлкен бақыт. Бұл – мен үшін үлкен жауапкершілік. «Армансыз адам қанатсыз құспен тең» деген сөз бар. Арманым мені жетелеп, осындай биіктерге жеткізді. Бүгінде 83 жылдық тарихы бар өнер ұжымының қоржынында 4000-нан астам шығарма бар. 83 өнерпаздың әрқайсысы музыканы мықты меңгерген хас талант. Сол себепті, олардың барлығын ұлттық музыканың ұраншылары деп атауға болады. Сонымен қатар, өнерде, ғылымда болмасын бәсекелестіктің арқасында өз жұмысыңның нәтижесін көруге болады.
- Биыл бұл жоба қайта басталады. Жоба қоғамға не береді? Неге қазақстандықтар жаңа есімдерді білуі тиіс?
- Бұл бастама – жастарды, келешек ұрпақты жаңа жоба мен тың идеяға бастайтыны, жанына жігер дарытып, жақсы іске ынталандыратыны сөзсіз. Елі үшін, жері үшін қандай да бір сауапты іс сіңіріп кетуге ұмтылады. Әрбір адамның мақсаты бұл туған елі мен кіндік қаны тамған атамекеніне еңбек сіңіру, бұл өмірге келуінің де басты миссиясы екендігін сезіне алуы қажет.
- Былтыр алғаш рет өткен соң көп адам бұл жобаның мәнін түсінбеді. Биыл батылы жетіп, бақ сынағалы отырған үміткерлерге не айтасыз?
- Елбасы ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ұлт руханиятын түлетуге түрткі болса, «100 жаңа есім» жобасы халқымыздың жасампаз мәдениетін дамыту жолында тер төгіп жүрген азаматтардың еңбегін елге көрсетуге мүмкіндік береді. Мұндай жетістікке жетудің кілті – еңбекте. Шығармашылық адамы үнемі ізденіс үстінде жүретіні айтпаса да түсінікті. Сондықтан табиғи таланттан бөлек, талмай еңбек ету керек. Бүгінгі жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртып, өскелең ұрпаққа жеткізудің маңызы зор. Бұл жобаның халқымызға берері көп.
Қазіргі Қазақстан қоғамында ұлттық код, тіл, туған жерді қастерлеу, білімді жастарды қалыптастыру және т.б. ел үшін аса маңызды дүниелерді елге таныстыруда маңызы зор. Бұл жоба жастарға деген үлесі басым жастарды алға жетелейді. Яғни, аталмыш жоба жүзден жүйрік шыққан жүйріктерді бәсекелестікке қабілетті болуға итермелейді. Осылайша, мемлекетіміз талантты, білімді, болашағы зор жастарды қолдай аламыз.
- Арман Әділханұлы, қызықты сұхбатыңызға ризашылығымызды білдіреміз! Сізге амандық-саулық тілей отырып, ұжымыңызға толағай табыстар тілейміз!
Назерке Абибулла