Қазақтың келіні қандай болуы керек?!
Жарық дүниеге Жаратқанның бұйрығымен қыз бала болып келген жаратылыс иелерінің барлығы бой жетіп, кезі келгенде оң босағадағы орнын ақ шымылдықтың ар жағындағы жаңа өмірге айырбастауы, солайша бір үйдің, бір әулеттің келіні болуы мүмкін. Бірақ екінің бірі «бүкіл ұлттың келіні» деген абыройлы атаққа қол жеткізе бермейді. Басқа ұлттарды айтпағанда, қазақтай келіннің ақ босаға аттаған күнінен бастап, аяқ алысын сынап, қадамы құтты келінді күтетін халық кемде-кем, тіпті жоқ шығар...
Қазақ қызына қырық үйден, қала берді, есіктегі күңнен де тыйым салып отырған. Осының барлығы не үшін? Онысын халқымыз «ұл тәрбиелей отырып жерді, қыз тәрбиелей отырып елді қорғаймыз» деп түсіндіреді. Міне, бір сөзбен-ақ қадап айтқан. Ендеше, қазақта келін болу – тек өз ұрпағының ғана емес, тұтас ұлт ұрпағының жауапкершілігін мойынға жүктеу деген сөз.
Кешегі қазақ келіндерінің кемеңгерлігі
Тарихқа үңілсек, өзінің ақылдылығымен, данышпандығымен өз ошағының ғана емес, ел-жұртының абыройын қорғап қалған келіндер тапқырлығы жайлы әлі күнге аңыз болып айтылатын әңгімелер қаншама?.. Соның бірі ат тергеу хақында. Ертеректе бір қарияның балаларының аты Қамысбай, Қасқырбай, Қойбай, Қубай, Субай, Қайрақбай, Пышақбай, Баубай, Балтабай екен. Балтабайы үйге келін түсіріп, сол жаңа түскен жас келінді сынамақ болған атасы өзеннің ар жағынан сасқалақтап жүгіріп келіп: «Судың ар жағында, қамыстың бер жағында қойды қасқыр жеп жатыр. Жылдам ауылға хабар бер. Балтабай пышақ қайрап әкеліп, адал бауыздап алсын. Мен қасқырды қуып кеттім», – депті. Мұнысы – «қысылтаяң шақта келінім көргенсіздік танытып, өзінің қайнаға, қайын атасының атын атап қояр ма екен?» деген ойы ғой. Сөйтсе, келіншек не істепті десеңші, шапшаң төбеге жүгіріп шығып, күйеуіне: «Шапқы-ау, Шапқы, шапшаң кел. Сарқыраманың ар жағында, сылдыраманың бер жағында маңыраманы ұлыма жеп жатыр. Атам «жаныманы білеуітке жанып әкелсін» дейді. Өзі ұлыманы қуып кетті», – депті.
Осы секілді ертеректе болған тағы бір оқиға: бір байдың ерке де есер жалғыз баласы біреудің жанынан артық көріп бағалайтын жүйрік атын рұқсатсыз мініп кеткен екен. Оның әлімжеттік жасап, өз байлығын місе тұтпай, өзгенің тәуірін иемденгеніне ыза болған ат иесі әлгі әумесердің отауына қарай ашулана беттейді. Қанша ұр да жық болса да, ат иесінен именіп, айбатынан қорыққан бай баласы қатты сасқаны соншалық, тысқа шығып, істеген қылығы үшін жауап берудің орнына, көзі алақ-жұлақ етіп, үнсіз бүрісіпті. Күйеуінің сасқалақтағанын көрген байдың келіні сол кезде сыртқа шығады да, ызаға булығып, алдындағысын жайпап кетердей болып келе жатқан ат иесінің алдынан шығып, тізесін бүге иіліп, сәлем салады. Қанша айбат көрсетіп, терісіне сыймай ашуланып келген адам болса да, мына көрініске таңғалып, кібіртіктеп қалады. Әрі ашуын тежеп, сабырлы қалыпқа түсіп, келінге батасын береді. Өзін сыйлап, иіліп сәлем салған келіннің ізеттілігі оны осындай күйге түсіріпті. Бай да ұлының айыбын жуып, тұлпарын ғана қайтарып қоймай, ат иесіне шапан жауып, ат мінгізген екен. Бұдан нені байқаймыз? Екі үйдің арасында ұрыс-керіс, жанжалдың болмауына келіннің иіліп бір ғана сәлем салғаны себеп болған.
Халқымызда бір ауылды басқарып отырған бәйбіше, ақылды келіндер де аз емес. ХV ғасырдың аяғы мен ХVІ ғасырдың бас кезінде өмір сүрген қыпшақ елінің қызы Тәттібике шымыр руына келін болып түскен кезінде ел ішіндегі дауға түсіп, билік айтып, ел-жұрттың ынтымағы мен тыныштығын сақтаған адуынды бидің бірі болған көрінеді. Сондай-ақ ХІХ ғасырда өмір сүрген Құдайбайқызы Бидаш есімді әйелдің Би Бидаш деген атпен белгілі би болғаны, биліктері турасында деректер бар. Төле бидің келіні Данагүл туралы аңыз естеріңізде болар? Би осы келінін алғаш көргенде, бойжеткен анадай жерден тоқтап, үлкендерге жол беріп тұрған болатын. Осы бір ілтипаттың өзінен дана би дана қызды таныған. Расында, кейін келіннің парасат-пайымы сынға түспеуші ме еді? Қырық қарақшының қолына түскенде Төле би неліктен ұлына емес, келіні Данагүлге хат жазады? Естеріңізде болса, хат мазмұны былай еді ғой: «Кенже ұлыма құда түстім, соған қырық құнан атан, 20 бура, 8 ақ бас атанымды осы барған адамнан айдатып жіберіңдер. Және оң босағамда тығулы жатқан алтынымды, сол босағамда жатқан күмісімді де қоса жіберіңдер». Оны оқыған қағілез келін атасының астарлы аманатынан оның жау қолында екенін, атан мен бура деп әскер қолын, ал оң босағадағы алтын өзі, сол босағасындағы күміс деп жарын тұспалдағанын дәл тауып, атасын қарақшыдан құтқарып қалған еді ғой. Бұдан шығатын қорытынды, қазақ әйелінің ең басты даналығы – ер адамға деген ізет және үлкенге деген ілтипат. Бұл ер адамға тәуелділіктің белгісі емес. Бұл – азаматқа деген сыйластық сезімі.
Бүгінгі қазақ келіні қандай?
Батырлық және лиро-эпостық жырлар мен қанатты сөз, шешендік толғаулар, қай-қайсысын парақтап отырсақ та, ақылды жар, сұлу да сенімді қалыңдық, байсалды да мейірімді ана-әжелердің біразын көрер едік. Мысалы: Құртқа, Назым, Торғын, Қарашаш, тіпті бері келе Баян сұлу, Қыз Жібек, Ақтоқты, Құралай сұлу, әйтпесе ұлт анасындай болған Абайдың анасы Ұлжан мен әжесі Зере, Шоқанның Айғаным әжесі секілді қазақ әйелдер галереясын тізбектеп шығудың өзінен көп нәрсені аңғаруға болады. Иә, біз батыл анадан, батыр анадан туғанбыз, біз ақын анадан, ақылды анадан туғанбыз. Біз – анамыздың жанарындағы күн нұрынан, кеудесіндегі жүрек жылуынан жаралғандармыз. Ал бірақ қазір осыны қазақ қызы сезіне ме? Қазір біз кімбіз? Қазақтың қызы, қазақтың қарындасы, қазақтың жары, қазақтың келіні, қазақтың анасы, болашақ қазақтың әжесі... осы өмірлік рөлдердің бәрін орындай алып жүрміз бе? Әлде тек қыз, әйел, ана ғана болып жүрміз бе? Кімнің жарымыз? Кімнің анасымыз? Алғаш ақ босағаны аттағанда біз өзіміздің тек бір үйдің емес, ұлттың ұйытқысы екенімізді, қазақтың келіні екенімізді сезінеміз бе? Қарап тұрсақ, осы жолда қазір де бізге үлгі боларлық аналар, әйелдер аз емес. Соның көш басында күллі қазақ келіндерінің символына айналған Батыр атамыз, қаһарман тұлға Бауыржан Момышұлының келіні – жазушы Зейнеп Ахметова апамыз тұрса, Алаштың зиялы азаматы Иманғалидай ұлды дүниеге алып келген Ділдә Тасмағамбет келінінің даналығы жайлы да ел-жұрт аз айтпайды. Билік басында жүрген ханымдардың арасынан отбасын, оның ішінде, өзінің келіндік парызын да мүлтіксіз атқарып, енесінің бабын тауып жүргендердің қатарында депутат Зағипа Бәлиеваның да аты аталады. Белгілі тұлғалардың келіндері ішінен өзі өнерде жүрсе де, өмірлік жарының ата-анасын алақанға салып әпештей білген сұлу актриса Данагүл Темірсұлтанованы атауға болады. Ол – Райымбек Сейтметовтей ардақты тұлғаның келіні. Бұл – тек біздің сырттай қарағанда, көзімізге түскені, ал мұндай үлгі тұтар келіндердің қазақта көп екендігіне күмән жоқ. Алайда бүгінде қазақтың ат тергеу, иіліп сәлем салу деген салттары қолданыстан қалып бара жатқан секілді. Тіпті қонақ келгенде, табақты қалай дұрыс тарту керек, ата-енеге шайды қалай ұсыну керек деген қазақтың тек өзіне ғана тән салт-дәстүрі әр отбасында әдемі жарасымын тауып жүр ме?
Түйін
Осы орайда бір ұсыныс: қазіргі кезде қыз балаға ақ босаға аттаған соң, қайын жұртқа қалай сіңіп, төркінімен қандай қарым-қатынаста болуды, үй шаруасын қалай жақсы атқару жайын, қарапайым ғана шай құю, етті қонаққа кәделеп ұсыну секілді тыңғылықты үйрететін келіндер курсы, тіпті келіндер институты деген арнайы институт ашуды қолға алу керек секілді.