Қазақы кілем келмеске кетіп барады
Жайсаң – төсеніш, ілсең сән болатын қазақы кілем біздің де ұлттық мақтанышымызға айналар-ақ дүние еді. Алайда самарқаулығымыз ба, әлде немқұрайдылығымыз ба – қазақы кілемді ұлттық қолөнер үлгісі ретінде көрсетуден аспай келеміз. Іргедегі түрікмендер қиын кезеңнің өзінде кілем шаруашылығын сақтап қалса, біз беріде, елдің тұрмысы түзелген шақта, еліміздегі жалғыз кілем фабрикасы – «Алматыкілемнің» «жаназасын» шығардық. Осыдан кейін қазақ кілемі қалай өркендесін?
Қазір ел арасында қолдан кілем тоқитын шеберлер саусақпен санарлықтай-ақ қалды. Ол да болса, оңтүстік өңірде ғана. Енді ширек ғасырдан соң қолдан кілем тоқитын жанды емге де таппайтын боламыз. Сонда қазақы кілемді тек мұражайлардан ғана тамашалауға болатын дүниеге айналып шыға келеді. Өрмек құрып, кілем тоқуды үйренейін деген жастар қазір мүлде жоқ деуге болады. Барының өзін бағалай алмайтындар қол кілемді «күйе түседі» деп лақтырып тастайды. Сонау тоқсаныншы жылдары елімізге бельгиялық кілемдердің қаптап кеткені есте. Сол кезеңде ғой, қазақы қол кілемнің төрден ығысып, босағадан орын тепкені. Одан бері де арабтың қалы кілемдері сауданың алдын бермейтін болды. Ал Бельгия мен Испания кілемдерінің атасы осы арабы кілем болатын. Сөйтіп, қазақтың түкті және тықыр кілемдері ұмытылып, шетке ығысты.
Сонау бағзы замандарда қазақ арасында кілемнің намаз кілем, жол кілем, нар кілем, қоржын кілем, мақта кілем, тықыр кілем, масаты кілем, жолақ кілем, түкті кілем, жібек кілем, алаша кілем, төр кілем, төсек кілем, тұс кілем деп небір түрге бөлінгенін біреу білсе, біреу білмейді. Бүгінде біз түкті және тақыр кілем деп, екі-ақ түрі бар деп жүрміз.
Салыстыра қарап отырсаңыз, сан алуан өрнегімен көздің жауын алатын кілемдеріміз түрікмен кілемінен бірде-бір кем емес. Кемшілігіміз – біз осы үлкен жетістігіміздің қадірін білмей, дәріптей алмағандығымыз болса керек. Әйтпесе, бүгінде еуропалықтардың таңдайын қақтырып жүрген гобеленнің шыққан түбі қазақтың тықыр кілемі емес пе еді?!
Соңғы кілемді Қорқыттың ауылынан табасыз
Бірнеше жыл бұрын Сыр бойының кілемдері жайында түрік бауырларымыз зерттеп-зерделеп арнайы жинақ шығарған болатын. Ұршық үйірген әжелер кілемнің жібін әзірлеп, күнұзақ немересін қасына алып отырар еді. Оның тәрбиелік мәні де зор. Ұлттық ұстынымызды сақтауға септігін тигізер еді. Қазақы рухты ұрпақ бойына сіңіруге осындай тірліктің аз көмегі тимейді ғой.
Қызылордалық Қымбат Дүйсенбайқызы апамыз қазақы кілемді тоқуда көптеген ерекшеліктерге мән берілетінін айтады. Әрбір ою-өрнекте жатқан үлкен сыр бар. Ол тұтас бір дәуірдің тынысын білдіреді. Тіпті қошқармүйіз оюының астарына үңілсең, қазақтың тыныс-тіршілігінен мағлұмат алуға болады. Тұрмыстағы өзге де ерекшелігіміз кілем тоқу барысында кәдеге жарап жататын.
Қазақтардың түрікменнен несі кем...
Бізбен салыстырғанда бүгінде түрікменнің қалы кілемінің атағы жер жарады. Алғаш 1869 жылы түрікмен шеберлерінің жәдігері Санкт-Петербургтегі көрмеге қойылып, бәйге алыпты. Содан бері Еуропа жұртшылығы түрікмен кілемі десе, ішкен асын жерге қояды. 1937 жылғы Париждегі үлкен көрмеде түрікменнің қалы кілемі алтын медаль алады. Тәуелсіздік алғаннан кейін бұрынғы «Туркменковер» фирмасын ұлттық атаумен «Түркіменхалы» деп өзгертіліп, мемлекеттік бірлестік құрылған. Қазір осы бірлестік өнімдерін шетелге экспорттайды. Олар көне жәдігерлерінің тінін бұзбай, одан әрі дамытып, ұрпақтан-ұрпаққа жетуі үшін бірнеше шара да ойластырып қойған. Соның айқын дәлелі – 1993 жылы Түрікменстанда түрікмен кілемінің мұражайы ашылуы. Онда ХІІІ ғасырдан бері сақталып қалған ең көне кілем бар. Түрікмен кілеміне ТДС 52-97 халықаралық стандарты берілген. Тәуелсіздік жылдарында елдегі өндіріс орындары жабылып жатқан кезеңде мемлекет тарапынан кілем ісмерлеріне керемет қолдау көрсетілді. Сөйтіп, олар ұлттық құндылықтарын сақтап қалды. Ұлттық мақтаныштарын көкке көтеріп дәріптейтін ағайындар 1992 жылдан бастап Мақтымқұлы айының соңғы жексенбісін «Түрікмен кілемінің күні» деп мерекелеп келеді. Бір қызығы, кілемдер күнін арнайы мереке ретінде атап өтетін әлемде бірде-бір ел жоқ екен...
Тіпті кілемімен әлемді жаулап отырған Иранның өзі де бұл жағынан түрікмендерден кенже қалыпты. Сайып келгенде, Иран жеріне де кілем тоқу өнері Орталық Азиядан барған болатын. Қызылбастардың әлі күнге тақыр кілемді «гелим» деп атауы тегін болмаса керек... Ал бүгінде Эрмитаж төрінен ойып орын алған жер бетіндегі ең көне кілем де кезінде Алтайдағы сақ қорғанынан табылған жоқ па...
Міне, мұның бәрі біздің байлығымыздың қаншалықты кең тарап кеткенін білдіретін болса керек. Бірақ соған мұрын шүйіріп қарап, жатбауыр тартқан тағы да өзіміз емес пе?! Қазір қазақ кілемінің орнын өзге кілемдер басты. Бұл өзімізді-өзіміз босағаға сүйреп жатқандай көрінеді...
Адем САҒЛАМ, түркиялық өнертанушы:
– Сіздер өз кілемдеріңізді бағаламай жүрсіздер. Әйтпесе, қазақы кілемдер тұнып тұрған өнердің өзі емес пе?! Қазақы кілемнің ерекшелігі аз емес. Ол, ең алдымен, ешқандай қоспасыз таза жүннен тоқылады.
Гүлнәр ЖҰБАНИЯЗОВА, қазақстандық өнертанушы:
– Осындай бағалы затымыздың қадірін білмегенімізге қарным ашады. Расында, қазір ел арасында қолдан кілем тоқитын ісмерлер азайып кетті. Шетелдіктердің зауыттан шыққан дүниеден гөрі қолдан тоқылған дүниелерді жоғары бағалайтыны белгілі. Мұражайымызда ХІХ ғасырдікі саналатын кілемдеріміз антиквар ретінде сақтаулы тұр. Оны ТМД аумағында өткізілетін көрмелерге апарып тұрамыз... Кезінде мұражайды жабдықтау үшін өрнектері бар өте көне қоржын, кілемдер керек болды. Оны өйтіп-бүйтіп Қызылқұм ауданындағы бір ісмерге тоқытқан едік. Қазір ол кісі бақилық болып кетті. Әрине, осындай шебер қолды жандардың шәкірттері болмағаны өкінішті...